• Ертегілер
  • 31 Наурыз, 2024

Балта туралы ертегi

(Армян халық ертегісі) 

 

Күндердің бір күнінде бір жас жігіт жұмыс іздеп, алыс елдерге сапар шегіпті. Ақырында ол керемет бір ауылға тап болыпты. Бұл ауылдың тұрғындары биік-биік ағаштарды қолымен-ақ құлатып, бұтақтайды екен. 
– Бауырлар-ау, сендер ағашты неге қолдарыңмен құлатып жатырсыңдар? – деп сұрайды жас жігіт олардан. – Сендерде балта жоқ па? 
– Балта дейсің бе? Ол не? – деп сұрайды тұрғындар.
– Жас жігіт белінен балтасын суырып алады да, бір демде биік ағашты құлатып, бұтақтарын шауып, отын дайындап, оны мұқият текшелеп жинап қояды. 
Бұны көрген ауыл тұрғындары үйлеріне қарай жүгіріп: 
– Барлығың мұнда келіңдер, Балта-жанның не істегенін көріңдер! – дейді айқайлап. 
Адамдар жиналады. Жігітті қоршап алған олар одан балтаны алай сұрайды, былай сұрайды, «сат» деп жалынады, «ауыстыр» деп өтінеді. Жігіт ешқайсысына көнбейді. Ақыры ауыл тұрғындары оның балтасын тартып алады. Балтамен өздері жұмыс істеп көрмекші болады. 
Бірінші болып балтаны ауылдың старостасы қолына алып сілтеп қалғанда, аяғының саусақтарын шауып түседі. 
– Балта-жанды жын ұрды! Ол менің аяғымның жартысын шауып түсті, – деп, аяғы ауырған староста ауылды айналып жүгіреді. 
Ауыл адамдарының бәрі қолдарына бір-бір таяқ алып, балтаны сабай бастайды. Балтаның несі кетеді? Жатқан жерінде мыңқ етпей жата береді. Бұны көрген тұрғындар балтаны отқа жақпақшы болады. Оның үстіне отын жинап, от қояды. От жанып біткенде, күлді ақтарып, қып-қызыл боп жатқан балтаны көреді. 
– Ах, Балта-жан, ұялғаннан қып-қызыл болып жатырсың ба? Саған сол керек! Сен бізге қанша бәле алып келдің, әлі қаншасын алып келмексің? Сондықтан сені түрмеге отырғызу керек, – дейді жұрт. 
Айтты, орындалды. Қып-қызыл боп күйген балтаны старостаның қоймасына тастайды. Қойма толған шөп екен. Балтаның ыстығынан шөп жанып, үлкен өрт болады. Өрттің жалындаған тілдері көкке жетеді. Қорқып кеткен ауыл тұрғындары жігіттің артынан қуып жетіп: 
– Жігіт, Құдай үшін, бізді Балта-жанның ашуынан құтқара көр. Балта-жан бізге қатты ашуланып, өшін алып жатыр, – деп жалынады.
Жолаушы жігіт қайтып барып, балтасын алып жолына түседі.

Орыс тілінен аударған Бибісара ҚАЙЫМОВА
 

1304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы