• Әңгіме
  • 28 Шілде, 2022

Сауысқан

Сауысқан – торғайтәрізділер отрядына, оның ішінде қарға тұқымдасына жататын 323 құстың біреуі. Денесі қарғадан сәл кішілеу, түзу, ірі қысқатұмсықты құс. Дене тұрқы 45 – 50 сантиметр, салмағы 250 грамдай. Денесінің көп бөлігі қара түсті, тек кеудесі ақ болады. Қанатының кей жеріне ақ араласқан. Соған байланысты қазақтар оны кейде «алақанат сауысқан» деп те айтады.
Сауысқан дүниежүзінің жерлерін түгелге жуық мекен етеді. Біздің еліміздегі өздерің жиі көріп жүретін сауысқандар «кәдімгі сауысқан» деген атауға ие. Олар да Қазақстанның кез-келген жерінде тіршілік етеді. Олар жыл құсына жатпайды. Қысы-жазы бір жерді мекен етеді. Бірақ олар ұяларын көбінесе елді мекендерге жақын ормандардың шет жағындағы ағаштарға салады. Себебі олар қысты күні тамақтарын осы елді мекендердің ішінен тауып жейді. Жалпы сауысқандар көп тамақ таңдамайды. Бірақ негізгі қорегі – құрт-құмырсқалар. Табылып жатса етті де жей береді. Тіпті шөппен де тамақтанады. Олар кейде басқа ұсақ құстардың ұясындағы жұмыртқаларды алып жеуден де тайынбайды. Сауысқан басқа құстардың ұясын бұзып, аздап залал тигізетініне қарамастан зиянды жәндіктер мен ұсақ кемірушілерді құртып, ауыл және орман шаруашылықтарына көбірек пайда келтіреді.
Сондай-ақ, сауысқан өзінің сақтығымен ормандағы басқа да аң-құстарға алдымен шықылықтап хабар беріп, олардың аңшылардан, жауларынан қашып үлгеруіне, тығылып қалуына көмектеседі. 
Орман-тоғай аралап жүрген кезде алуан түрлі құс ұясын көруге болады. Сол ұялар пішіні жағынан бір-біріне ұқсай бермейді. Мәселен, сырт жағына шырпы бұтақ қалап, ішін балшықпен қаптаған, түбіне өсімдіктің жіп-жіңішке шашақ тамырын төсеп, төбесіне «шатыр» жасаған бір ұя бар. Бұл – сақ құс атанған сауысқанның ұясы. Сауысқанның аналығы осы ұяға 5-тен 8-ге дейін жұмыртқа туып, балапан басып шығарады. 
Сауысқан біздің елдің мәдениетінде сақтығымен, сергектігімен орын алған құс. Сауысқан туралы қазақ халық ертегілері мен аңыз-әңгімелерінде аз айтылмайды. Сондай-ақ, сауысқанның кейбір іс-әрекеттерін ырымға да балап жатамыз. Мысалы, кейбір аймақтарда сауысқан шықылықтап үй маңынан шықпай қойса, «үйге қонақ келеді» деп ырымдаса, ал кейбір жерлерде жаманат хабар келеді деп жорыған. Ал жолаушының маңынан шықылықтап ұзап кетпей қойған сауысқанды жақсылықтың жаршысы деп санаған. 

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

Сауысқан – әлемдегі ең ақылды құстардың бірі саналады. Сонымен қатар, сауысқан – айнадан өзін тани алатын әлемдегі жалғыз құс.
Сауысқан бір көрген адамын екінші рет көргенде тани алады екен. Онда да оны дауысынан, не болмаса иісінен емес, бет-әлпетінен таниды екен. Мұндай қабілет қолға үйретілген кейбір құстарда ғана болуы мүмкін екен.
Сауысқандар жылтырақ заттарды өте жақсы көреді. Сондықтан да олар көзіне түскен ондай заттарды ұясына тасып әкетеді.
Сауысқанның құйрығы өзінің денесінен ұзын екен.

375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы