• Әңгіме
  • 29 Шілде, 2022

МАСА БАТЫР МА, ШЫБЫН БАТЫР МА?

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

 

Үй ішінен ызың естілді. 
– Маса!  – деді Алтай елең етіп.
Іле одан да қатты ызың естілді.
– Шыбын! – деді інісі Саян. 
Шыбын шыр айнала  ұшып, аздан соң қабырғаға барып, жабыса қалды. Маса шағайын деп, Алтайға келе бергенде, ол алақанымен ұрып жіберді. Бірақ маса құтылып кетті. Басқа қабырғаға барып қонды.
Саян таңдана қарады да:
– Екеуінің қайсысы батыр? – деді ағасына. Ол бірден жауап берді:
– Әрине, шыбын. Өйткені ол жуан ғой.
Саян басын шайқады.
– Меніңше, маса –  батыр. Бізді шағады. Ал шыбын  – қорқақ.
Алтай жымиды. 
– Кітаппен бастырсаң, шыбын өлмейді. Ал маса мыжылып қалады.
– Менің масам сенің шыбыныңнан қорықпайды, – деді Саян жеңілгісі келмей. – Сенбесең, төбелестірейік.
Екеуі қолдарына шыны банкі алып, аңдуға кірісті. Бір уақытта Алтай абайлап барып, шыбынды банкімен жаба қойды. Шыбын ызыңдап, шынының ішінде  шыркөбелек айналып  ұшты.  
Саян да сондай бір банкамен масаны қамап үлгірді. Сосын қақпақтың орнына абайлап, мөлдір пленканы қойды. Екі банканың аузын түйістіріп, пленканы ақырын тартып алғанда, шыбын зу етіп, маса бар шыныға кірді.
– О-о! Айттым ғой шыбын күшті деп. Маса қорқып қозғалмай тұрғанда, ол, әне, бірден кіріп кетті, – деді Алтай. 
Саян  келіспеді.
– Көрмей тұрсың ба, маса қорқып қашқан жоқ қой! Ашуланып күтіп тұр.
Кәзір көресің, шағады.
Бірақ маса шыбынға тиіспеді. Ары-бері ұшты да, ақыры банканың ішкі қабырғасына жабысып тынышталды. Ал шыбын ыз-з етіп, шыр айналып, ұша-ұша шаршады. Ақыры ол да қабырғаға жабысты.
Саян  таңданды.
– Бұлар неге төбелеспейді?  
– Екеуі бірін бірі танымайды. Сондықтан төбелеспейді, – деді Алтай.
Ойланып қалған Саян оның сөзін  қостады:
– Танымаған соң, төбелесуге  ұялатын шығар.
Алтай басын изеді.
– Иә, таныса, төбелесер еді. Біз балабақшада  бәріміз таныспыз. Сондықтан кейде төбелесіп қаламыз.  
– Бұлар кәзір танысады. Сосын төбелеседі...
Екеуі күте-күте бір кезде әбден жалықты. Алтай банканы шайқап еді, маса мен шыбын  бірдей қозғалып, шынының ішін айнала ұшты. Біраздан кейін тоқтады.
– Меніңше, – деді Саян, – екеуінің де ақылы бар. Сондықтан төбелескісі келмейді.
Алтай басын изеді:
– Иә, олар бостан босқа төбелесетін жынды емес қой...

Суретін салған Ерлан Момбаев

345 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы