• БАЛДЫРҒАН
  • 26 Сәуір, 2023

Көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашевтің туғанына 75 жыл

Балалар, халқымыздың көрнекті ақыны, белгілі әдебиет сыншысы, сықақшы, аудармашы Жарасқан аталарың  алғашқы арнаулы білімін Қазалы ауыл шаруашылық техникумында алған екен. Одан соң әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, журналист мамандығын игерген. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында қызмет істеген. 14 жасынан бастап алғашқы өлеңдері жарық көрген ақынның тұңғыш жыр жинағы 1960 жылы шыққан. Содан бастап ол өмірінің соңына дейін тамаша өлеңдерге толы жиырмаға жуық жыр кітабын шығарды. Қазақ поэзиясын биік белеске көтеруге үлкен үлес қосты. Көрнекті ақын атанды. 
Сонымен қатар, ақын қазақ балалар әдебиетінің өркендеуіне де барынша атсалысты. Балаларға арналған алты өлең кітабы жарық көрді. Ақын аталарыңның балаларға арналған әзілге толы қызықты жырларымен бірнеше буын ұрпақ сусындап өсті. Оның өлеңдері қай кезде де өзінің мәні мен маңызын жоймақ емес. Ақынның мерейтойына орай бір топ өлеңдерін назарларыңа ұсынып отырмыз. 

Сабақта

Арланба,
Қорынба,
Айтқанымды орында!
Білесің бе сен өзің –
Бес саусақ бар қолыңда!

Қайтадан бір санап ал,
Құпиясы және бар...
«Бес» алады сондықтан
Қол көтерген балалар!..

 

Бөпесі – көкесі – тәтесі

Аңғал Шыңғыс атақты
Алаңдамай ойынға,
Қызықтайды кітапты
Хайуанаттар жайында.

Танымайсың кей аңды,
Түсінбейсің десек дым:
Бой бермейді
Қоянды
«Бөпесі. – деп, – Есектің!»

Жібермейді намысты,
Жеңер дауға түсіп кім:
Көрсетеді
Барысты
«Көкесі, – деп, – Мысықтың!»

Аспайды да, саспайды,
Тұрсаң-дағы тауып мін:
Тотықұсты
Нұсқайды
«Тәтесі, – деп, – Тауықтың!»

Ойын

– «Қой!» дегенге қоймайсың,
Кешке дейін ойнайсың!..
Қояр кезің болды ғой,
Неге ойынға тоймайсың?!. –

Деп атам да ұрсады,
Деп апам да ұрсады...
Тойғандардың ойынға –
Томпая ма құрсағы?..

Бұған қоса және де
Бар сауалым қоятын:
– Ойын деген немене –
«Тамақ» па екен тоятын?!.
 

Доп ойнау мен көп ойлау

Дейді апам:
– Қарағым,
«Доп ойнаған тозады!»
Одан-дағы сабағын
Көп ойлаған озады...

– Жолын қуып жаманның,
Желікпе, – деп, – бекерге...
Әлгі ақылын апамның
Мақұлдайды әкем де...

...Таласуға болмайды,
Тағар едім жайлап мін:
«Өзі неге қалмайды
Ойынынан «Қайраттың?..»

Қанша қалам?

Қала бардым,
Қалам алдым,
Түр-түсіне қарап алдым.
Қарап алдым,
Қалап алдым,
Қажетінше санап алдым.

Қысқасы бар,
Ұзыны бар,
Қоңыры бар,
Қызылы бар –
Алған едім он алтысын...
Оны бірақ көп көрмедім,
Жақсы көріп көкпеңбегін –
Алдым сұрап және алтысын.

Жасылынан жетеу алдым,
Қарасынан екеу алдым,
Сарысынан бесеу алдым...
Сонда бәрі нешеу алдым?

Неше алдық?

Қиын пәннен сұралып,
Қалды Қанат «бір» алып.
Сөйлеймін деп беталды,
Самат одан «екі» алды.
Мен де сөзден тұсалдым,
Өліп-талып «үш» алдым.
Тастамайтын бар пәнді
Таңат болса «төрт» алды.
Озатымыз қашанғы
Орақ болса «бес» алды.

Жауап таппай қиналып,
Жасама сен осалдық.
Барлығымыз жиналып,
Айтып берші, неше алдық?

Нешеуі қалды?

Жеті жыр кітабым бар-ды:
Жанат бір кітабын алды,
Болат бір кітабын алды,
Болат бір кітабын алды,
Үміт келіп үшеуін алды,
Ал өзімде нешеуі қалды?
 

Қанша доспыз?

Бар еді қос досым,
Қос досым өскесін –
Қос досын әкеліп,
Достыққа қос десін.
Қос досы келді де,
Қосты әйбат бес досын.

Осынау достарға
Мені де қосқанда –
Жұмылса жұдырық,
Ұқсаймыз қос қолға!

Сонда біз баршамыз,
Аңдаңыз: – Қаншамыз?

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы