• БАЛДЫРҒАН
  • 26 Сәуір, 2023

Әлін білмеген тышқан

(Мысал)

Ағаштың көлеңкесінде жатқан момақан көк сиыр мал біткеннің көнбісі еді. Үстінде асық ойнаса да мыңқ етпейтін. Оның осы жуастығын басқалармен қатар пайдасына жаратқан кәдімгі сұр тышқан болды. Оның іні ағаштың түбінде болатын. 
Бірде сұр тышқан тысқа шыққан беті көк сиырға бағыт түзеді. Мүйізді көршісі жатыр ма, тұр ма, оған бәрібір еді. Жеткен бойда алдыңғы аяғынан өрмелеп, үстіне шықты да, емін-еркін ойнақ салды. Сонда біраз сайрандап, жоғары-төмен безектеген соң оның алдындағы шөпке түсіп, армансыз аралады. Не керек, көк сиырдың арқасында ол нәпақасын оңай тауып жеп, жұнттай болып семіріп, алаңсыз жүрді.
Бір күні оған бөгде тышқан келіп қосылды. Сонымен олар екеу болды. Кейін қосылған тышқан да талай тығырықтан өткен, әккі қу екен. Не нәрсеге де мән беріп, әліптің артын бағып, сақ жүрді. Осы сақтық болса керек оны талай қысылтаяңнан құтқарып, аман алып шыққан. Сондықтан ол сұр тышқанға еріп, оның тірлігін көзсіз қайталамады.
Бірде көк сиыр бір жаққа кетті де, оның орнын жүні жылтырап, көзі шатынаған қызыл сиыр басты.
– Досым, – деді кірме тышқан бұрыннан бар серігіне сынай қарап. – Саған бір қызық айтайын ба?
– Айт, – деді сұр тышқан. 
– Әңгіме былай... бір жаңалық болып тұр.
– Созбақтамай тез айт.  О не жаңалық?
– Сен ін жағалап жүріп сезбей қалған шығарсың, бізге бір жаңа көрші келді. Жаңа тысқа шыққанда өз көзіммен көрдім.
– Сол да жаңалық па? Сиыр ғой ол. Мен үшін сиырдың бәрібір. 
– Жоқ, бәрібір емес. Олардың түсі, түрі қандай ұқсамаса, мінез-құлқы да ұқсамайды. Сенбесең байқап көр, сен енді мына сиырдың үстіне шығып, сайран салып, ойнақтай алмайсың. 
– Ойнақтаймын,  – дейді сұр тышқан нық сеніммен. – Қара да тұр, сайранды да саламын.
– Жоқ. Мен сенің сөзіңе сенбеймін. Сенікі бос далбаса болып жүрмесін... 
– Далбаса болмайды. Мен өзіме сенемін. Нанбасаң жүр, ойнағанның көкесін көрсетейін саған.
Екеуі тысқа шығады. Кызыл сиыр күйіс қайырып тұр екен.
– Ал, енді қара, – деді сұр тышқан қызыл сиырдың жанына барып, кеудесіне жабыса жоғары өрлеп. Қапталына жете бергені сол еді, көзі шатынаған қызыл сиыр басын сол жағына бұрып, қағып жіберді. Сұр тышқан сол замат жерге топ ете түсті.
– Ой, досым, қалайсың? – деді қасына жетіп барған досы оған сақтана үңіліп. – Айттым ғой. Енді қоя сал, жазым болып жүрерсің.
– Жоқ, ештеңе болған жоқ, – деп орнынан тұрған сұр тышқан дүр сілкінді. – Мені өйтіп қорлама. Мен әлі көрсетемін ойынды.
Солай деген сұр тышқан секіріп барып сиырдың артқы аяғына жармасып, өрмеледі. Сирағын серпіп қалған сиыр оны сонадай жерге ұшырып түсірді. Досы тағы келіп:
– Қой, болды. Енді жоласаң, өлтіреді, – деді.
Сұр тышқанның ашуға булыққаны сонша, тіпті, сөйлеуден қалды. Ақылгөй досына оқты көзін ата қарап, сиырдың артқы санын өрлеп, сол жақ қабырғасына таяды. Дәл сол кезде қызыл сиыр мойнын бұрып, мүйізімен қағып қалды. Үшкір мүйіз жыбырлаған пәлеге тура қадалды. Ақтық рет «шиқ» еткен тышқан мүйізге шаншылып қалды.
Серігінің басынан өткен мына сойқанды көрген әккі тышқан бөгеліп аз тұрды да, ініне сүңгіп кетті.

Дәнеш Ахметұлы

155 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы