• БАЛДЫРҒАН
  • 31 Наурыз, 2024

Көктемді күткен суретші

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ
 

Келгеніне талай болса да, Ерлан қалаға сіңісе алмай жүр. Күнде тұнжырап сабақ үстінде терезеге қарайды. Әлдекімді күткендей сыртқа телміріп ұзақ отырады.
Мұны байқаған бейнелеу пәнінің мұғалімі Қалтай ағай  сабақтан соң жеке шақырып алып:
– Ерлан, – деді арқасынан қағып. – Ауылды сағынып жүрсің бе? Көңіл күйің жоқ қой?
Ерлан мүдіріп қалды. Көз алдына туған жері, ата-әжесі елестеді. 
– Қала суық. Түсі де сұп-сұр, – деді сонсоң нақты жауаптан жалтарып. – Көктем қашан келеді, ағай? 
Ағайы күлімсіреп терезеге қарады. Бояусыз, сұр шаһарға көз салып тұрып терең ойға шомды. 
– Мен саған бір құпия үйретейін, – деді біраздан соң тілге келіп. – Басқа ешкімге айтушы болма!
Ерлан елең етті. 
– Ол не, ағай? 
– Көктемді күтпе, өйткені, ол сенің жүрегіңде, – деді ағай сұқ саусағымен көкірегін нұсқап.  
– Түсінбедім, ағай. Қалай сонда? – деді Ерлан тосырқап. 
– Асықпа, қазір түсіндірем, – деді Қалтай ағай тартпасынан кішкене қорап алып шығып. Аузын ашып еді, ішінен әдемі қылқалам шықты.
–Бұл – сиқырлы қылқалам, – деді сосын Ерланға қарап. – Мен мұны мына бояулармен қоса саған сыйға тартам. Айналаңды қалай көргің келсе, сол түспен бояй аласың!
– Мәссаған, – деді Ерлан жарқ-жұрқ еткен қылқаламға таңдана қарап. 
Ағайы суретші баланы ертіп баққа шықты. Бау-бақша да өте өңсіз, сұрықсыз еді. 
– Ал енді, батыр, қаламыңды ал да, қалаған бояуға матырып, сүйкей бер! 
Ерлан бұл сөздің рас-өтірігіне сене алмай, дағдарып қалды. Қолын көтеріп, неден бастарын білмей іркіліп тұрғанда ағайы демеп жіберді. 
– Ерлан, сен сабақты жақсы оқисың. Суретті де көркем саласың. Қане, онда баста! – деді жігерлендіріп. 
Батылданған бала қаламын жасыл бояуға малып – жапырақтарды, қызыл-сары бояуға малып – гүлдерді, ал ақ түспен жеміс гүлдерін кескіндеді. Сұп-сұр үйлерге қаламын тигізгені сол еді, әлгілер жайнап шыға келді. 
– Ағай, – деді бір кезде Ерлан қолын созып. – Аспанды бояйын десем, бойым жетпей тұр. Көтеріп жібересіз бе? 
Ағайы балақайды мойнына мінгізіп алды.
– Ал, қане, көкті қандай түске бояр екенсің, көрейін, – деді жымиып. 
Ерлан мұнартқан аспанды көк бояумен сүйкеп қалды. Сол екен аспан ашылып, мөлдір түске енді. Сары бояумен шашылған күн шуағын салды. Сөйтіп, сұп-суық, сұрғылт қала құлпырып, жайнап кетті. «Көктем оралды» дегендей құстар сайрап, сүйіншілеп ұша бастады. 
Ерланның қуанышында шек жоқ. 
– Алақай, көктем келді, Наурыз келді, – деді айғайлап. Артынан ағайына ризашылық білдіріп, рақмет айтты. 
– Міне, сен салған көктем қандай шуақты! Тура өзің сияқты, – деді ағайы.
– Мен енді Наурыз тойын алуан түрлі бояумен салып, айналаны нұрға бөлеймін, ағай! – деді Ерлан қаламын көкке созып. 
– Бүгінгі жұмысыңа бес қоямын, – деді ағайы мәз болып. 
Сол күннен бастап Ерлан көңілсіздікті ұмытып, Наурыз тойындағыдай шаттанып жүретін болды.
 

1320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы