- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қаңтар, 2024
Кәрі арыстан мен қомағай Дэрдэн
(Тибет ертегісі)
Ертеде Нагсю деген ауылда Сүрэн деген біреу ғұмыр кешіпті. Ол жыртық лашық, жамау киімнен басқа түгі жоқ, тақыр кедей екен. Орманға барып, адамдарға отын дайындап, күнелтіпті.
Бір жолы ол орманға барғанда, ағаш қуысында жатқан, әбден қартайған арыстанды көреді. Ол байқұс жүруден, тұрудан қалған екен. Аштан өлуге таяпты. Оған жаны ашыған Сүрэн, өзіне әкелген қатқан ірімшік, бір тостақ талқанды және жарты торсық айранды тең бөліп, алдына қояды.
– О, қайырымды адам, бай бол! – деп бата береді Арыстан.
Берген азықты жеп, жан шақырады.
Сүрэн кәрі арыстанды біраз күн асырайды. Бір күні арыстан оған:
– Көп жақсылығың үшін мен саған бір сыйлық берейін. Таңертең күн шықпай кел және бір қап ала кел! – дейді.
Сүрэн арыстанның сөзін екі етпей, ерте келеді.
– Ей, қайырымды адам, – дейді Арыстан. – Мен қазір аузымды ашам. Сонда қорықпай, қолыңды аузыма сал! Саусағыңа алтын теңге ілінеді. Қалағаныңша алып, қабыңа сал! Бірақ күн шығардан бұрын қолыңды тартып ал. Менің аузым күн сәулесі түскенде жабылады.
Сүрэн айтқанындай жасайды. Қолын арыстанның аузына салып, уыс-уыс алтын алып, қабына сала береді. Аздан кейін қол салуын тоқтатады.
– Күн шығуға әлі бар, тағы ал! – дейді Арыстан.
– Рақмет, Арыстан тақсыр! Осы да жетеді, – дейді Сүрэн.
Орта қап алтынын алып үйіне қайтады. Кейін тапқан алтынына бір қора қодас сатып алып, оларға қора, өзіне жақсы үй тұрғызады. Бірақ күн сайын ұмытпай, арыстанға азық апарып тұрады. Бір күні ол арыстаннан аузына қалай алтын кіргенін сұрайды.
– Сенің шын ықыласпен берген тамағың ішіме барғанда алтынға айналды, – дейді Арыстан. – Мен соны өзіңе қайтардым.
Сол тұста Сүрэнмен көрші Дэрдэн (қомағай) деген сараң бай бар екен. Сүрэнді көрген ол: «Бұл тақыр кедей қалай тез байып кетті? Әлде, орманнан бір қазына тауып алды ма?» – деп, қызғаныштан іші қыз-қыз қайнапты. Тұспалының шындығына жету үшін бір күні өтірік күліп Сүрэнге келіпті.
– Сенің байығаныңа қуанып жүрмін. Ал мен мен кедейленіп барамын. Қалай баюдың жолын айтшы, – дейді көршісіне.
Ақкөңіл Сүрэн бастан кешкен бар шындығын жайып салады. Мұны естіген Дэрдэн қайыршы боп киініп, орманға барады. Кәрі арыстанды табады. Сүрэн құсап оған тамағының жартысын береді.
– Ей, қайырымды адам, мен қазір аузымды ашам, сонда қорықпай қолыңды сал, алақаныңа алтын теңге ілінеді. Соны қалағаныңша ал да, қабыңа сал! Бірақ, күн шығардан бұрын қолыңды ал. Менің ауызым күн сәулесі түсе жабылады, – дейді Арыстан оған.
Қуаныштан есі шыққан Дэрдэн күнде алып жүретін қодастың терісінен тіккен үлкен тұлыбын ашып, қолын арыстанның аузына салады. Айтқандай-ақ, алақанына уыс-уыс алтын ілінеді. Бір уақытта Арыстан:
– Болды енді, күн шығуға таяды, – дейді ескертіп.
Көзі қызарған Дэрдэн «қабым әлі орта, тағы біраз алайын» деп, тоқтай қоймайды. Бір кезде орман арасынан күн сәулесі түседі. Арыстаның ауызы сарт етіп жабылып, Дэрдэннің қолын тістеп қалады.
Дэрдэн орманды жаңғыртып ойбай салады. Сол сәт тұлыптағы алтын теңгелер жыланға айналып, иесінің жан-жағынан кеп, шаға бастайды.
Тибеттіктер арасында қомағай адам көрсе «Дэрдэн құсап қалма!» деп айтатын ұлттық тәмсіл содан қалыпты дейді.
Тибет тілінен аударған
Абай МАУҚАРАҰЛЫ
3812 рет
көрсетілді0
пікір