• Әңгіме
  • 26 Сәуір, 2023

Тасаттық

Бұтында шолақ шалбар, үстінде мәйкіден өзге дәнеңе жоқ тақыр бас Тасқын үйге жүгіріп кірген бойда қалт тұра қалды.
Атасы түскі намазын оқып болып, тасбих тартып отыр екен.
– Тыныш, ақырын! – деді бесінші сыныпта оқитын Тарғын тентек інісіне  қарап. – Атам жайнамазда отырғанда дабырламай ақырын жүр деп қашанғы айтам?! Тыныш отыр!
– Жарайды...    
Қайдағы үндемей отырған! Тасекең  қалтасынан «Samsung» телефонын алды да, бір тетігін басып еді, даңғырлаған музыка естілді. Басын бұлғаңдатып, көздерін тарс жұма әуенге еліткен Тасқынды ағасы бүйірден нұқып қалды.
– Ои-й, қолың батып кетті ғой!.. Атама айтам, – деді Тасқын жыламсырап. Онымен қоймай, бүйірін ұстап отырған жеріне  құлай кетті.
Күмістей ақ сақалы өзіне жарасатын иманжүзді Нұрхан қария жайнамазын бүктеп, орындық үстіне қойды да, малдас құрып, жайғасып отырды.
– Бері таяңдар, – деді ағалы-інілі екі немересіне қарап. – Өткенде  айтқам, ұмытып қалғансыңдар ма?! Қазақтың кез келген мақалы өмірден алынған.  Бәрі үлкен мән-мағынаға ие. «Күннің жаманы кетеді, адамның жаманы кетпейді» деген нақыл бар. Аптап қайтар.  Ай жарымнан асты, жарықтық жаңбыр тамбай тұр, шөп те қурай бастады. Кеше ауыл қарттары жиналып, тасаттық беруге уәде жасадық. Алдағы бейсенбі күні мал сойылып, төбе басында құран оқылады. 
– Оһо, жақсы болды ғой!
– Алақай!.. Бұл – жаңалық!..  – деді  ұлдар  қуанып.
– Жә, дүрлікпеңдер!.. «Сабырдың сарайы – алтынға толы» – деген. 
– Ата, «тасаттық» деген не? Біз білмейміз. Айтасыз ба? 
– Тасаттық – діни ғұрып. Бұл арабтың «тасалдық» – құрбан шалу деген сөзінен шыққан. Қазіргідей  жаңбыр жаумай, шөп шықпаған жағдайда ел-жұрт ортадан мал шығарып, Алладан жаңбыр тілеп, «тасаттық» жасаған. Оның реті былай. Көпшілік жиналып төбе басына немесе өзен жағасына апарып мал сойып, пісіріп жейді де құран оқып, Тәңірге жалбарына жауын тілейді. Ақсақалдардың айтуынша, содан кейін жаңбыр жауған.
Тасаттық жоралғысын балалар тықырши тосты. 
Әуе айналып жерге түскендей  күн ыстық. Ауыл маңы қу тақырға айналған. Қой мен сиырды ауылдан ұзатып, тау бөктеріне немесе шөбі шүйгін жерге жаймаса болмады. Шөп пен егіннің шығуы  нашар. 
Бейсенбі күні бесін намазынан соң Қотырбайтөбе деген жерге барып, Тарбағатай ауылының адамдары жиылып, бірнеше қой сойып, Алладан жарылқау тілеп тасаттық бермек.     
Көп ұзамай Балқыбек молда келді. Жиналған адамдар тасаттыққа деп сойылған еттен асықпай жеді. Одан соң Балқыбек қарт құран оқыды. Қырағат мақамы қандай әуезді! Жүректерді шымырлатып, жан дүниені шарлаған қоңыр дауыс құран үні біразға созылды. 
Сүт пісірім уақыт өткен соң Қарасеңгір тауы жақтан шөкімдей-шөкімдей қара бұлттар шықты да, дауылдатып қатты жел тұрды.  Артынша шелектеп жаңбыр құйып берді. Ел-жұрт екі шақырым жердегі үйлеріне әзер жетті. 
Жұрт у-шу, мәз-мейрам. 
Ертеңінде, сарғая бастаған шөп те, егін де түлеп сала берді.

Толымбек Әбдірайым

189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы