• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2024

Арашашы

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ
 

Мақсұт орнынан ерте тұрып, беті-қолын жуды. Артынан су жаңа  киімдерін киді. Ол биыл алтыға толып, мектепке барған болатын. 
Сөмкесін асып алып, сабаққа өзі барып келіп жүр. Бастапқыда  әжесі апарып,  сабақ  біткен соң қайта ертіп  келетін. 
– Әже, – деді бір күні ол жолда. – Әжесі жетектеп жүреді екен деп балалар мені мазақтап жатыр. Бұдан кейін өзім келейінші.  
– Жарайды, – деді әжесі бірден мақұл болып. – Ол үшін әуелі жол ережесін біліп алуың керек.
Айтқанындай Мақсұт жол ережесін тез-ақ жаттап алды. Бірінші сыныпқа жаңа барғанына қарамастан ол өте ширақ. Өзіндік мақсаты бар. Апайының  айтқандарын  бұлжытпай  орындайды. Сабаққа мұқият  даярланып, бар ынтасымен ден қояды. 
Сөйткен Мақсұт бүгін сабақтан үсті-басы су болып, жылап келді.  Есіктен кірген жерде айнадан өзін көріп, одан сайын еңіреді.
Мақсұтты көрген әжесі шошып кетті. Қолындағы жұмысын тастай  жүгірді.
– Не болды, Мақсұтжан? Біреу тиісті ме? Әлде арыққа құлап кеттің бе? – деп жеткен бойда немересіңнің таңдайын көтеріп, көзінің жасын сүртіп, бәйек болды. 
Екі иығы селкілдеп, өксігін баса алмай тұрған Мақсұт бас изеуге ғана шамасы келді. Әжесі оны жетектеп жуынатын бөлмеге апарды. Былғанған киімдерін шешкізіп, құрғағымен ауыстырды.
– Енді айт, не болды? – деді сосын баланың жүзіне қарап.
Өзіне-өзі келген Мақсұт басынан өткен жайды баяндай бастады:
– Мен  үйден  шығып,  мектепке  бара  жаттым. Ары таман барғанда көшені су алып  кеткенін көрдім. Суды кешпей, айналып өтіп бара жатқанда құлағыма  қыңсылаған  күшіктің  үні  келді. Қарасам, бір  бұзық  бала кішкентай күшіктерді шалшық суға салып, біреуін батырып жатыр екен. Жаным ашып кетті. Кішкентай күшіктер шалшық  судан шыға алмай тырбаңдап, қыңсылай берді. Ойланбастан бардым да, күшіктерді жағаға шығардым. Келіп тиіспек болған әлгі баланы суға итеріп жібердім. Сосын мектепке кеттім.  Қайтар жолда жаңағы баланың ағасы тосып алып, мені ұрып, суға жықты.
– Әй, жарайсың, балам! Жігіт болды деген осы! Әлсіздерге қамқор  болып, кішкентай күшіктерді құтқарғаның дұрыс болған. Әжесінің ақылды баласы! – деді әже Мақсұттің кекілінен сипап, бетінен  сүйіп. – Ертең жолдан Марс ағаң  келеді. Содан соң  саған ешкім тиіспейтін болады. Өйткені ол боксшы ғой, – деді сосын  Мақсұттың көңілін жайландырып.
Мақсұттың жүзіне қан жүгіріп,  реніші демде сейіліп кетті.
– Болашақта мен де ағам сияқты спортпен айналысып, олимпиада  чемпионы  боламын, – деді  кішкентай  екі  жұдырығын  түйіп,  ауаға кезек-кезек сермеп...
 

1489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы