• Жұмбақтар
  • 26 Мамыр, 2023

Есеп жұмбақтар

Інім

– Жат! – деп кешке ініме,
Әжем әлек болады.
Қарап сағат тіліне,
Інім жатпай қояды.

– Көрдің бе, бұл жаманды,
Сөзді қашан ұғасың?
Ертең ерте
Адамды
Тұрмай, әлек қыласың.

Шырағым-ау, жас бала
Жатпай ма ұйықтап бұл уақта?
Кешігеміз бақшаға,
Қалдырасың ұятқа! –

Десе де әжем қиналып,
Інім оған көнбейді.
Басын шайқап,
Бұралып:
– Сағат әлі он, – дейді.
Мейлің сипа басынан,
Ұйықтағысы келмейді.
Мейлің кейі, ашулан,
Дәнеңе де өнбейді.

Әлек салып жылайды,
Жылауға өзі бейім-ді.
Көрем дейді ұдайы
Киноны оннан кейінгі...

Телевизор дегеннің
Жетеді екен шатағы.
Кино бітсе,
Көргенін 
Оймен шолып жатады.

Серпіп інім көрпені,
Көз ілмейді көп уақыт.
Есесіне ерте оны
Алу қиын оятып.

Әжемнің дәл келеді
Күнілгері болжамы.
Жылап қоя береді,
«Тұр» десең-ақ болғаны.

Қаздар

Көлден ұшты жеті қаз,
Қайтып қонды екі қаз.
Қонбады оның нешеуі,
Кәне, кім тез шешеді?

Қанша қауын?

Самат қаппен арқалап,
Бес қауыннан тасыды.
Қабы болмай, ал Талап
Қос қауыннан тасыды.

Он реттен сабылып,
Екеуі әбден шаршады.
Тасып алған қауынның
Қанша болды бар саны?

Қанша тырна?

Аспан қандай күздегі!..
Қарап тұрмын ауладан.
Тырналардың тізбегі –
Сүйір бұрыш аумаған.

Әр қанатта – он бірден,
Басшысынан бөлегі.
Бар тырнаны кім бірден
Тез есептеп береді?!

Неше кісі?

Атам, әжем, ағаммен,
Әкем, інім және мен,
Анам және анасы,
Анасының баласы –
Отыр едік шай ішіп,
Жеңгем кірді майысып,
Арқасында – кіші інім.
Саны қанша, айта ғой,
Үйдегі бар кісінің?

233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы