• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Ақпан, 2024

Қуат АХЕТ. Өлеңдер топтамасы

Төрт түліктің сипаты

 

ТҮЙЕ

Табандарым тым майлы,
Шөл далаға ыңғайлы.
Орындық бар арқамда,
Балаларға тым жайлы.

 

СИЫР

Сұраса егер жұрт менен,
Ірімшік, май, құрт берем.
Шүйгін болса жем-шөбім,
Тойдырамын сүтке мен.

 

ЕШКІ

Тау мен таста түледім,
Өрісімді білемін.
Жолға салып отарды,
Алға бастап жүремін.

ЖЫЛҚЫ

Көсіледі кең дала,
Мін арқама, кел, бала!
Бәйгеде тек менімен,
Жарысады жел ғана.

ҚОЙ

Ақпын, қара, қоңырмын,
Үндемейтін момынмын.
Қыста киіп алатын,
Жылуы бар тонымның.

 

Төлдер және балақай

 

БАЛАҚАЙ:
Ботақаным үнемі,
Тау арқалап жүреді.
Айтшы, сонда болса мән,
Не үшін керек ол саған?
          
БОТАҚАН:    
Сұрағыңның мәні бар,
Бұл – өркеш қой, танып ал!
Деместен: «Белім бүгілді»,
Көтеремін жүгіңді.
БАЛАҚАЙ:    
Құлыншағым – «Қылқұйрық»,
Сенен озар жоқ жүйрік.
Кескен құрақ қияғын
Неге жұмыр тұяғың?

ҚҰЛЫНШАҚ:
Жолсыз тауда, орманда
Алып жүрем өзіңді.
Қалмау үшін сол маңда,
Тұяқ керек төзімді.
БАЛАҚАЙ:
Бұзауқаным, қалайсың,
Қолымды кеп жалайсың.
Не болды екен қалауың,
Неге таңқы танауың?

БҰЗАУҚАН:
Тыңда, айтайын мен енді,
Саған сүтті берер кім?
Танауыммен түрткілеп,
Идірмесем енемді.

БАЛАҚАЙ:
Қошақаным қоңырым,
Мыңқ етпейтін момыным.
Бойыңды жүн құрсаған,
Не үшін керек ол саған?

ҚОШАҚАН:
Көп қой мұның керегі,
Қыста апаң денені – 
Қорғап жүрер суықтан,
Киім тоқып береді.

 

Іздер

Мынау – ізі жылқының,
Мынау – ізі түлкінің.
Мынау – ізі сиырдың,
Мынау – ізі тиіннің.

Мынау – ізі маралдың,
Мынау – ізі шағалдың.
Мынау – ізі бұланның,
Мынау – ізі құланның.

Аң-құстың әр қадамы,
Жерге белгі салады.
Жыбырласа, артында
Жәндіктен де із қалады.

Жақсы және жаман кім?
Сол өлшемі бағаңның.
Ізі емес артында,
Ісі қалар адамның.

Жүрсе-дағы сән құрып,
Бітірген бір ісі жоқ.
Табан ізін қалдырып,
«Ізсіз» кеткен кісі көп.
 

 

 

5519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы