• Балаларға базарлық
  • 26 Қаңтар, 2022

ӘСЕРЛІ САПАР (Әңгіме)

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Тұрлан әкесінің жанында отырып, айналаға көз салып келеді. Қаладан шыққандарына біраз болған. Межелі жерге жетіп те қалды. Жылдамдықты тежеп, ауылға келіп кіргендері сол, әкесінің көңіл күйі өзгеріп сала берді. Әлденеге қуанғандай дауысын көтеріп:

– Міне, бұл – менің ауылым. Сен де осында туғансың, ұлым. Мынау Ерден атаның үйі. Мұнда қазір ешкім тұрмайды. Ана жерде Азнабай атаның үйі болған, орны ғана қалыпты. Мына үйді қайта салыпты! Қора-қопсысын да жаңартыпты. Осы ауылдың жастарының бірі-ау, шамасы! Кім болса да, жарайды екен! – деп самбырлап сөйлей бастады.

Үлкен ауылдың ортасындағы жолмен өтті де, көлігін бір шеттегі шоқ қайыңға қарай бұрды.

– Біздің үй анау шетте болатын. Ал жазда мына шоқ қайыңның түбіне киіз үй тігіп, анау жерге жылқы байлайтынбыз. Анаң екеуіңді перзентханадан шығарып бірден осында әкелгем. Мамыр айының аяғы еді. Осында, киіз үйдің ішінде саған азан шақырып ат қойдық. Бесікке салдық, қырқыңнан да осы жерде шықтың. Сондықтан, бұл жерді сенің нағыз туған жерің, кіндік қаның тамған жер деп атауға болады!

Әкесінің әңгімесін тыңдап келе жатқан Тұрлан да тебіреніп кетті. 

– Әке, мен ол кезде кішкентай болдым ба?

– Иә. Мынандай ғана болатынсың, – деді әкесі қос жұдырығын түйіп көрсетіп.

Екеуі көліктен шығып, тізеден келетін қалың шалғынды ары-бері  аралады.

– Міне, көрдің ғой, балам, туған жерің қандай әдемі! Жағалай ағаш, неше түрлі гүлі тербелген көк кілем, жасыл алқап! Қолыңнан келгенше осы ауылға қол ұшын бер, көмектес! Бұл жерді ешқашан ұмытпа! Жігіт болғанда да келіп тұр. Балаларыңа да көрсет!

Тұрлан әкесіне қарап жымиып қойды.

– Ал, бүгінгі келген себебіміз, ұлым... қазақта «Туған жерге аунату» деген дәстүр бар. Сол дәстүрді орындауға келдік.

– Ол қандай дәстүр, әке? Қалай орындайды оны?

– Қазір... асықпа! Менің соңымнан ере бер.. Жүр бері...

Әкесі төмен қарап, шөп ішіне үңіліп келе жатқан. Бір кезде тоқтай қалып, Тұрланды «әуп» деп көтеріп алды да, «Ал туған жеріңе бір ауна, балам!» деп шалғын үстіне домалатып жіберді. Бірнеше аунап түскен Тұрлан әуелі сасып қалды. Артынша көкірек тұсын бір қуаныштың керней жөнелгенін сезді. Санасына кенет: «Мен осы жерде туғанмын! Кіп-кішкентай болғанмын! Туған жерім өте қасиетті. Иісі сондай керемет!» деген ойлар келді. Шөп үстінде шалқасынан жатқан күйі сан түрлі шөптің иісін құшырлана жұтты. Аздан соң қасына әкесі де келіп жантайды.

– Міне, балам, «Туған жерге аунату» деген осы. Мына жерде сенің бесігің тұрған сәби кезіңде. Менің анам – сенің әжең бесік жырын айтып, сені тербетіп отыратын. Елге қадірлі азамат болсын деп тілейтін ол кісі. Сен ол үміттерді ешқашан ұмытпауға тиіссің. Қалай, қолыңнан келе ме?

– Келеді, әке! Мына дәстүр маған ұнады. Үлкен күш алғандай болдым туған жерімнен! – деді Тарлан бала көңілі толқып, кәдімгідей тебіреніп.

Бұл сөзді естіп үлкен мақсаты орындалғандай әкесі де риза жүзбен ұлына қарады.

Бұл сапар Тұрлан үшін расымен де өте ерекше, көңілін толқытқан әсерлі сапар болды.

                                                                                                                                         Көкшетау қаласы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

476 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы