• Жарайсың
  • 28 Ақпан, 2022

ТӘН ТАЗАЛЫҒЫ

Дүйсен МАҒЛҰМОВ 

Бүгін Имандардың үйінде ерекше қуаныш. Қажылық сапарына кеткен Ислам ата аман-есен елге оралды. Иман әкесі Жұма екеуі және қаладағы туыстар, ауылдастар қажы атаны кеше Алматы әуежайынан күтіп алды. Атаның құрметіне үлкен дастарқан жайылды. Ислам ата қажылықта көрген-білгендерін көпшілікке әңгімелеп берді. Бүгін таң ата Алматыдан шыққан олар түске таман ауылға жетті. Ауылдың кіре берісінде бұларды аудан, ауыл басшылары бастаған бір топ адам күтіп алды. Бәрі Ислам атаға құтты болсын айтып, мәре-сәре болып жатты. Содан кеш батқанша Имандардың үйінен кісі аяғы үзілген жоқ. Алыс-жақыннан келген қонақтар дастарқаннан дәм татып, атаның қажылықтан арнайы әкелген зәмзәм суынан ауыз тиіп, тарқасып жатты.

Кісі аяғы басылған оңаша бір сәтте Ислам ата төс қалтасынан жіңішке қалташа шығарды. Оның ішінен ұшы шашақталған, жуандығы қарындаштай, ұзындығы 10 сантиметрдей болатын таяқшаны алып, шашақталған жағымен тістерін ысқылай бастады. Атасының қасында отырған Иман аң-таң.

– Ата, андағы не? Тісіңізді щеткамен тазаламайсыз ба, – деді шыдамай кетіп.

– Ә, Иманжан, дұрыс байқадың. Бұл – тіс тазалағыш. Жаңағы сен айтқан щеткадан мұның көп артықшылығы  бар. Бұл – әрака деген қасиетті ағаштың бұтағы. Хош иіс шығаратын бұл ағаш Араб түбегі, Батыс және Оңтүстік Азия мен Африканың кейбір жерлерінде ғана өседі. 

Ислам діні рухани тазалықпен қатар тән (дене) тазалығына да ерекше көңіл бөледі ғой. Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардың «Тазалық – иманның жартысы» деген тамаша хадисі бар. Сондай-ақ, Алла елшісі тазалық пен денсаулыққа қатысты көптеген хадистер қалдырған. Олар туралы тағы бірде әңгімелеп беремін. Пайғамбар осы дене тазалығының ішінде тіс тазалығына қатты мән берген. «Менің қасыма сарғайған тіспен, жағымсыз иіспен келмеңіздер. Жағымсыз иіс шыққан жерге періштелер келмейді» – деп қатаң ескерткен.

– Ата, сонда бұл тіс тазалағыш не деп аталады?

– «Мисуак» деп аталады, балам. Мұхаммед пайғамбар мисуакты тісін тазалау үшін пайдаланған. Сондықтан мұсылмандар үшін мисуак қолдану – сауапқа бастар сүннет.

– Жаңа бұл тіс тазалағыштың кәдімгі  тіс щеткасынан көп артықшылығы бар дедіңіз ғой, ата! Ол қандай артықшылық? Мисуактың пайдасы қандай?

– Бұл сұрағың да орынды, Иманжан! Мисуактың ең басты артықшылығы – оның жүз пайыз табиғи өнім екендігі. Оның құрамында көптеген биоактивті және минералды заттар мен дәрумендер бар. Мисуакты зерттеген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны таза, пайдалы өнім ретінде қолдануға кеңес беріп, рұқсат еткен. Ал, ислам діні мисуактың тіске пайдалы екенін осыдан 14 ғасыр бұрын-ақ біліп, адамдарға соны қолдануды үйреткен. Мисуактың отыздан астам пайдасы бар екен. Ол ауызды, тісті тазалайды, иісті кетіреді, тістерді ағартады. Көздің көруін жақсартады. Тіс еттерін күшейтіп, тістегі қақтарды түсіреді. Тісті құрттаудан сақтайды. Асқазанның жұмысын жақсартып, ас қорытуды жеңілдетеді. Міне, Иманжан, бұлар мисуак пайдасының бір парасы ғана. Осыны білген мұсылмандар бес уақыт намаз алдындағы дәрет алу кезінде мисуакты міндетті түрде пайдалануға тырысқан, – деген Ислам ата қолындағы мисуакты аузына апара берді. Мұнысы Иманға әңгіме әзірше бітті дегендей көрінді. Бірақ немересі атасына тағы бір сұрақ қойып үлгерді.

– Ата, мисуакпен балалар да тісін тазаласа бола ма? – деді Иман атасының тісін тазалап отырған қимылына қызыға қарап.

– Болады, әрине, болады. Мен саған арнап Меккеден біраз мисуак сатып алғам. Менің жол сөмкемді әкеле ғой. Соларды өзіңе табыстап, қалай қолдану керектігін үйретейін, – деді Ислам ата Иманның сұрағына риза болып.

Орнынан тұра салып, ата-әжесінің бөлмесіне  жүгіре жөнелген  Иман іле-шала жүзі бал-бұл жайнап, үлкен көк сөмкені мықшыңдап сүйреп келе жатты...

Суретін салған Ерлан Момбаев

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы