• Әңгіме
  • 29 Шілде, 2023

«Қоңыр қонжық» пен «ақ көжек»

Бауыржан Ғұбайдуллин

(Әңгіме)

Алпамыс пен Шыңғыс қаланың балалары. Әзірше екеуі де бастауыш сыныпта. Ағалы-інілі туған бауырлардың арасы бір-ақ жас. Олардың атасы орманшы. Әжелері былтырдан бері зейнеткер. Тетелес екі ұл апа-көкелеріне еріп, ата-әжесіне жиі барып тұрады. 
Алпамыс – дөңгелек жүзді, қоңырқай өңді тіл алғыш балақай. Атасының ормандағы үйіне қыдырып барғанда үлкендер жұмсаса болды, ол екі сөзге келмей ұша жөнеледі. Қағілездігі соншалық, кейде ата-әжесі ауыздарын жиып үлгергенше,  айтқандарын істеп үлгереді. Бірақ, «бала, баланың ісі шала» деген бар ғой. Кейде жұмсаған кісінің сөзін шала-шарпы естіп, тұра жүгіретіндіктен Алпамыс қызық жағдайларға да тап болып жатады. 
Бұлар кезекті бір келгенде амандық-саулықтан соң, бәрі мәре-сәре болып, шай ішуге кіріскен еді. Кенет әжесі:
– Қап, тарс ұмытып кетіппін! Жаңа сендер келісімен газға бір кастрюль сүт қойып едім. Пісетін уақыты болды. Түбі күйіп кетпесін, Алпанжан, жүгір! Газды өшіре қойшы! – деді.
Әжесінің сөзін екі ететін Алпамыс па, лезде шоланға қарай құстай ұшты. Шоланға кірер-кірместен газплитаның ашық тұрған шеткі құлағын жаба салып, дереу қайта оралды. Шайдан соң ас қамымен шоланға барған апасы Алпамысты шақырып, шалағайлығы үшін аздап  ұрсып алды. Өйткені, ол сүттің астын емес, нан пісіп жатқан газдың пешін өшіріп тастапты. Сөйтіп, Алпамыстың алаңғасарлығының «арқасында» нан піспей, керісінше сүттің тасып төгілгені бар. 
Бір үйдің балалары болғанымен Шыңғыстың мінез-құлқы Алпамыстан өзгеше. Әзірше кенже болғасын ба, кірпияз Шыңғысты бір жерге жұмсау өте қиын. Алдын-ала айналып-толғанып, алдап-сулап алу қажет. 
Ара-тұра атасы Шыңғысты:
– Біздің Шәкен кіндік атасына тартқан «қиын» кісі ғой, – деп қағытып қояды. 
– Ылғи шолжаңдата бермей, бір кез қаталдау болсаңыздаршы, – деген әке-шешесінің базынасына олар:
– Ештеңе етпейді. Кішкене өскесін, ақылы кіргесін өзі-ақ қояды. Ертең сендердің немерелеріңе қатал болғандарыңды көрерміз, – деп Шыңғысқа шаң жуытпайды. 
Бірде атасы айтқанды екі етпейтін елгезектігіне сүйсініп Алпамысты:
– Менің сүйкімді қоңыр қонжығым! – деп еркелеткен еді. 
Мұны құлағы шалып қалған Шыңғыс қиғылықты салсын келіп.
– Мен де сүйкімді қонжықпын! – деп, жерге жата қап аунап жатыр.
– Қонжық деген қоңыр болады ғой, балам-ау. Ал, сен ат жақты, ақ құбасың... – дейді атасы оны жұбатпақ болып.
Алайда жеңістік берер Шыңғыс жоқ.
– Мен онда ақ аюдың қонжығымын! – деді  ол едендегі кілем үстінде аунап жатып.
Шыңғыстың бұл қылығына риза болған атасы мен әжесі, апасы мен көкесі әй бір күлкіге қарық болды ғой... 
Содан бері атасы мен әжесі Шыңғысты «Ақылды ақ көжек» деп еркелетіп жүр.

Орал қаласы

2796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы