• Ертегілер
  • 29 Маусым, 2021

КӨЗІЛДІРІКСІЗ КӨЖЕК (әңгіме-ертегі)

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Қала іргесіндегі тау етегінде Қоңыр деген қоян өмір сүреді. Саяхатшылар жолынан алыста, қалың бұтаның ішінде оның үйі бар. Сақтық үшін ол осы жерді таңдаған. Үйінің кірер есігі тар болғанмен, іші кең. Көжектеріне барлық жағдай жасалған. Ас үй, жатын және сабаққа дайындалатын бөлме. Осыны жасақтау үшін көп тер төкті. Есесіне, міне, екі көжегі емін-еркін өсіп келеді.

Қоңырдың көп уақыты көжектеріне тамақ іздеуге кетеді. Сыртта қасқыр, түлкі сияқты жыртқыштар бар. Солардан айналып өтемін деп көп уақытын жоғалтады. Екі көжек ұзақ уақыт өздері қалады. Анасының айтқанын орындамайтын көбінде Батыр есімді көжек. Қолын жумай тамақ ішеді, кейде асын төсекке әкеп жейді, Ас үйдің шамын сөндіруді үнемі ұмытады. Қарындасы Батылгүлді тыңдамайды.

Біраздан соң Батылгүлдің өзі де ағасына ілесіп, ойынға кіріседі. Компьютермен тапсырмаларын орындаған соң Батыр бірден ұялы телефондағы ойынды бастайды. Батылгүл үй ішін жалғыз жиып, ыдыс-аяқты жалғыз жуады. Содан соң барып, ол да телефонын қолына алады.

Бір күні Батырдың көзі нашар көретін болып қалды. Тіпті, үй ішінде әр нәрсеге соғылып, қиналды. Анасына бар жұмысын тастап, оны көз дәрігеріне апаруына тура келді.

Екеуі жолға шықты. Орман ішінде анасына еріп келе жатып Батыр неше мәрте құлады. Бір сүрінгенде ағаш бұтағына бетін сүріп, қанатып алды. Әлдеқайдан ит дауысын естіп, жүрегі дүрсілдеді. Ақыры көз дәрігеріне де жетті.

– Шамасы, көжегіңіз компьютер алдында ұзақ отырады. Ұялы телефонға жиі үңіледі, – деді дәрігер тексеріп болған соң. – Мына дәрілерді тамызыңыз. Жаттығу жасатыңыз. Сосын, компьютер мен телефон пайдалану уақытын шектеңіз. Әйтпесе, көзінің көруі мұнан да төмендейді!

Осыларды қатаң ескерткен дәрігер артынан көзілдірік берді.

Көзілдірік киген көжектің көзі ашылғандай болды. Ол қатты қуанды. Соны байқап қалды ма дәрігер:

– Есіңде болсын, Батыр! Егер айтқанымды орындамайтын болсаң, көзілдірікпен де көрмейтін болып қаласың! – деді қатаң ескертіп.

– Жалпы, – деді соңында қолын сүртіп жатып. – Көзілдірік кидім, болды, мәселе шешілді деп ойлама. Жүгіріп, секіріп жүретін қояндар үшін көзілдірік кию өте қолайсыз және қауіпті! Көзілдірікпен аш қасқырдан қашып құтыла алмайсың! Қысқасы, ендігінің бәрі өзіңе байланысты!

Күн жылынған соң Батыр қарындасымен бірге көрші көжектермен ойнауға шықты. Олар мұның көзілдірік кигенін көріп таң қалды. Ойнап жүргенде көзілдірігін қайта-қайта түсіріп алып, таба алмай қиналды. Ондай кезде достары көмекке келді. Дегенмен, мұндай қолайсыздық оны қатты қынжылтқан еді.

Осы жағдайлар оған сабақ болып, содан былай ол дәрігер берген дәрілерді уағында тамызып, көзіне жаттығулар жасап жүрді. Телефонын оқта-текте, қажеттілік болғанда ғана қарады. Сондай тиянақты әрекет ақыры нәтижесін берді. Батырдың көзі жазылды. Көзілдірік кимейтін болды. Қазір ол көрші көжектермен жарысып, секіріп ойнап жүр.

Көкшетау қаласы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

1048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы