• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Ақпан, 2024

Мысық пен тышқан

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ

(Мысал әңгіме)

Жылы інінен шыққан тышқан абайсызда мысықтың қолына түсіп қалды. Бидай дәнінен дәмеленген ол екі қадам жердегі тауық қораның тасасында тығылып жатқан мысықты аңдамай қалып еді. 
Алдынға екі аяғының тырнағын қатты батырған мысық тышқанды тырп еткізбеді.
– Мен ашпын, сені қазір жеймін! – деді ол езуін жалап.
–  Жоқ, мені жеме! – деді тышқан жыламсырай қарап. – Үй ішінде жүріп қалай аш боласың? Оданда екеуміз дос болайық!
– Дос болайық дейді... – деді мысық бұл сөзге қарқылдай күліп.
– Иә, дос болайық. Сен мен сияқты жердің астынан ін қазып, қыс бойы суықтан қорғанып, інде жатпайсың ғой. Жып-жылы үйде жүресің. Адамдар сенің басыңнан сипап, еркелетеді. Ал маған олар жылы жүзбен қарамайды. Керісінше, жек көреді. Ал дос болсақ, сен маған үйден нан, ет, бидай дәні, басқа да заттарды әкеп беріп тұрар едің...
Мысық ойланып қалды. Сәлден соң тышқанға қарап:
– Ол үшін менің бір шартым бар, – деді сәл жұмсарып. – Соны орындасаң, сенімен дос боламын. Ал орындамасаң, ренжіме, саған қас боламын – көрген жерде ұстап,  жеп қоямын! 
–  Ол қандай шарт? – деді тышқан сақтана қарап.
– Тыңда! Сен менің иемнің жаз бойы егіп, жинап қойған бидайын ылғи ұрлайсың. Барлық қапты тесіп, тұқымға қойған дәнді де түгел шашасың, – деді мысық сыбырлап. –  Осы әдетіңді қой, мен сенімен дос боламын. 
– Шартың осы ма? – деді тышқан ыржиып. – Уәде берем: енді ешуақытта олай істемейтін боламын. Қолыңды әкел.
Мысық оның сөзіне сенді. Дереу босатып жіберді. 
Ініне кірген тышқан:
– О, маубас мысық! Шартының түрін қара! Орындамаймын мен оны! Бұрын бір қап бидай шашсам, енді екі қабын шашамын! – деді тістеніп.
Алданғанын осы сөзді құлағы шалған соң білген мысық тап беріп, ішке кірмек болып еді, інге басы симай қалды.
Тышқан оның бұл қылығын мазақтап, ішек-сілесі қата күлді...
Содан бері мысық тышқанға ымырасыз жау болыпты. Тамағы тоқ болса да тышқан аңдумен күн кешеді екен. Қолға түсіре қалса, ары лақтырып, бері лақтырып, әбден әлсіретіп, шалажансар қылып барып жейді екен.
Ал тышқан мысықтың қолына түсіп қалмас үшін аса сақтықпен әрекет ететін көрінеді.
 

2051 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы