• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Ақпан, 2024

Ұрысқақ сауысқан

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

(Ертегі)

Орманда «Ұрысқақ» атты сауысқан болды. Ата-анасы оның қыңыр мінезін еркелікке санапты. «Өскенде түзеледі» деп ойлапты. Бірақ, ол түзелмеген. Көзіне кім көрінсе, сонымен ұрса беріпті. Өзімен ойнағысы келген  Қарға  балапанына: «Сен неге қарқылдайсың?» деп, Бүркіт балапанына: «Сен неге саңқылдайсың?» деп, Қырғи балапанына: «Сен неге қабағыңды ашпайсың?» деп, Тоқылдақ балапанына: «Сен неге үнемі ағаш тесіп, мазамды аласың?» деп шүйлігіпті. Сөйтіп жүріп ақыры «Ұрысқақ» атаныпты. 
Ормандағы құс біткен бір күні Үкіге барып:
– «Ұрысқақты» қалай түзейміз? – деп ақыл сұрапты. 
– Не істейсіңдер? Туабітті мінез, – дейді Үкі.
– Сонда ол бүкіл орманды шулатып жүре бере ме? – дейді тұрғындар. 
– Біреуді жазықсыз тілдеген жазасыз қалмайды. Көп асқанға бір тосқан. Жасаған жамандығы алдынан шығады әлі, – дейді Үкі.
– Сонда оны кім жазалайды? – дейді көпшілік риза болмай. 
Сауысқан сол күйі сақылдап, әркіммен араздасып жүре береді.
Күндердің бір күні қуаңшылық жайлап, орманды өрт алады. Аң біткен жан сауғалап, аман қалуға тырысады. Бір-біріне көмектесіп, өрттен құтылудың амалын жасайды. Бірін-бірі құтқарғандар көп болады. Тек қанатын жалын шарпып, ұша алмаған қыңыр Сауысқан ғана назардан тыс қалады. «Көмектесіңдер!» деп қанша айқайлағанмен, ешкім мойын бұрмайды. 
Ол сонда барып өзін ешкімнің сыйламайтынын, жақын досы жоқ екенін біледі. Бәрімен жүз шайысқанын есіне алады. 
Бұл кезде аң патшасына ерген орман тұрғындары қауіпсіз жерге жеткен екен.
– Бәріміз аман сияқтымыз. Тек ұрысқақ Сауысқан ғана көрінбейді. Оны құтқаруымыз керек! – дейді жан-жағына қарап, тамағын кенеген Үкі. 
– Сен барып тауып кел! – дейді Арыстан Барысқа.
Барыс атыла жөнеледі. Көп өтпей құйғытып қайта жетеді. Құйрық-қанаты күйіп, үрпиген сауысқанды әкеп Арыстанның алдына тастай салады. 
– Әне, анау – қалың бұлт. Күткен жаңбыр да жауар, өрт те басылар, қанатың да өсер, Сауысқан. Сен мына аңдардың, аң патшасының алдында, осыған дейін істеген істерің үшін кешірім сұра, мінезіңді өзгерт! – дейді Үкі. – Ешкім жалғыз күн көре алмайды. Мұндай қатер алда да болуы мүмкін.
– Кешіріңіздер! Өткен оғаш қылықтарым үшін бәріңізден кешірім сұраймын! 
Сол оқиғадан кейін Сауысқан расымен өзгереді. Ешкіммен ұрыспайтын, ешкімді ренжітпейтін болады. Бірақ, «Ұрысқақ» деген аты сол күйі қалып қояды. Оны естіген сайын ол күрсініп, қатты қиналады екен.

                Көкшетау қаласы
 

3161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы