• Әңгіме
  • 30 Қараша, 2023

Цирк

(Әңгіме)

Таңертең біреу ысқырған соң барсам, Әлихан екен. Қасында інісі бар, ентігіп тұр.
– Сырым, естідің бе? – дейді аман-сәлем жоқ. 
– Нені? – дедім таңырқап.
– Ауданға цирк келіпті. 
– Рас айтасың ба?
– Иә. Шын айтам.  
– Бізді әкем циркке апаратын болды, – деді  осы тұста бауыры сөзге араласып. 
– О, күшті ғой! – дедім қызығып.  – Сонда қашан барасыңдар?
– Ертең. Таңертеңгі автобуспен кетеміз. 
Әлихандар үшін қатты қуандым. Олардың  отбасында бала көп. Әке-шешесі бәріне бірдей маусым сайын жаңа киім сатып әпере бермейді. Кішілері үлкендерінің қысқарған киімін киіп, мәз-мейрам болып жүре береді.  
Үйге кірген соң анама балалармен бірге циркке барғым келетінін айттым. 
– Әкесі, баланы қалаға апарып, бір уақ қыдыртып қайтсаңшы. Цирк келіпті.
Оқып отырған кітабынан көзін алған әкем:
– Сабағыңды жөнді оқи алмай жүріп, циркке барғың келеді, ә! – деді жақатпай.
Арқамнан суық тер бұрқ ете түсті. Мұндай жауап күтпеп едім. Кенет кеше тарих сабағынан бес алғаным есіме түсіп, сөмкемді алып келдім де, бағамды көрсеттім. 
– Бес алдың ба? – деді әкем басын көтеріп. 
– Иә. 
– Жақсы, – деді сосын жымиып.  – Дайындала бер, ертең қалаға барамыз. 
Ертесі ерте қалаға жүріп кеттік. Көрші Жоламан аға ес біліп қалған балаларын түгел ертіп алыпты. Әлихан, Ахмет, Мағжан циркке барамыз деп желпініп жүр. 
Қаланың қақ ортасына тігілген киіз үй секілді ақ шатырға жеттік. Кезекке тұрдық. Кассаның алдына барғанда Жоламан аға қалтасын ақтара бастады. Іздегені табылмай, кенет өңі бұзылып кетті. Оны көрген балалары да үрпиісіп қалды. Мұны байқаған әкем қалтасынан 20 мың теңгені алып, балаларға білдірмей жерге тастай салды. Бұл ақшаны таңертең тігін мәшинесін ала келуге апам берген болатын.
– Жоламан-ау, ақшаң түсіп қалыпты ғой. Байқамайсың ба? – деді әкем іле еңкейіп, ақшаны алып, оның қолына ұстатып жатып.  
Әкемнің жүзіне қараған Жоламан ағаның қарулы қолдары қалтырап кетті. 
Ақша табылып, енді циркке кіре алатын болғанына қуанған балалардың жүздері бал-бұл жанды, дауыстары жарқын-жарқын шықты. Ал мен үшін ең тамаша цирк – әкемнің жасаған жақсылығы болды. Мен әкемнің жасаған ісіне сүйсініп, әкемді бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім. Және өскенде әкем сияқты болғым келді.  
 Үйге келген соң анам:
– Мәшине қәне? – деді әкеме қарап.
– Апа,  дүкен аралауға уақыт болмады. Тігін мәшинесін келесі жолы барғанда алып келеміз, – дедім мен әкем үшін жауап беріп.

3235 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы