• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2024

Қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет 70 жаста

Ұлықбек Есдәулет 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал деген ауылда дүниеге келген. Мамандығы – журналист. Кезінде республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Әр жылдары «Жазушы» баспасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы болды. Әр жылдары шыққан он бестен астам кітаптың, алты томдық шығармалар жинағының (2006 жыл) авторы. 
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.Ақынның шығармалары шет тілдеріне аударылған. Өзі де аудармамен айналысқан. Әлем елдері ақындарының, М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Н.Рубцовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.Ұлықбек аталарыңның өздеріңе де арналған туындылары мол. Біз ол кісіні мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін назарларыңа ұсынамыз.

 

 

ҚАЛАМ

 

Қаладағы ағам
Сыйға тартты маған:
«Жақсы оқып, жаз!» – деп,
Кіп-кішкентай қалам.

Қандай жақсы қалам!
Рақмет, аға, саған.
Хат жазайын десем,
Жазуым әлі жаман.
 

 

АНА ТІЛІМ

 

Қазақ тілі – ана тілім,
Көне тілім, жаңа тілім.
Ұрпақтардан – ұрпақтарға
Мұра болып қалатұғын.

Абай тілі, Сәкен тілі,
Бабам тілі, әкем тілі,
Сені сыйлап, қастерлеумен
Мұратыма жетем түбі.

Халқымыздың азаттығы,
Салтымыздың ғажаптығы,
Жасай берер, жайнай берер
Өзің барда, Қазақ тілі!

 

АСТАНА

 

Жаңа қала, жас қала,
Жас болса да бас қала,
Сарыарқаның төрінде
Бой көтерген Астана.

Үйлері бар үлдедей,
Көшесі бар бүлдедей.
Жап-жарық боп тұрады
Күндіз демей, түн демей.

 

СӘЛЕМ БЕР 

 

 

Үлкенді көрсең сәлем бер, 
Басыңды иіп, кідіріп. 
Әдеппен келіп амандас, 
Жанынан өтпей жүгіріп. 

Есен-саулық сұрасып, 
Сәлемдесу – салтымыз. 
Аман болсын қашан да, 
Ардақтаған халқымыз!

 

ҚАРЫНДАШТАР

 

Мынау сары қарындаш,
Мұнымен күнді бояймын.

Мынау қоңыр қарындаш,
Мұнымен құмды бояймын.

Мынау қара қарындаш,
Мұнымен түнді бояймын.

Мынау қызыл қарындаш,
Мұнымен гүлді бояймын.

Мынауым жасыл қарындаш,
Мұнымен нуды бояймын.

Мынауым көк қарындаш
Мұнымен туды бояймын.

Мен суретші боламын,
Қолға қарындаш аламын.

Ақ апамның суретін
Ақ бояумен саламын.

Сонда менің 
қарындашым нешеу?
Біреу, екеу, үшеу, төртеу, 
бесеу, алтау, жетеу!

 

ТЫРНАЛАР

 

Жүр едім мен жылқы іздеп,
Қыр үстінде құраулап.
Көктен көрдім бір тізбек
Самғап ұшқан тыраулап.

Жүгірдім мен тырналар
Жақын жерге қонар деп.
Қонып біздің қырға олар,
Жайылатын болар деп.

Қонбады олар бірақ та,
Ұшып кетті алыстап.
Ал мен болсам қыратта
Қала бердім дауыстап:

– Аспан ашық, дала кең,
Қош болыңдар, тырналар!
Мен сияқты баламен
Дос болыңдар, тырналар!

 

БАҒДАРШАМ

 

Светофор – бағдаршам,
Қарсы алдымда жанған шам.

Күндіз, түні, түс кезі,
Жанып тұрар үш көзі.

Өтер кезде көшеден
Қарап алам неше мен:

Жасыл шамы жанғанда
Алға қарай аттаймын.
Сары шамы жанғанда
Сақтық жасап, тоқтаймын.

Қызыл шамы жанғанда
Қозғалып та жатпаймын.
Көшелерден өтудің
Ережесін сақтаймын.

Бағдаршам ба, бағдаршам –
Пайдалы екен аңғарсам!
 

1561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы