• БАЛДЫРҒАН
  • 30 Желтоқсан, 2022

АЛҒАШҚЫ ҚАР ЖӘНЕ АҚҚАЛА

Мұрат  БАЙДІЛДАҰЛЫ

(Әңгіме)

Қарлыға бүгін әдеттегісінен ерте тұрды. Үй іші жап-жарық екен. Бәрі  алаңсыз  ұйықтап  жатыр. Терезеге барып сыртқа қарады. Даланы аппақ қар  басыпты. «Қалың қар жауғаннан кейін  күн  аздап  жылынса,  қар  жабысқақ  болады. Одан әртүрлі аққала, мүсіндер жасауға болады» деген еді бірде әкесі.  Қуанғанынан қол шапалақтап, орнынан секіріп-секіріп кетті. Іле арт жағынан біреудің ұйқылы үні естілді.

– Не  болды?  Ұйқымды  бұздың ғой! – деп  ренжіген  Жансая  көрпесін  тартып, басын  бүркеп  алды.

– Тез ояныңдар!  Далада  қар  жауыпты! – деп дауыстаған  Қарлығаның  жүзі  бал-бұл  жанды. Кішкентай  жүрегі  дүрс-дүрс  соқты.  

Кешікпей бастарын көтерген бауыр-сіңлілері асығыс орындарынан тұрып, Қарлығаның  қасына келді.                                                  

– Әне,  қараңдар,  далада  түнімен  қар  жауыпты, – деді  Қарлыға  олардың  назарын  сыртқа  бұрып.  Артынша терезе  пердесін  сырып  қойды.

Шынымен, сырт  аппақ  екен.  Ағаш,  үй,  айналаның  бәрі  ақ көрпеге ораныпты.

– Алақай! Қардан Аққала соғатын болдық! – деп бәрі шу етті. Жүздеріне  күлкі  ойнап  шыға  келіпті.                                                         

– Қазір аулаға шығып ойнаймыз! Тезірек беті-қолдарыңды жуып,  шайларыңды ішіңдер! – деді Қарлыға бұйыра сөйлеп.

Сүт пісірім уақыттан кейін олар түгел киініп, далаға шықты. Ауада шыңылтыр  аяз бар екен. Қалың қар адымдарын аштыратын емес. Аулада қарға оранған  кішкентай шыршалар сап түзеп тұр. Құдды бір ақ тон киіп алған қуыршақтар сияқты. 

Балалар шаттанып бір-біріне қар лақтырысты. Бірін-бірі қуалап қар  үстіне аунатты. Әсіресе Марлен мен Арман қар лақтырудан жалыққан жоқ.  Қуанғандары  сонша, біреуі шанасын, біреуі шаңғысын қамдап жатты. 

Дуылдасқан балаларға суық сезілмейтін сияқты. Бәрі бода-бода боп  терлеп, қар домалатып, Аққала соғып жүр. Бірі көмірден көз жасаса, бірі  мұрын орнына сәбіз шаншыды. Мұрты мен сақалын қамыс басындағы  ұлпадан жасады. Аузына жалпақ қабық жабыстырды. Соңында басына ескі  шелек  кигізіп қойды. Күлкілі түріне қарап тіпті де ішек-сілелері қатты.

Бастапқыда жасаған Аққалалары өздеріне ұнамай қалып, оны бұзып,  қайта жасады. Орнықты болу үшін жерге таяқ шаншып, жентек-жентек қарды соның айналасына үйді. Ақыры Аққаланың тұлғасын нық тұрғызды.

– Жетер  енді!  – деді бір кезде Қарлыға. – Дабырлай  бермей, енді басқа нәрсе жасауға кірісіңдер!

Марлен мен Арман аппақ қардан ойыншық қамал және неше түрлі мүсіндер жасапты. Оны көрген балалар таңданып, соларға еліктеп басқа нәрселер жасауға кірісті.  Алдымен қарды жиып таптап, үлкен кесектер ойып алды. Онымен қамалдың  қабырғасын қалады. Ішіне үй салып, оның алдына үлкен сырғанақ жасады.  Үстіне шелекпен су тасып құйды. Бір сағаттай уақыттан соң  сырғанақ көкшіл түске еніп, беті айнадай жалтырап шыға келді.

Енді қыс қызығы – сырғанақ тебу  басталды.  Кішкентай Арманнан бастап   Қарлыға, Жансаяға дейін мәз болып, екі езулері екі құлақтарына жетті. Суық қарыған беттері қып-қызыл болып, кеш батқанша сырғанақ ойнады.

Кешке қарай балалар әбден шаршап, қарындары ашып, үйге қайтты. Шиедей қызарған беттері үйге  кірген соң да қуаныштан бал-бұл жанып тұрды. 

Алғашқы қар жауған күн осылай қызыққа  толы  болып өтті.   

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

76 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы