Біз туралы

Балабақша бүлдіршіндері мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Балдырған» республикалық  әдеби  журналы

«Балдырған» журналы 1958 жылдың шілде айынан бастап шығады.

     Журналдың алғашқы бас редакторы аса көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ балалар әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан Мұзафар Әлімбаев. Мұзағаң «Балдырғанды» 28 жыл бойы басқарып, танымал журнал қатарына қосты.

     Журналдың екінші бас редакторы аса көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 25 жыл бойы «Балдырғанды» баласындай мәпелеген Тұманбай Молдағалиев. Тұмағаңның басшылығы кезінде де журнал өз танымалдығын жоғалтпай, балалардың сүйікті журналы бола білді.

      Сол танымал тұлғалардан қалыптастырып кеткен дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Еліміздің әр түкпірінде қазір журналдың 15 мыңға жуық оқырманы бар. Ай сайын белгіленген кесте бойынша өз уақытында түгелдей түрлі-түсті болып оқырмаға жетуде.

       «Балдырған» журналы балалар әдебиетінің Әңгіме,Тақпақ, Өлең, Ертегі, Мысал, Жұмбақ, Жаңылтпаш, Санамақ, Мазақтама, Шарада, Метаграмма, Анаграмма, «Әлем халықтары әдебиетінен», «Әлем халықтары  ертегілерінен»тағы басқа жанрларын толық қамтиды. Бұлар әр нөмір сайын өз кезегімен әртүрлі формада, көркем безендіріліп  оқырманға ұсынылып отырады.

        Сондай-ақ, журнал беттерінде  «Кім тез жаттап алады?», «Бала тілі – бал», «Балдырғанның» достары», «Бастау», «Үш тұғырлы тіл», «Әуелесін әсем ән»,  «Жарайсың!», «Балдырғанның» сурет галереясы», «Кел, ойнайық, балақан!», «Өзің бояп ал!»,  «Балалардан – балаларға», «Қазақ балуандары», «Ислам атаның ізгілік сабағы» сияқты  айдарлар аясында балалар өміріне қатысты қызықты, мазмұнды материалдар да көркем безендіріліп үзбей беріліп отырады.

 Балалардың ой-өрісінің көкжиегін кеңейту үшін журнал беттерінде танымдық дүниелер де жиі беріледі. «Ол кім, бұл не?», «Балдырғанның» Қызыл кітабы», «Оқы, қызық!», «Ойлан, тап!» т.б. айдарлармен жүйелі беріліп келе жатқан танымдық материалдар кішігірім энциклопедиялық сипатпен дайындалады.

 Журнал 2018 жылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан зор үлесі үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.