• Ертегілер
  • 11 Сәуір, 2018

Сыбызғының сиқыры (Ертегі)

Ерте заманда бір кедей жігіт болыпты. Қолынан келер үлкен өнері сыбызғы тартып, қой бағу екен. Әкесінің кішкене кезінде үйреткен бұл өнерін ол жанындай жақсы көріпті. Сыбызғыны нақышына келтіріп тартқанда, естіген елдің таңдай қақпайтыны болмайды. Табиғаттағы түрлі құстар мен жануарлардың дауысын осы сыбызғысымен айнытпай салады. Тіпті, өрістегі қойлары да сыбызғының дауысы шыққан жаққа өздіктерінен тартып отыратын болыпты. Бір күні сол маңнан ханның баласы нөкерлерімен өтіп бара жатады. Әдемі тартылған сыбызғының дауысын олар да естиді. Барған сайын жандарын жайландырған бұл үнді бәрі тоқтай қалып тыңдайды. Ақыры сыбызғының дауысы шыққан жаққа еріксіз ат басын бұрыпты. Іздеп келсе, сыбызғы үнін мың құбылтып отырған қарапайым қойшы екен. Бәрі аттан түсе қап тыңдайды. Қойшы жігіт сыбызғысын барған сайын құшырлана тартады. Олар да «тағы тартшы» деп өтінуін қоймайды. Хан баласы сыбызғыға қатты қызығады. – Бұл өнерді саған кім үйретті, – дейді қойшы балаға. – Әкем үйреткен,– дейді қойшы. – Өзің қойшысың, әкең де сіңірі шыққан біреу болар. Сыбызғыдан осындай әуездер шығара қоюды үйретті дегенге сенбеймін. Бар өнер мына сыбызғыда. Осы сыбызғыңды маған бер, сен мұны ұстап не қыласың?– дейді хан баласы. Қойшы бере алмайтынын, әкесінен қалған мұра екенін айтады. Алайда хан баласы сыбызғыны күшпен тартып алып кетеді. Сыбызғысынан айырылып қалған қойшы жігіт қатты қайғырады. Қойларын өріске айдап шыққанымен, бұрынғыдай жайдары күй кеше алмайды. Дүниеден ерте озған әке-шешесін сағынып мұңға батады. Осындайда көңілін сергітер сыбызғысын ойлап аласұрады. Амал не? Жалғыз жүрген бұл бейбақты кім тыңдасын... Хан баласы сыбызғыны алып ордаға келеді. Масайраған көңілмен сыбызғыны тартып көреді. Бірақ қойшы жігіттікіндей әдемі үн шықпайды. Ары тартады, бері тартады. Бәрібір көңілі толмайды. «Қойдың артында қаңғырып жүрген қойшыдай тарта алмағаным ба?»– деп қатты назаланады ол. «Осыншама өнер қойшыда емес, сыбызғыда. Мен тек оның сырын білмей жатқан шығармын» – деп сол ауылдағы мықты деген ағаш шеберлерін алдыртады. – Мына сыбызғының қасиеті қай жерінде. Маған тауып беріңдер. Керемет үнін шығару үшін не істеуім керек?– деп бұйырады. Шеберлер әбден қарап көреді де: – Ханзада-ау, бұл қамыстан жасалған қарапайым сыбызғы. Оның құдіреті жақсы тарта алатын адамында,– дейді. Хан баласы бұған тіптен күйіп- піседі. Сол ауылда аты елге мәлім, түрлі аспаптарды шертуді үйрететін ұстаз бар екен. Амалы құрыған хан баласы сол майталман ұстазды алдыртады. – Сыбызғының әсем дауысын өз қолыммен жұртқа естіртсем деймін. Шебер тартудың қыр-сырын маған үйретіп берсеңіз,– дейді хан баласы. Ұстаз келіседі. Білетінін үйрете бастайды. Хан баласы екі-үш ай үйренсе де таңдай қақтырар сыбызғышы бола алмайды. Баяғыда қойшы жігітке кезігердегі нөкерлерін шақыртып тыңдатады. Олар да басын шайқап, қойшы жігіттей үн шығара алмағанын айтады. Қанша еңбектенсе де, құйқылжыған үн шығара алмағанына өкінген хан баласы енді үйренуді де қояды. Қойшыны хан ордасына алдыруды ойлайды. Хан баласының сәлемін алып нөкерлер келсе, қойшы төсек тартып қалған екен. Күймеге отырып хан ордасына әрең жетеді. Ауру меңдеп алған қойшы жігітті хан баласы бір апта жақсылап күтеді. Емшіге қаратады. Бір күні кішкене жүруге жараған қойшыға хан баласы: «Сыбызғыңды тартып көрші» – деп өтінеді. Мына сөзді естіген ол әкесінің көзіндей болған сыбызғыға қарап ұзақ жылайды. Кеудесіне басады. Бір сәт тыныстап алады да, сыбызғыны тарта жөнеледі. Міне, ғажап! Керемет үн бүкіл ордаға естіледі. Алыстағылар сазды әуеннің қайдан шыққанын сұрап ес-ақылдары шығыпты. Хан да, қара да қойшының сыбызғысын тыңдауға жиналыпты. Қанша тырысса да елді осындай үйіре алмаған хан баласы да ойға шомыпты. Қалың топтың ішінде ханзадаға өнер үйреткен ұстазы да бар еді. Ұстаз ханзадаға жақындап келіп: – Өнерді шын жақсы көріп, ықыласпен үйренсең ғана биігіне жетесің. Ол адамның әл-ауқатына қарамайды,– деді ойлы пішінде. Ханзада қызарып кеткен еді. Кезіндегі қойшыға айтқан сөздері мен әрекетінен қысылған. Жұрттың бәрі қойшы жігіттің өнеріне тамсанып қол соғады. Хан баласы өзінің қателігін түсініп, қойшыдан кешірім сұрайды. Шын талант екенін айтып, хан ордасында қалуды өтінеді. Содан былай сыбызғышы қойшы жігіт әкесінен үйренген өнерін балаларға үйретуді қолға алыпты. Хан баласымен де достасып кетіпті. «Шын өнер өлмейді» деген осы екен.

Алтынай НҰРДЫБЕК

Суретін салған Ерлан Момбаев

“Балдырған” (Наурыз 2018 жыл)

2601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы