• Ертегілер
  • 19 Желтоқсан, 2020

Қайырымды тиін

Бір ауылда кедей отбасы өмір сүріпті. Оның балалары көп болыпты. Кедей отбасын асырау үшін кез келген жұмысты істей береді екен. Бір байдың қорасының қиын ойып берсе, екінші байдың шарбағын шегелеп, үшінші байдың егінін орып беріпті. Бірақ байлар кедейдің ақысын толық төлемей, үнемі ренжітіп жүреді екен.
– Мырзам, әйелім мен жеті балам бар, соларды асырауым керек. Мен бір ай бойы қораңыздың қиын ойдым. Келіскен сиырды берсеңіз, – дейді кедей. Сонда бай:
– Сен қи оямын деп қорамның астан-кестеңін шығардың. Бір қойдан артық ештеңе бермеймін, – дейді.
Кедей көңілі түсіп, екінші байға келеді.
– Мырзам, шарбақтарыңызды түгел шегелеп, үйіңізді айнала қоршап қойдым. Маған уәде еткен бір арба отынды берсеңіз, балаларым жаурап отыр, – дейді кедей. Бірақ бай кедейді басынып:
– Сен шарбақтарға сырды қою жағып, босқа рәсуә қылдың. Сондықтан саған жарты қап қидан басқа ештеңе бермеймін, – дейді.
Еңсесі түскен кедей үшінші байға келеді:
– Мырзам, бір ай бойы бар егініңізді орып, жинадым. Келіскен бір қап бидайды берсеңіз, – дейді кедей өтініп.
– Сен астығымды нашар күзеттің. Егінді мал таптап рәсуә қылды. Саған жарты қап бидайдан артық бір дән де бермеймін, – дейді бай.
Кедей осыны да қанағат тұтып үйіне қайтады. Алдынан әйелі мен балалары жүгіріп шығып, қуана қарсы алады. Сол күні кедейдің үйінде той болып, балалары бір тойып, шала байып қалады.
Күз келіп, күн суыта бастайды. Күн өткен сайын азық азайып, отын бітеді. Жалғыз қойын сойып жейін десе, жылы киім керек. Балалары түнімен суық үйде тоңып шығады. Амалсыз қойды базарға сатпақшы болады. Оның қойы отыз мың теңге тұратын. Бірақ қойды алғысы келгендер арзанға сұрайды. Кедей қойын арзанға берсе, жеті баласына киім сатып ала алмайтынын айтады. Кенет ол біреудің базарда «тиін сатамын, тиін сатамын» деп айғайлап жүргенін естиді. Қараса, сатушының қолындағы тиін айналасындағы адамдарға жалтақтай қарап, мейірім күтіп жүрген сияқты көрінеді. Кедейдің темір торға қамалған тиінге жаны ашып кетеді. Тиінді балаларына сатып әпергісі келгендер көбейе бастайды. Бәрі «маған сат, маған сат» деп таласады. Дәніккен тиіннің иесі:
– Тиінді кім көп ақша берсе, соған сатамын, – деп шірейді.
– Мен мың теңге берем, – дейді біреуі.
– Екі мың теңге, – дейді екіншісі.
– Мен бес мың теңге берем, – дейді үшінші адам.
Тиіннің иесі одан сайын шірейді. «Кәнеки, бес мың теңге тігілді. Кім көп береді соған сатамын. Үшке дейін санаймын, Бір, екі...» – дей бергенде:
– Он мың теңге, – дейді бір бай.
– Он бес мың теңге, – дейді қаладағы ең бай адам. Ешкім үндемей қалады. Тиіннің бағасы көтерілгеніне қуанған иесі: «Канеки, он бес мың теңге, кім одан көп береді? Он бес мың теңге бір.... Он бес мың теңге екі...».
Осы кезде кедей: «Бір қой» деп айғай салады. Оған базардағы барлық саудагерлер мен байлар жалт қарайды.
– Менің қойым отыз мың теңге тұрады, тиінді маған сатыңыз, – дейді кедей. Саудагер қуана-қуана келісіп, қойды жетектеп әкетеді.
– Міне, ақымақ! Қайдағы бір «тышқанға» бола семіз қойын айырбастап жіберді, – деп біреу кедейді жамандай бастады.
– Өзі тіпті жұпыны екен, бар дүниесінен айырылды, – деп сөкті екіншісі.
– Обал-ай! Бұл кісі «жеті балам бар, қойымды сатып, қыста киетін жылы киім аламын» деп еді, енді не істемек? – деп жатты жаны ашыған қарапайым халық.
Кедей тиін отырған темір торды көтеріп, үйіне көңілсіз қайтады. Ол жол бойы жылап келе жатады. «Әрине, тиінді көріп, балаларым қуанып қалар. Бірақ мұны асырайтын үйде тамақ та жоқ қой. Бәрін қойшы, әйелімді балалардың қыстық киімін алып келемін деп қуантып қойып едім, құрқол қалай барамын? Балаларым қыста қалайша жылы киімсіз жүреді?» деп өз-өзіне сыбырлап келе жатады. Кедейдің мұңын тиін де естіп, жаны ашып, мұңайып қалады.
«Ақымақ басым-ай, бұған қалай ғана тап болдым? Қой, бұл тиінді босатып жіберейін. Әйелім киім емес, тиін алып келгенімді көрсе, байбалам салар» деп, тордың есігін ашады. Бостандыққа шыққан тиін кедейге жымия қарап, секеңдеп талдың басына шығып кетеді. Үйіне келген соң әйеліне бар шындықты айтып береді. Әйелі болса: «Ештеңе етпейді. Жақсылық босқа кетпейді. Жасаған жақсылығың үшін Жаратушы бізді жарылқайды» деп сабыр сақтайды. Осы кезде далада ойнап жүрген балалар ата-анасын дауыстап шақырады. Кедей мен әйелі сыртқа жүгіріп шығады. Міне, қызық! Екеуі талдың басынан көп тиіндердің жерге жаңғақ лақтырып жатқанын көріп, қуанып кетеді. Кедейдің отбасы тоғыз қап жаңғақ жинап алады. Бұл өте ірі, тәтті жаңғақтар еді!
Кедей ертеңіне жаңғақтарды базарға әкеледі. Тәтті жаңғақты жұрттың бәрі таласып сатып алады. Жаңғақтың әр келісін мың теңгеден сатса да өтіп кетеді. Сөйтіп, кедей әйелі мен балаларына киім-кешек, азық-түлік, үйге қажетті заттарды молынан сатып алады. Ал кедейдің ақысын жеген байлардың малы қырылып, отыны өртеніп, астығын тышқандар жеп қояды.
Көктемде кедей біраз жерге жаңғақ егеді. Балалары әкелеріне көмектесіп, еңбекке үйренеді. Арада үш жыл өткенде жаңғақтар керемет жеміс бере бастайды. Сөйтіп, олар аз жылда еңбектің арқасында мол байлыққа кенеліпті.

Асхат Өмірбаев

96 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы