• БАЛДЫРҒАН
  • 27 Наурыз, 2023

Белгілі балалар жазушысы Алпысбай Шымырбайұлының туғанына 70 жыл

Алпысбай Шымырбайұлы өткен ғасырдың 60-жылдары сегізжылдық мектепте оқып жүрген кезінде-ақ республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің үздік жас тілшісі ретінде Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне демалуға жолдама алған қазақстандық санаулы балалардың бірі еді. Ол бүкіл саналы өмірі мен шығармашылық күш-жігерін балалар мен жасөспірімдерге арналған мерзімді басылымдарға жұмсады. «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас»,  «Білім және еңбек», «Ғажайып Үндістан» тәрізді газет, журналдарда қызмет ете жүріп, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Үміт құсы», «Қарлығаш ұя салған шаңырақ» атты хикаяттар мен әңгіме, новелла жинақтарын жарыққа шығарды. 
Табиғатынан бала мінезді, балажанды Алпысбай аталарыңның қай-қай туындысы болса да, өз оқырмандарының өресіне әбден лайық. Ол арамызда жүрсе, биыл 70 жасқа толар еді... Мерейлі датаға орай қаламгердің өздеріңе арналған бірнеше туындысын біз журналымызда жариялай отырып, жазушыны оқырмандарымен бірге еске алғымыз келді.

Ойыннан шыққан «мүйіз»

Жексен екеуіміз ойнап жүргенбіз. Таңертеңнен бері үй бетін көрген жоқпыз. Жаз болса-ақ «Ү» әрпі тәрізді айыр ағаштан рогатка жасап, шымшық ататын әдетіміз ғой. Тал бойын қуалап жүріп, бір кез Жексеннің атқан тасы сарт етіп менің маңдайыма келіп тиді. Шекемді ұстап үйге қарай жүгірдім. Апам жолығып:
– Сені күні бойы таба алмадым. Ойыннан мүйізің шықты ма?– деді кейіп. Жай-күйімнің болмай тұрғанын енді аңдады. – Бар болғыр, басыңды шеңгелдеп ұстап алғаның не тағы?
Осы кезде інімнің:
– Апа, апа, қарашы, Дәукеннің «мүйізі» шығыпты! – деп масайрап кеп, күлкіге басқаны. Біреу мазақтап күлсе, жараның сыздайтын әдеті. Екі ортада әлде ініме, әлде өзіме өкпелерімді білмей дал күйде мен тұрмын...
Бұл «мүйіз» сондағы шолжаң еркелікке қойылған «соңғы нүкте» болар-ау.  
 

Ұя
 

Аудан орталығына қатынайтын автобустың ауылға келуі мен кетуі өзінше мереке-ақ! Бүгін автобус адамға лық толы. Ініміз екеуіміз терезеден жолдағы жоталарды «есепке алып» отырғанбыз. Інім бір кезде 
– Ананы қарашы! – деді жерден жеті қоян тапқандай-ақ. – Ұя тұр.
Расында да автобустың төбесінде кәдімгі ұя тұр. Жұмыртқалары бар сияқты. Бозторғайдың ұясы ғой. Бұған дейін автобус шеберханада біраз уақыт күрделі жөндеуде тұрған. Аңғал бозторғай осы кезде ұя салып, жұмыртқалаған ғой...
Біз бәріміз кішкентай ерке құстың аңғал тірлігін ойлап, қатты жабығып қалдық. Енді шофер ағайдың ұяны ауданға барғанда сөзсіз сол маңға алып қоюын өтінбекпіз.
Неге екені белгісіз, осы кезде автобустың жүрдек жүрісі тым баяулап кеткендей көрінді маған. «Тезірек бозторғай ұясын тапса екен!»

Алмұрт

(Апамның  ертегiсi)

Ерте, ерте, ертеде, ешкi жүнi бөртеде қырғауыл жүнi қызыл екен, құйрық жүнi ұзын екен. Қазақ жұртының көшiп-қонып жүрген кезi болса керек.
Бiрде тауда түйе шөккенде бiр бала теңделген бесiктен құлап түсiп қалыпты. Нәресте бiр саялы, мәуесi түбiне төгiлген жемiс ағашының түбiне түседi. Ол алмұрт ағашы болатын.
Бала соның түбiнде еңбектеп күнiн көреді. Қаз тұрып, жүрiп, сол жерге таяу үңгiрге жемiстердi жыл сайын жинап, күнелтiп өсе бередi. Содан ол үлкен жiгiт болады. Мұны бiр түлкi көрiп жүредi. Ол түлкi басқа ертегiлердегiдей айлалы қу емес, өте ақылды, мейiрiмдi түлкi екен... Адам санатына қосылып, бақытты өмiр кешуiне көмектесетiнiн айтады. Алмұрт адамдарға өкпелеп, алғаш көнбесе де, түлкiнің мейiрiмiн көрiп, ол райынан қайтады.
...Содан түлкi Алмұртты ертiп, бiр ел шетiне жетедi. Сосын түкең «баласын» қалың қамыс iшiне қояды.
Өзi хан ордасына барып, ханның қызын баласы Алмұртқа үйлендiрмекшi болып құда түсiп келедi. «Ал мынау қайын атаңның күйеу баласына берген базарлығы, мұны киiп ал!» деп Алмұртқа жаңа киiмдер бередi. Сосын: «Қазiр алдыңнан жiгiт-желең, қыз-келiншек: «Қыз көретiн жiгiттi бiз көрейiк» деп шұбырып шауып шығады. Сонда үстiңе қарай берме. Күлкi болармыз», – дейдi ескертiп.
Жiгiт әлгi киiмдердi кигенде, көркi көз аудартпас сұлу жiгiт болып шыға келiптi. Айтқандай, алдынан жүгiре шыққан топтан бiр жеңгесi қағытып: «Бұл бала өзi киiм көрмеген бе, неге үстiне қарай бередi?» – дептi. Сонда Түлкi iлiп алып: 
–О, оның бұрынғы киiмiн көрсеңiз ғажап едi! Бұған көзi үйренбей тұрғаны да,– дептi.
Содан хан Алмұртқа отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын ұзатыпты.
Той бiткен күнi Алмұрт Түлкiге келiп: 
– Түлкi шеше, ал ендi бұл жасауымды қайда алып бармақпын, үйiм жоқ қой? – дейдi. Түлкi сонда: 
– Еш абыржымағын, Алмұрт! Сонау Ұлантаудың басындағы қасқа жолды көрдiң бе, содан әрi асып,  келе берiңдер! – дептi де, өзi зыта жөнелiптi.
Содан Түкең зымыраған күйi таудан асып, оның арғы етегiндегi жалғыз ғана бiр жұмыртқадай аппақ үйдiң жанына жетiп құлапты.
Бұл осы аймақта тiрi жан иесiне зұлымдығымен күн көрсетпей, неше заманнан берi елдiң зығырданын қайнатқан жалмауыз кемпiрдiң үйi едi. Жалмауыз кемпiр бұл кезде үй жанында күншуақтап отырған. Алдына серең етiп сұлап түскен Түлкiден: «Түкеш, не боп қалды?» – деп сұрады. Түлкi: 
– Сонау тау басындағы бұрқыраған шаңды көрдiңiз бе, шеше, жау келедi! Менi жасыра көрiңiз! – дептi аптығып...
– Онда, шырағым, әуелi менi жасыра гөр! – деп, жалмауыз кемпiр шұңқырға түсiптi. Оны Түлкi сол арада бастырып, берiк бекiтiп тастаған екен.
Түлкi осылай ақылымен бiрге айласын да асырып, жалмауыз кемпiрдiң көзiн жойып, Алмұрттың көшiн қарсы алады. Етек толы үйiр-үйiр жылқы, мыңғырған түйе, сиыр, қора-қора қой... «О, бұл кiмнiң малы?» – десе, «Алмұрттың малы!» – деседi бәрi.
Содан Алмұрт осы үйге түсiп, шаңырақ көтерiп өмiр кешiп жатыпты дейдi.. Бiр күнi Түлкi өтiрiк өлiп қалып, Алмұртты сынамақ болыпты.
Сонда әйелі: 
– Әй, Алмұрт, анау түлкiнiң өлiгiн сыртқа шығарып тасташы,– десе, Алмұрт ойланбастан Түлкiнi құйрығынан сүйрете жөнелiптi. 
Бұған әрең төзген Түлкi орнынан атып тұрып, Алмұрттың жағасынан алып: «Мен сенi адам қатарына қосып, бақытты еткенiмде, анаңа көрсетпегiң осы ма едi?» – дейдi. Алмұрт Түлкiден тiзерлеп тұрып кешiрiм сұрапты: «Бiр бiлместiк өттi. Кешiре алсаң, кешiре гөр балаңды!». Түлкi кешiрiм етiптi.
Сол қайырымды да ақылды Түлкi бiр күнi шынымен өлiптi деседi. Сонда Алмұрт оны арулап, сандыққа салып сақтап қойған екен дейдi.

247 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы