• Балаларға базарлық
  • 22 Наурыз, 2022

НАУРЫЗ, БАҚ БОП КЕЛ БІЗГЕ!

Көктем келді

Көктем келді,
Жылғалардан су ақты.
Көк пен жерді
Оятты күн шуақты.

Жоғалады, 
Буға айналып қар мен мұз.
Демалады,
Коньки және шаңғымыз.

Шанамызды
Күтпейді енді сырғанақ.
Мына бізді
Мұңайтатын сол ғана-ақ.
 

Ұлы күні ұлыстың

«Кетті ызғары бұл қыстың», –
Деп үлкендер кеңесер.
Ұлы күні ұлыстың,
Күн менен түн теңесер.

Ақсарбас қой сойылып,
Жайылар кең дастарқан.
Ақ молынан қойылып,
Қуанышқа бастар таң.

Палуандар күресіп,
Қырда арқан тартысар.
Ілтипатпен «сіз» десіп,
Қыз бен жігіт айтысар.

Шаттандырар күн нұры,
Ойын қуған баланы.
Аралайды бұл күні
Қызыр баба даланы.

Нұрлы наурыз күнінде,
Ұмытылар қайғы-мұң.
Жеңілденер жүгің де,
Жұрттан асып айбының.

 

Күлімдеді көкте күн

Күлімдеді көкте күн,
Тез өссін деп еккенім.
Арық салдым әкемнің
Қолыма алып кетпенін.

Үйдің ішін жайнатып,
Әкелді әжем май, қатық.
Наурыз көже пісірді,
Анам қазан қайнатып.

Асыр салып ойнадық,
Наурыз тойын тойладық.
«Берекелі жыл болсын!»,
Деді атам ойланып.

Наурыз, бақ боп кел елге, 
Айтылды ән, өлең де.
Мол дастарқан жайылды,
Барлық көрші-көлемге.

«Айдынға құс қонсын кеп,
Дала гүлге толсын!» – деп,
Бата берді үлкендер,
«Наурыз құтты болсын!» – деп.

 

Наурыз көже

Атып Наурыз таңы алдан,
Жер-дүние жасарар.
Жеті түрлі тағамнан,
Наурыз көже жасалар.

Бидай, тары...  бәрі бар,
Әжемнің ақ тілегі...
Жеті түрлі дәмі бар.
Наурыз көже киелі.

Дәмді наурыз көжені,
Қонақ жақсы көреді.
Тілеу көже, көп көже, 
Деп те айта береді.

Әз Наурызды ұнатам.
Шаттанады мың кісі,
– Наурыз көже, – дейді атам, –
Тоқшылықтың белгісі.

Толтырса аққа ыдысты,
Елім өсіп, өркендер.
«Жыл болсын деп ырысты!»,
Бата берер үлкендер.
 

Суретін салған Наталья Ященко

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы