• Ертегілер
  • 30 Қараша, 2023

Сарыауыздың саяхаты

(Ертегі-хикаят)
 

Ақ тауық басы қылт-қылт етіп, жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді.
– Қыт-қыт! Жемге тойдыңдар. Қорадағы ұяға барып, демалайық, – деді.
Балапандар іркес-тіркес шұбырып, соңынан ілесті. Бірақ ең кішкентайы Сарыауыз жем салған ақ табақтың тасасына тығылып қалды. Өйткені, бір титімдей қыздың орындықта жалғыз отырғанын байқап қалған еді. Біреу тастап кетті ме, әлдеқайдан өзі келді ме, белгісіз. Бәлкім, адасып кетіп, шаршаған соң, тынығып отырған болар. Мұңайған сияқты, үн-түнсіз. 
Орындық үйге таяу. Сонда да оны ешкім шақырмайды? Неге ешкім тамақ бермейді? Әбден қарны ашқан шығар. 
Солай сіресіп отыра бергенге, іші пыспай ма? Қасында ешкім жоқ. 
Неге? 
Бағанадан бері бір жаққа қарап отыр. Қара көздері жылтырап, қайда қарайды? Не үшін кірпік қақпайды? Шаршамайтын қандай көз? Түсініксіз. 
Қатырып тастағандай қозғалмайтыны несі? Сірә, жалғыз өзі ойнағысы келмейді. Әлде қорыққаннан сіресіп отыр.
Мә-әс-саға-ан! Әне, бір үлкен, жуан қара қоңыз ызылдап ұшып келе жатыр. Қап-қара, түкті аяқтары қысқа тікендер секілді. Әне, қыздың қалың, қап-қара жібектей шашына қонды. Қуанғандай құнжыңдап жүр. Инедей аяқтары қыздың басын тесіп жібермей ме? Немесе қатты бүріп жіберуі мүмкін-ау. Бірақ қыз әзірге қорқатын емес. Тып-тыныш, жайбарақат. Не деген батыр! 
Әне, бір қарлығаш қанаты суылдап, төбесінде айнала ұшып жүрді де, тізесіне қонды. Тұмсығымен қыздың балтырынан түртіп-түртіп көрді. Қытығы жоқ па, түк те күлмеді. 
Сарыауыз танысқысы келді. Ақырын-ақырын басып, жанына жақындады:
– Сенің атың кім? 
Қыз жауап бермек түгіл, бұрылып та қарамады.
– Қорықпа, мен саған тиіспеймін. Солай отыра бересің бе? Жүр, ойнаймыз.
Қыз үндемеді. Қыбыр ететін емес. Ешқандай жауап жоқ. Сарыауыз аузын ашып, еріксіз таңданды: 
– Сен менен дә-әусің, сонда да сөйлей алмайсың ба? Мен сияқты «шиқ-шиқ» етіп көрші. Солай қайталай берсең, сөйлеуді үйреніп кетесің.
Қызда үн жоқ.
– Менімен сөйлескің келмей ме? 
Титтей қыз бәрібір селт етпеді. Сарыауыз не істерін білмей:
– Мен саған өкпеледім. Неге менімен ойнамайсың? – деді, жылағысы келіп.

Аспандағы құмырсқа. Парашют жапырақ

Кенет жіңішкеден де жіңішке, нәзіктен де нәзік  дыбыс сызылып естілді:
– Босқа  ренжімесе-ейші.
Сарыауыз жан-жағына таңдана қарап, ешкімді көре алмады:
– Бұл кім?!
– Мен – құмырсқамын. Атым Қоңырша.
– Сен қайдасың?
– Аспандамын.
Сарыауыз шалқайып, аспанға қарады. Көз жеткісіз үлке-ен аспанды көріп, таңғалды:
– О-ой, қандай үлкенсің! Құмырсқа, сен аспансың ба?
Жіңішкеден де жіңішке, нәзіктен де нәзік сықылықтаған күлкі естілді:
– Мен аспан емеспін, кәдімгі кіп-кішкентай құмырсқамын. Атым Қоңырша дедім ғой. Ана-ау аспанға емес, бері қара.  Қасыңдағы алма ағаштың жапырағындамын. Міне, міне! Мен мұндамын. 
Сарыауыз олай-бұлай қарап, ақыры байқады. Қылдай жіңішке құмырсқа жоғарыдағы жапырақтан төменгісіне  секіріп, ойнап жүр. 
Қалай қорықпайды? 
Қалай құламайды?! 
Кенет ол тоқтай қалды да,  Сарыауызға  бұрылды:
– Сен неге жылайын деп тұрсың?
– Анау қыз менімен ойнамай қойды.
Құмырсқа күліп жіберді. Күлкісі титтей жез қоңыраудың сыңғырлағаны секілді әдемі-ақ:
– Ол ойыншық қой. Ойыншық сөйлей алмайды, жүре алмайды. Соны да білмейсің бе?
Сарыауыз ұялып қалды:
– Енді білетін болам. Қоңырша, сен неғып ағашқа шығып кеткенсің?
– Жерде жүре-жүре, ішім пысты. Сосын осы алма ағашқа шықтым. Жапырақты парашют етіп, секірейін деп едім.
– Қалай? Кәне, көрсетші.
– Ал, бері қарап тұр!
Қоңырша бір кішкене жапырақты тістеген күйі сарғайып жұқарған төмендегі үлкендеу жапыраққа секірді. 

(Жалғасы бар)

3234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы