• Ертегілер
  • 22 Желтоқсан, 2017

Сұр көжек (ертегі)

Жел тұрып, шөп сыбыр ете қалғанда, сұр көжек зыта жөнелді. Ойлау жерден орғып, қырлау жерлерден қарғып өтіп, айдаламен безіп келеді. Бір кезде кірпі кездесіп, оны тоқтатып алды. – Ау, жарқыным, неден безіп барасың? – деді ол. – Қалың шөптің арасында отыр едім, бір нәрсе баж-ж ете қалды. Сілеусін-ау деймін, шамасы, – деді сұр көжек. – Қой әрі, бұл маңда сілеусін атымен жоқ. Әкең батыр еді, шешең батыл еді, – деп кірпі оның ата-анасын қасақана мақтай жөнелді. – Кімге тартып қорқақ болғансың өзің? – Көжек дегендерің әке-шешесін білмейді. Ал сілеусінді әлі көрген жоқ едім, – деп шынын айтты сұр көжек. – Қандай жау кездессе де, әкең құсап қарсы шап! – деді де, кірпі қорс-қорс етіп, өз жөнімен кете барды. Көжек оның кекеткенін қайдан білсін?! Ата-бабамыз батыр екен ғой деп, әжептәуір мақтанып қалды. Қорықпауға бекініп, көк шөптің үстіне жатып алды. Осы кезде тап қасынан құрбақа бақылдап қоя берді. Көжекке оның дауысы: «Бақ-бақ-бақ! Жеймін қазір сені ұстап!» – дегендей болып естілді. Сұр көжек атып тұрды да, безіп ала жөнелді. Бір кезде бұтаға қонақтап отырған көкек оған: – Әй, сұр көжек! Неменеден қорқып зытып барасың? – деді. – Көк шөптің үстінде жатыр едім, бір нәрсе ар-р-р ете қалды. Қасқыр-ау деймін, шамасы, – деді көжек. – Бұл маңайда қасқыр жоқ. Әкең аю соғып алыпты деп естуші ем. Мұнша қорқақ боларсың ба? – деп кекетті көкек те. – Сенің аяқ-қолың мықты. Денең секіруге епті, жау кездессе жүре бер ішке бір теп те! «Ата-бабамыз мықты екен ғой, ә?!» – деп, көжек тағы да мақтанып қалды. Демалып аз-кем жатты. Сол кезде оған желге домалаған қаңбақ кеп соғылды да, зымырап өте шықты. – Уһ, өлтірді ғой, өлтірді! – деп бақ ете қалды көжек. Атқи жөнелді. Бір уақытта оны сауысқан тоқтатып алып, былай деді: – Ау, батыр-р-рым, неден қашып бара жатырсың? – Демалып жатқанымда бір аюдың жармаса түспесі бар ма? – деді көжек дір-дір етіп. – Шықылық, шықылық! Бұл айтқаның өтірік. Бұл маңда аю жоқ. Әкең арыстанмен алты күн алысып, жеті күн жұлысқаннан кейін жеңіп шыққан еді. Арыстан аюдан екі есе үлкен. Ол ақырғанда аспан қақ айырылып, жер солқылдап кетеді. Сені сондай әкенің ұрпағы дегенге кім нанар? – деп кекетті сауысқан да, бір орнында тұрмай секең-секең етіп, сонан соң ұшып кетті. Ал көжек ата-бабасының ерлігін есіне алып, тағы да мәз болды. Жерге жатып, ентігін басты. Әбден қалжыраған екен, маужырап ұйықтап кетті. Көжектің қанша уақыт ұйықтағанын айту қиын. О кезде сағатқа кім қарапты? Әй, ол кезде сағат болмаған да шығар-ау. Иә, сонымен... Сонымен, бір заматта аспанды қара бұлт торлап алды. Бұлттар мен бұлттар соқтығыса бастады... Ар жағы белгілі ғой. Найзағай жарқ етті. Күн күркіреп, аспан шатыр ете қалды. Жер солқылдап кетті. Шошып оянған сұр көжек екі-үш домалап түсті де, қыли көзі бақырайып зытты-ай дейсің кеп, өзі айтты-айтпады, жүйрік екен. Аяғы жерге кейде тиіп, кейде тимейді. Жаңбыр басылып, көжек әбден болдырған кезде саршұнақ жолықты: – Әй, көжек, неден қорықтың? – Тап қасыма келіп  бір дәу арыстанның ақырып кеп қалғаны. Аспан қақ айырылып, жер солқылдап кетті, – деді көжек дірдектеп. Саршұнақ шиық-шиық күлді. – Өтірікті соқ! Арыстан жоқ. Сенің әкең арыстан тұрсын, айдаһардан да қорықпаған. Кез болса алып ұрып, бір-ақ таптаған. Жүргенше бүйтіп қалшылдап, жау көрсең тайсалмай қарсы шап! – деп кекетті де, саршұнақ ініне зып берді. Сұр көжек көп ойланды. Мұны бәрі батыр дейді. Ендеше осыншама қорқа беретіні несі? Әкесі сияқты қандай жау кездессе де қасқая қарсы шаппай ма? Батырлығы ұстап кеткен сұр көжек бір төмпешіктің үстіне шығып отырды, қоқиланып айғай салды: – Әй, менімен алысатын қайсың бар? Кел бері! Қасқыр түгіл арыстан болсаң да бір-ақ бүктеймін! Осы кезде сылаң етіп бір қызыл түлкі шыға келді. – Е, тентегім, енді сен де құтырайын дегенсің бе? Аңдар патшасы арыстанды қорладың ба? Әп, бәлем! – деп көжекті бассалды. Көжек түлкіні тұмсықтан бір теуіп, зыта жөнелді. Құйрығы жұлынып түлкінің аузында қала берді. Былай ұзап шыққан соң оған елік жолықты: – Сұр көжек, біздің жауымыз көп, байқап жүр. Өтірікке елікпе, мақтады екен деп желікпе, – деп ақыл айтты ол. Содан бері қарай қоянның құйрығы шолақ, өзі бұрынғысындай қорқақ боп қала берген екен дейді.    

«Балдырған» журналы, №11 Қараша, 2017

1895 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы