- БАЛДЫРҒАН
- 27 Ақпан, 2024
Қалың кітап
Елена Стельмах,
белорус жазушысы
– Мен әлемдегі ең әдемі және ең ақылды кітаппын. – Жаңа ғана кітапхана сөресіне қойылған мұқабасы түрлі-түсті кітап жан-жағына маңғаздана қарап, мақтана жар салды.
– Білесіңдер ме, мен өзім болған үйдің бәрінде қадірлі болдым. Мені бәрі құрметтеді. Бәрі қызығып, таласа оқып шықты.
Осы кезде сол сөреде тұрған кітап-бояма мұның сөзіне шыдамай кетіп:
– Сен немене өзіңді ерекше көрсетіп тұрсың? Сенен басқа да мықтылар бар мұнда. Маған дұрыстап қара. Қандай әдемімін. Жарқырап тұрмын. Мен де көп үйде болып, көп балаға қуаныш сыйлағам, – деді ашуға булығып.
– Мен де мақтана аламын. – Енді сөзге іші табиғат туралы тамаша әңгімелер мен керемет суреттерге толы кітап араласты.
– Мен балаларға жер бетіндегі тіршілік атаулыны жақсы көріп, оларды қорғауды үйретемін.
– Болды, қойыңдар! Тапқан екенсіңдер дауласатын нәрсені! – Мұқабасы ескіріп, парақтары сарғая бастаған кітаптың даусы қаттырақ шықты. – Сендер ең көп оқылатын мендегі ертегілерім екенін білесіңдер ме? Адамдар мені күндіз-түні қолдарынан тастамайды. Әсіресе, түнде көп оқиды. Ата-аналардың бәрі балаларын мені оқып беріп ұйықтатады.
– Қадірлі достар! Бәріңнен гөрі мені көп оқитындығы айдан анық қой, – деп, сөзге Әліппе араласты. Көзәйнегін түзеп алды да:
– Адамдарды кішкентай кезінен бастап оқуға үйрететін мен. Мен болмасам олар сендерді оқи алмайтын еді. Осыны ұмытпаңдар! – деді...
* * *
Бұл балалар кітапханасы әртүрлі кітаптарға толы. Олардың бәрі өздеріне көптеген оқырман-дос табуды армандайды. Әрине, бір бала сені кеудесіне басып, қуанышпен үйіне апара жатқаны қандай тамаша! Үйіне апарған соң қадірлеп, көрнекті жерге қойып жатқанының өзі неге тұрады!? Ал кешке қарай досың сені ең жақынындай аялай қолына алады. Мамық орындыққа жайғасып, парақтарыңды аша бастайды. Қандай тамаша! Ары қарай сен досыңды қызық әлемнің тұңғиығына жетелеп кете барасың...
* * *
Бұл кітапхананың іші бір күн де бос болмайды. Мұнда күн сайын көптеген баланың қуанышты жүзін көріп, сыңғырлаған күлкісін естисің. Кітапханашы Елена апай да сондай жайдары жан. Балаларды қатты жақсы көреді. Олардың сұрақтарының біреуін жауапсыз қалдырмайды. Оқыған кітаптары жайлы айтқан әңгімелерін де мұқият тыңдайды.
Жаңағы кітаптар айтысып жатқан сөренің шетінде мұңайып бір қалың кітап жатқан. Оның беттері өте көп болатын. Ол: «Осы қалыңдығымнан-ақ балалар менімен дос болғысы келмейтін шығар» – деп ойлайтын. Достары көп, атақтары дүркіреп тұрған серіктеріне қызғанышпен қарайтын. «Менің оқырманым қашан келер екен?» – деп уайымға салынатын. Кейде өзін жазған жазушыға: «Неге сонша көп жаза берді екен?» – деп ренжитін...
Ваня Дорожкин деген бала кітапханаға өте жиі келеді. Елена апай да бұл ақылды баланы мақтаудан жалықпайды. Ваня кітапханаға келген кезде онымен бұрыннан таныс кітаптар ескі достарын көріп, сірә, бір қуанып қалатын шығар. Ваня да осыны сезгендей оларға қол бұлғап қоятын. «Осылардың арқасында көп нәрсе білдім, ақыл-ойым өсті, кәдімгідей есейіп қалдым» – дейді Ваня да іштей олардың қасына келіп. Бүгін де ол кітапхана табалдырығын көңілді аттады.
– Елена Александровна, қандай жақсы жаңалығыңыз бар? Жаңа кітаптар келді ме? – деді ол апайының қасына жетер жетпестен.
– Әзірше жаңалық жоқ, Ваня. Жаңа кітаптар келесі аптада келіп қалар. Жүр, мен саған бір кітап көрсетейін. Соны оқып көр. Қалың кітап. Сен қазір қалың кітапты оқи алатын дәрежеге жеттің ғой, – деген Елена апай оны таныс сөреге қарай бастай жөнелді.
Ваня сөренің шет жағында тұрған қалың кітапты апайынан бұрын көріп қалды. Тез-тез басып сөреге жақындап, кітапты қолына алды. Бірден мұқабасын мұқият қарай бастады. Биік-биік қамалдардың суреті. Жан-жағының бәрі беймәлім бейнелер. «Қызық кітап сияқты. Бұған дейін қалай көрмегенмін?» – деп ішінен күбір еткен Ваня кітапты ашты. Бірінші бөлімнің басын жылдамдатып оқи бастады. Екі бетін оқып шыққан ол өзінің ғажайып әлемге сүңгіп бара жатқанын сезді.
– Елена Александровна, мынау үлкен олжа ғой. Оңайлықпен таусылмайтын олжа. Мынандай қалың кітаптың ішінде талай таңданарлық қызықтар бар шығар. Маған жазып қойыңыз. Оқып шығайын, – деді Ваня кітапханашыға күлімдей қарап.
Өзіне тағы бір тамаша дос тапқанына мәз болған Ваня тезірек үйіне жетуге асықты. Оның арқасындағы қапшықта тербетіліп келе жатқан қалың кітап та ақылды оқырман тапқанына мәз. Оның жүзіндегі бұрынғы мұң мен уайымнан түк қалмаған...
Орыс тілінен аударған
Дүйсен Мүсірәліұлы
5523 рет
көрсетілді0
пікір