• Әңгіме
  • 20 Қараша, 2022

Серікбол-Сергей (Әңгіме)

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

– Сүйінжан! Ау, Сүйінжан! Сені Серікбол шақырып жатыр, – деді інісі есіктен басын қылтитып.
Сүйінжан дереу далаға шықты. Жирен шашты Серікбол сыртта, қақпаның қасында тұр екен. 
– Ойнауға келдің бе? – деді Сүйінжан досымен қол алысып амандасып.
– Жоқ. Бүгін уақыт жоқ. Атаңның кетпенін сұрап келдім, атызға барып, арық тазалаймын, – деді Серікбол келген жұмысын айтып.
– Мен де бірге барсам, бола ма? – деді Сүйінжан. 
– Болмағанда. Кеттік онда. 
Екеуі кіріскен соң жұмыс – жеңіл. Лезде аңыз басындағы арам шөп жиналып, арнаға толып қалған қоқыстар сыртқа шығып, арықтар аршылды.
– Осы қара кетпенге қатты қызығам, – деді Серікбол кетпеннің сабын сипап-сипап қойып. – Менің де осындай кетпенім болса ғой, үй шаруасын өзім-ақ тындырар едім.
– Әкеңнің кетпені ше?
– Ой, ол зілқара тас қой. Жерді шамалы шапқасын, екі қарың талып, ентігіп қаласың.
– Біздің кетпенді атам аудан орталығындағы Тұрабай деген ұстаға соқтырыпты. Атақты ұста жүзі қайтпайтын өткір әрі жеңіл қылып істепті. «Жұмыс өнімді болу үшін, құрал-сайман сай болу керек» дейді атам. 
Бір кезде қастарына Серікболдың әкесі Әндірей көке келді. Жолдан өтіп бара жатып екеуін көріп, бұрылыпты. 
Серікболдың қолындағы Сүйінжанның атасының жүзі жалтыраған кетпенін көріп: 
– Серікболға да осындай бір жеңіл кетпен керек. Демалыс күні ұстаға барып, соқтыртып бермесем, – деді баласының көңілін көтеріп.
Әке сөзіне риза болған Серікбол:
– Онда үйдегі бар шаруаны өзім-ақ тындырар едім, – деді қуанып.
– Жұмысты бітірсеңдер, үйге қайтайық. Барып күй тыңдайық, – деді Әндірей көке балаларға қарап.
– Күйді кім тартады? – деді Сүйінжан таңданып.
– Мына тұрған Серікбол, – деді Әндірей көке күліп.
– Сен домбыра тарта аласың ба? – деді Сүйінжан енді досына бұрылып.
– Аздап, – деді Серікбол қызара желкесін қасып. 
– Қазір көресің, – деді әкесі ауылға қарай бұрыла беріп.
Үшеуі үйге келіп, ішке кірді. Әкесі домбыра мен гитараны алып келді қастарына. Әуелі домбыраны ұсынды Серікболға. Домбыраны қолына алған ол құлағын бұрап, күйін келтірді де «Көңіл толқыны» күйін шертті. Кәдімгідей сылқылдатып тұр. Ал артынан гитарамен «Салтанат» күйін орындады. Домбырадай болмағанымен оны да жақсы меңгеріп алыпты. Қатты таңданған Сүйінжан оған әлсін-әлі қызығып қарай берді.
– Тамаша! – деді ол соңында аса тебіреніп. – Апай сенің мынандай өнеріңнің барын білсе, әлдеқашан концертке қатыстыратын еді ғой. Апайға айтайын ба? Мұның бәрін бізден жасырып қайдан үйреніп алғансың?
Серікбол күлімсіреген қалпы әкесіне қарады. Онысы «әкем ғой» деген жауабы еді. Сонан соң досына қарап:
– Апайға айтсаң болады. Өзім де қатысам ба деп жүргем, – деді. 
Серікболдың шын аты – Сергей. Ауылдың бәрі оны осылай атап кеткен. Орыс баласы, бірақ, қазақ ауылында өскендіктен тілі қазақша шыққан. Мектепте қазақ сыныбында оқиды. Үйлерінде де бәрі қазақша сөйлейді. Орыс тілін де жақсы біледі. Серікбол – мектептегі маңдайалды оқушы. Елгезек. Тілалғыш. Ауылда, сірә, осы Сергей-Серікболдан алғысты көп алған бала жоқ шығар. Гитараның құлағында ойнайтын әкесі Андрейді де ауылдастары Әндірей атап кеткелі қашан?!.
 
Төретам кенті,
Қармақшы ауданы, 
Қызылорда облысы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

217 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы