• Халықтық салт-дәстүр
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚАЖЫЛЫҚ САПАР

Дүйсен Мағлұмов 

 

Жұма намазын оқуға мешітке кеткен Ислам ата үйге балаша қуанып келді. Есіктен кірген бойда сырт киімін шешіп жатып:

– Әжесі, ау, әжесі, шәйларыңды тезірек қамдап жіберіңдер. Жақсы жаңалық бар. Қазір келінді мектептен алып Жұма да келеді. Дастарқан үстінде әңгімелесіп, ақылдасайық, – деді.

Атасынан сәл бұрын келіп, мектеп киімін шешіп үлгерген Иман атасының дауысын естіп дәлізге шықты. Атасының күлімдеген жүзін көріп, жүгіріп келіп оның шалғайына оралды.

Тез дайын болған дастарқан басына балабақшадағы кішкентай Хадишадан басқаларының бәрі жиналды. Қасиетті жұма күнінің құрметіне Айша әжей жеті шелпек пісірген екен. Ислам ата өмірден өткен аруақтарға құран бағыштады. Бата беріп отырып, сөзінің аяғын: «Құдіретті күшті ұлы Аллам, өзің нәсіп еткелі отырған қажылыққа аман-есен барып-келуге күш-қуатыңды бере көр!» – деп аяқтады.

– Әке, қажылыққа баратын сапарыңыз құтты болсын! Жаңа намаздан кейін имам көпшіліктің алдында айтқанда қатты қуандым. Бәрі де өз еңбегіңіз, жарайсыз, әке! – деді Жұма қолын кеудесіне қоя әкесіне басын иіп.

– Иә, жарқындарым менің, бұл шынымен қуанышты жағдай болды. Рамазан айынан кейін қажылықтың да уақыты кеп қалған екен ғой. Биыл ауданымызға қажылыққа бір орын келген екен. Соны ауданның бас имамы мен барлық ауылдың имамдары бірауыздан маған беруге шешім қабылдапты. Алла разы болсын оларға! Бір аптадан соң жолға шығады екенбіз. Құжаттарымды аудан имамы өзі реттейтін болды. Біз сапарға дайындалайық, – деген ата қасындағы Иманның басынан сипап отырып әңгімесін қайта жалғады.

– Жұма, ертең ана қорадағы жемде тұрған екі қойды да сой. Арғы күнге дайындалыңдар. Ауданның барлық имамдары мен ауыл ақсақалдарына тамақ беріп, батасын алайық. Қойдың біреуін соған жұмса, біреуін мен келгенше бала-шағаң жесін. Ана қаладағы аға-әкпелеріңе хабарлас. Олар да келсін, – деп баласына тапсырманы үйіп-төгіп беріп тастады. Ас ішіліп болған соң Ислам ата далаға бет алды. Иман да соңынан ерді. Есік алдындағы сәкіге жайғасқан атасының қасына келген Иман бағанадан бері көкейінде тұрған сұрағын қойып үлгерді.

– Ата, қажылық деген не? Оған не үшін барады?

Немересінің сұрағы Ислам атаны одан сайын жадыратып жіберді.

– Ақылыңнан айналдым, сенің! Сұрағың өте дұрыс. Мен саған мұсылманның бес парызы жайлы үнемі айтып жүрмін ғой. Қажылық – осы бес парыздың соңғысы. Бұл парызды шариғат талабы бойынша кәмелет жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана өтей алады. Қасиетті Құран-Кәрімде: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» – делінген. Сондықтан да қажылық парызын өтеуді армандамайтын мұсылман кемде-кем. Сондай-ақ, Иманжан, көптеген хадистерде қажыға баратын жол қауіп-қатерсіз, бара жатқан адамның азық-түлігі мен көлігі немесе көлік жалдай алатын қаражаты болу керектігі айтылады. Бұл ұлы сапарға аттанатын адамның үйінде қалған отбасы тамақтан тарығып қалмайтындай жағдайда болу керектігі де қатаң ескертіледі. Жалпы «қажылық» деген сөз біздің тілімізде «қасиетті жерге баруды ниет ету» деген мағынаны білдіреді. Бұл парызды орындау үшін арнайы уақытта, яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн Сауд Арабиясының Мекке қаласына жету керек. Біздің еліміз үшін бұл жақын жер емес. Ертеде біздің ата-бабаларымыз парызын өтеу үшін атпен, түйемен, жаяу-жалпылы айлап, жылдап жүріп жететін болған. Ал бүгінгі жағдай мүлде басқаша ғой. Бірақ заман өзгерсе де қажылық парызды өтеу үшін жасалатын амалдар өзгерген жоқ. Олар – ихрам (арнайы киім) кию, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Мәруа арасында жаяу жүру, Арафатта тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату.

– Ата, Қағба деген не?

– Балам, Қағбаның тарихы өте терең. Мұсылмандар үшiн жер бетiнде Қағбадан өзге қасиеттi орын жоқ. Қағба Алла Тағаланың әмiрiмен салынған киелі орын. Қасиетті Құран-Кәрімде: «Кезiнде бұл үйдi (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекенi етiп бердiк» делiнген. Мұхаммед пайғамбарымыздың бiр хадисiнде: «Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйдi қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» делiнген. Міне, көрдің бе, қажылыққа адамдар Алла Тағалаға бас иіп, елінің, жерінің, отбасының амандығын тілеп, күнәдан тазарып, бойына ізгіліктің нұрын жинап қайту үшін барады, балам.

Мен Қағба, қажылық туралы өзіңе осы сапардан оралған соң тағы да жақсылап айтып беремін, жарай ма?

– Жарайды, ата! Сапарыңыз сәтті болсын! Мен сізді қажылықтан сағына күтемін!..

1156 рет

көрсетілді

247

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы