• Әңгіме
  • 18 Тамыз, 2023

БӨТЕН БАЛА (әңгіме)

Ел ұйқысынан жаңа тұрып жатканда, бұл біраз жұмысты тындырып қойды. Қаршадай баланың мойнында әлі қыруар шаруа тұр. Қас қарайғанға дейін бір жақты етпесе, қара кемпір тағы да әңгіртаяқ ойнатады. Әбден зәрезап болды. Алаңсыз асыр салып ойнаған кезі есінде жоқ. Көзін тырнап ашқалы ауыр жұмысқа жегілді де кетті. Қора-қопсы тазалайды, малдың жем-шөбін қамдайды, су тасиды, отын жарады, әйтеуір, тыным жоқ. Таңертеңнен нәр сызбаған еді, көзі қарауытып, ала жаздай өзі жинаған маяның үстіне жантая кетті. Көзі ілініп кеткен екен, түсіне анасы кірді.

– Балам, міне, саған жылы қолғап, шұлық тоқып қойдым, тоңып жүрсің-ау, қарның да ашқан шығар, дейді анасы.

 – Иә, апатай, қарным ашты, сен кашан келесің? Мені мұнда неге тастап кеттің, енді бұзық болмаймын, алып кетші, - деп еркелейді ол. Еркеліктен гөрі назы басымырақ.

– Әуез! Ойбай, Әуез деймін! Кемпірдің ащы даусынан шошып оянды. Сен немене ұйықтап жатсың ба? Қараң калғыр-ай, бұзауды қамамапсың ғой.

Бұзауы құрғыр енесін жаңа көргендей желініне сүлікше жабысып алыпты. Кара кемпір каһарына мінді. Енді ұрып жіберуден тайынбайды.

– Өй, көксоққан, көресінді көрдім-ау, сенен. Жатыпішер, не қарағансың өзің? Бүйткенше, неге суқараңғы болып қалмайсың, әй?

Айнала әп-сәтте азан-қазан болды да кетті. Долы кемпірдің мұндай дойыр мінезіне көршілер де көндіккен. Тек баланы обалсынады. Әсіресе, бұдан үш- төрт жасқа үлкен Әуелханның қатты жаны ашиды. Кемпір жоқта Әуездің өмірі түгесілмейтін үй шаруасына қолқабыс етеді. Кейде өзінің су жаңа шайтан арбасын тебуге береді. Ал сондағы байғұс баланың қуанышын көрсең. Ес білгелі көрген тауқыметін бір сәтке ұмытып, дүниеде одан өзге бақытты жан жоқтай көрінеді. Әуелханды көргенде оның іші жылып калатыны да сондықтан.

  • Апа, апа, ұрмаңызшы...

Дауылдай долданып келе жатқан қара кемпірдің сұлбасын көргенде-ақ Әуездің зәре-құты ұшқан. Қарғап-сілегеніне еті өлген, тек қол жұмсамаса екен деп, жанын шүберекке түйіп отыр. Кенет көше жақтан велосипедтің сигналы естіліп, сол жаққа қарай қаша жөнелді. Әуелхан екен, біраздан бері сырттан бакылап тұрыпты.

– Жылдам, мінгес, енді бұл үйге аяқ басушы болма,- деді де жүйтки жөнелді.

Әуез не куанарын, не жыларын білмей келеді. Әуелханның жанында оның көңілі тоқ, бірақ. Тек... «Кемпірдің үйіне барушы болма» дегені ойынан шығар емес. Ол үйге бармаса, енді қайда бармақ?

 – Інім, мықтап ұста, қазір үйге барамыз.

– Кімнің үйіне?

– Біздің, інім, біздің...

Әуелханның «інім» дегені мұның құлағына майдай жақса да, оның мәнісін түсіне алар емес. «Біздің үй» дегенін де ұға алмай дал. Не де болса әліптің артын бағу керек,- деп ойлады ол.

 Әуелхан оны өзінің үйіне алып келді. Шешесі сиыр сауып отыр екен, әкесі көрінбейді.

  • Жүр, қорықпа, бұл үйде сені ешкім ренжітпейді.

Әуез үнсіз үйге кірді. Асүйде Әуелханның үлкен әпкесі Базаркүл ас әзірлеп жүр. Әуезді көргенде аңтарылып тұрып қалды. Іле-шала үйге Орынша апай да шелегін ұстап кірді.

– Пәлі, мына бала қайдан жүр?

– Бұл бала енді кемпірдің үйіне бармайды, бізбен бірге тұрады - деді Әуелхан.

– Бұл сөзінді әкең естімесін, әбден қартайған шағында кемпірді жалғызсыратып, қарғысына қалғың келіп тұр ма?- деп кейіді анасы.

– Кемпір қарғаса қарғай берсін, қаршадай баланың жүрегін ауыртып...

 Осы жерде Әуелхан бар шындықты ақтарып салғысы-ақ кеп тұр. Оған бірақ жүрегі дауаламайды. Әкесінен именеді. Әнебір жолы Бақберді аға ол жайында әңгіме қозғауға үзілді-кесілді тиым салған. Оның үстіне бұл үйде Әуезді атымен атамайды, «бөтен бала» дейді. Бірақ ол бөтен емес, осы үйдің баласы. Әуелханның айта алмай тұрған сыры осы. Әуез екі жасқа толғанда кемпірдің жар дегенде жалғыз баласы Сәтжан соғысқа аттанып, қан майданда қаза тапқан. Сонда ұлының табытын құшақтап жылаған кемпірдің зарлы үнінен құйқа еті шымырламаған жан қалмаған-ды. Тіпті, соқыр Құлбай қарияның да көзінен еріксіз жас шыққан еді деп еске алады көргендер. Бакберді аға өз баласы, кішкентай Әуезді кемпірдің бауырына салып берген сонда. «Төрінен көрі жақын кемпір ғой, аз өміріне алданыш болсын» деп. Ол кезде Әуелхан ес біліп калған еді, бірінші сыныпта оқитын. Бауыр басқан інісін жат үйге қимаса да, әкесіне қарсы келсін бе. Анасы да наразы болған. Тек іштей ғана. Осылайша Әуез бұл үйге бөтен бала болып кете барған. Содан бері бес жыл өтті. Әуез жетіге келді. Баласының халін Орынша апай Әуелханнан біліп, іштей егіліп отыратын. Бірақ өзі ешқашан ол үйге бармайтын. Тіпті сол көшеден айналып өтіп жүретін. Енді міне Әуездің өзі келді. Өз баласы ғой, калайша өзекке тепсін. Әуездің мұңлы жанары Орынша апайдың ет жүрегін елжіретіп жіберді. Еріксіз көзіне жас келді. Әуез аң-таң, өзін кінәлі адамдай сезінді.

– Бөтен бала, шайға кел - деді Базаркүл. Мән-жайға қаныға алмай, үнсіз том- сырайып тұрған Әуез селт ете түсті. «Бөтен бала». Қандай суық сөз еді. Бұған Әуелхан күйіп-пісті:

– Базаркүл әпке, бөтен дегенің не, бұл өзіміздің Әуез, туған ініміз ғой.                                                                                                       

Базаркүл үндемеді. Естімегендей кейіп танытты. Есесіне дастарқанды жайнатып қойыпты. Жайшылықта қойыла бермейтін шақпақ қанттан үс- телдің беті көрінбей қалыпты. Орынша апай да бар жылы-жұмсағын Әуезге ұсынып, айналып-толғанып жүр. Әп-сәтте үй іші көңілдене түсті. Кенет сыртта ат дүбірі естілді.

  • Әкем келді, деп Әуелхан орнынан атып тұрып, сыртқа шықты.

– Мен шайды қайта қояйын, - деп Базаркүл асүйге кіріп кетті. Орынша апай ғана орнынан қозғалмады. Әншейінде түрегеп, отағасының тонын шешуге көмектесуші еді. Бұл жолы өйтпеді. Үй іші құлаққа ұрған танадай. Шыбынның ызыңы ғана естіледі. Сыртта Әуелхан әкесінің атын байлап тұрып:

– Әке, су жылытып, құманыңа құйып койдым, - деп бәйек болып жүр.

– Шешең кайда?

– Үйде.

Әдетте құманға суды Орынша апайдың өзі ғана даярлайтын. «Суды тым салқын, не тым ыстық қылып құйып коясындар» деп балаларға ұстатпайтын. Бүгін алдынан шықпады. Бірақ бұған бола Бақберді ашулана қоймады. Қонақ келгенін сезді. Құдайдың құтты күні қонақ үзілген емес. Сүт пісірім уақыттан соң Бақберді де үйге кірді. Тым-тырыс. Орынша апай, Әуелхан, Әуез үшеуі дастарқан басында әлі отыр.

– Әке, Әуез... -деп Әуелхан күмілжи сөз бастап еді. Әкесі ымдап тоқтатты.

– Балақай, мұндайда жасы үлкендерге сәлем бермеуші ме еді,- деп Бакберді онсыз да зәресі ұшып, дегбірі қашып отырған Әуезге қарады. Сөзінде  бірақ зіл жок.

– Ассалаумағалейкүм, аға, мен, мен...

– Жә, жә, қысылма! Отыр! Апаңның халі қалай?

– Жаман емес.

Бақберді табиғатынан сөзге сараң адам. Әйтсе де, бұл жолы қысылып-қымтырылып отырған Әуезден оны-мұны сұрап, әңгімеге өзі тартып отырды.

–  Сені кемпір жөн-жосықсыз ұра береді дейді ғой, рас айта ма?

 – Жоқ, - деп Әуез төмен қарады.

– Ұрады, ұрады, мен талай рет көрдім, - деп Әуелхан азар да безер.

– Тоқтат!- деп әкесі жекіді.

– Бар, жұмысынды істе!

– Әуезжан, сен де ойнап келе ғой, - деді Орынша апай.

Отағасының қас-қабағына карап, шәй десіп көрмеген әйел тап қазір тым сабырлы. Жүзінде қобалжу жоқ.

– Сіздің не ойлап отырғаныңызды білемін,  - деді Орынша сабырлы калыппен. Ел-жұртты да не дейтінін шамалап-ақ тұрмын. «Баласын бағып-қақтырып, қайта тартып алыпты», деген сөз қинайтын шығар. Маған салса, жұрттың сыпсың сөзінен бала маңызды. Менің айтарым осы.

Бақберді ойын іркіп қалды. Ашуланған да жоқ. Әйелінің бұлайша шешіліп сөйлеуін бірінші рет көріп отыр...

Ымырт үйіріле қара кемпір үйге еңкілдеп жылап кірді.

– Балам-ау, сені жер-көктен іздедім ғой, жоғалып кетті ме деп зәрем ұшты. Осында екенсің-ау, құлыным,- деп өбектеп, Әуездің бетінен қайта-кайта сүйді.

Үлкендердің мәжілісі ұзаққа созылды. Әуелханның дегбірі қашып, төргі үйдегі әңгіменің ауанын білгісі-ақ келіп түр. Бірақ кемпірдің оқтын-оқтын жылаған-сықтаған дауысынан өзге ештеңе естілер емес. Кенет есік ашылып, Бақберді сыртқа шығып кетті. Қатты қобалжулы. Орынша қара кемпірді әлденеге көндіре алмай отырғандай.

– Апа, түсініңізші, бала екі үйге де ортақ қой, сізден оны тартып алайын деген ниетіміз жоқ, бірақ үйге өзі келіп тұрған соң кайтып «кет» дейміз, - дейді.

Кемпір ағыл-тегіл жылап отыр. Аянышты-ақ. Апасының мұндай тосын мінезін бұрын-соңды байқамаған Әуез өзін кінәлі сезінді. Енді «кеттік» деп қолынан сүйресе, кетуге оқталып- ақ тұр.

-Әуезжан-ау, сен мені жалғыз калдырып кеткің келіп тұр ма? Мені аясаңшы,-дейді кемпір жалынғандай. Енді саған қолымның ұшын да тигізбеймін, жүре ғой үйге.

- Апа... мен осында қалайыншы, деп Әуез тағы да басын төмен қаратты...

Не керек, осы күннен бастап бөтен баланың өмірі кілт өзгерді. Ата-анасының, бауырларының ортасына оралған ол өзін өмірге кайта келгендей күй кешті. Орынша да жанына батқан табы байқалады. Әуелхан да қуанып жүр.

– Апа, - дейді Әуез.

–  Ау, құлыным.

– Сізді «Апа» десем бола ма?

– Әрине! «Апа» дей ғой...

 

Қуат ӘУЕСБАЙ,

«Балдырған» республикалық

балалар журналы, 2009 ж.

 

3567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы