• Ертегілер
  • 31 Тамыз, 2023

Тоғайдағы шарайна

Серік САТЫБАЛДИН

Үлкен ауыл ұйқы құшағында. Маңай тып-тыныш. Жан-жаққа баспалай қараған көк бөрі бұқпантайлап келіп, ішке кірді. 
Шеткі үйдің қорасының алдынан өте бергенде әлдене айға шағылысып, жалт еткендей болды. Назары ауған бөрі мысықтабандап сонда жақындады. Бажайлап қараса, әлгі нәрсе тамға сүйеп қойған үлкен айна екен. Таяп барғанда айна бетінен өзін көріп таңғалды. Бұл көк бөрінің өз бейнесін бірінші рет көруі еді. Таңырқай үңіліп бір сәт тұрды.
Сәті түскенде, айнаның артқы жағында бауы бар екен. Мұндай ғажайыпты тастап кеткісі келмеген көк бөрі қайысынан тістеп, жон арқасына салды да, алды-артына қарамай зыта жөнелді. 
Бөрі тоғайға келді. Арқасындағы айнаны түсіріп, биіктеу жердегі үлкен ағашқа сүйеп қойды. Іле сәл артына шегініп, айна бетіне қарады. «Күндіз күнге, түнде айға шағылысып, тоғайға сән берсін! Ұшқан құс, жортқан аңның назарын өзіне аударсын! Ал мен олардың қалай таңырқап қарайтынын көрейін!» деді ішінен өзінше масайрап. Еш несібе бұйырмаса да, ол бұл түнді үлкен іс бітіргендей аса қанағат сезіммен өткізді. 
Ертесі әлгі жерге маймаңдап аю келді. Сол маңдағы бір жуан ағаштың қуысында араның балы болушы еді. Соның қайда екенін таппай, жан-жағына алақтап тұрғанда, айнаға көзі түсті. Міне, ғажап! Алдында өзіне ұқсайтын бір дәу қара тұр сілекейі ағып. «Мынау менмін бе?» – деді ізінше. «Менің аяғым осындай талтақ па?» – деді артынша. Іштей намысы келіп, «біреу көріп қалды ма» дегендей әуелі оң жағына, сосын сол жағына қарады. Ешбір жан иесі көрінбейді. Сосын кері айналып, артқы аяғымен жер тарпып, айнаға топырақ шашты. Сонда барып көңілі жайланып, келген жағына кете берді.
Аспан торлаған бұлт қоюлана түсті. Ескен жел жауын иісін сездірді. Кешікпей жаңбыр құйып өтті. Іле бұлт сейіліп, аспан шайдай ашылды. Айна беті шаң-тозаңнан айықты. 
Бір кезде сайдан тауыс шығып, жақындап келе жатты. Ол ұзамай айнаны көріп, бұл не қылған керемет деп, ентелей түсті. Айна алдына жеткенде ішінен өзін көріп, қалт бөгелді. Таңданысы одан сайын күшейді. Күн нұрына шағылысып, құлпыра түскен қызылды-жасылды қанат-құйрығы айна бетінен тіпті де әсем, ерекше көркем боп көрінеді екен. Кенет бойын мақтаныш кернеді. Ілгері жылжып, өз кейпіне сұқтана, сүйсіне көз қадады. Әлгіндегіден бетер масаттанды. Айнаға жетіп барып, оның айғыздалған тұстарын қанатымен сипап, сүрткілей бастады. 
Сәлден соң ол алыстап барып, қайта келіп, аяқтарын сәндене басып, өз көркін қайта бір тамашалады. «Мендей көркем жаратылыс жоқ шығар!», деді сосын кеудесін кере тыныстап. Сөйтті де, бұрылып өзі келген жаққа бет түзеді.
Тоғайдағы жалғыз ағаш түбінде бұғынып жатқан көк бөрі талай оқиғаға куә болды. Солардан үлкен ой түйді. Егер аю қайта айналып келсе, оған: «Өз ұсқынсыздығыңа айнаны неге кінәлайсың?» демекші болды. Бірақ ол келмеді. Тауыс та сол кеткеннен қайта оралмады. Оралғанда, оған: «Өзіңді елден асқан көркем санауыңның себебі не? Сенен асқан сұлулар көп қой. Бірақ олар сен құсап мақтанбайды, кердеңдемейді» демекші еді. 


Павлодар қаласы      

5016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы