- Мерейтой
- 20 Қаңтар, 2021
Халқымыздың аса көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл
Балалар, «Армысыңдар, достарым», «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Өмір-Дастан», «Өмір-өзен», «Бәсіре», «Соғады жүрек», «Шолпан», «Қош, махаббат», «Жырлайды жүрек» секілді көптеген кітаптар жазып, қазақ өлеңіне үлкен олжа салған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты білмейтін қазақ жоқ. Балабақша бүлдіршіндерінен бастап еңкейген кәріге дейін ақын жырларын жатқа оқитындар өте көп. Журналымыздың оқырмандарының барлығы да Мұқағали аталарының өлеңдерімен жақсы таныс екенін де біз жақсы білеміз.
Ақын қайтыс болғалы 44 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде ақынның артта қалған мұралары сан мәрте том-том кітап болып шығып, миллиондаған таралыммен таралып жатты. Ол үрдіс әлі тоқтаған жоқ. Ақын шығармалары қазақ әдебиетіне қосылған зор үлес болып саналады. Оның шығармалары жайында жазылған зерттеулер де өте көп. Үлкенді-кішілі театр сахналарында қойылып жатқан шығармалары да жетерлік.
Мұқағали аталарың Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынға өмірден озғаннан кейін «Аманат» жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұқағали Мақатаевтың балаларға арналған өлеңдері де баршылық. Олар мектеп оқулықтарына еніп, кішкентай бүлдіршіндердің сүйікті туындыларына айналған.
ТАЙЛАҚ
Тайлақты неге тұсаған,
Тайраңдап жүрсе болмай ма?
Керуен сарайға ұқсаған
Керіліп жатқан жол қайда?
КӨГЕРШІНДЕР ӘНІ
Орман, дала, бөктерлер –
Арпалыстар өткен жер,
Соғыс зарын шеккендер,
Оралмасын өткендер!
Біз – ақ қанат кептерлер,
Бізді ұмытып кетпеңдер!
Енді қару алмайық,
Өртенбейік, жанбайық.
Біз адасып қалмайық,
Ақ аспанға самғайық.
Аталардың өмірін
Әрі қарай жалғайық!
Көгерсін жер, көгерсін,
Мол ырысқа кенелсін.
Бейбітшілік жаршысы,
Біз – ақ қанат кептерлер,
Бізді ұмытып кетпеңдер!
БІЗДІҢ ҒАНИ
Жаңа заман басталды,
Жалындаған жастарды
Әділдіктің ісі үшін
Ғани аға бастады.
Жайдары жаз, жаны игі
Біздің ағай Ғаниды
Жас ұландар бүгін де
Жетекші деп таниды.
ЖАСЫЛ БАҒЫМ
ЖАЙНАҒАН
Шыбықтарым кешегі
Шынар болып өседі.
Көктемдегі көйлегін
Күзде ағаштар шешеді.
Тоңбау үшін ақ қарда,
Тон киеді ақпанда.
Қарайды кеп қарағаш
Қайың сырға таққанда.
Жасыл бағым жайнаған,
Ну болады айналам.
Жазда барып орманға,
Жатып алып ойланам.
МЕКТЕБІМЕ
Мектебім – айтар әнім,
Сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды
Өзіңе қайтарамын.
Мектебім, қия алмаймын,
Көп нәрсе қиялдаймын...
Мәңгілік оқушың боп
Қалуға ұялмаймын.
Өзіңнен, тегінде, мен
Аттанам сенімменен.
Ассалаумағалейкүм,
Дәу мектеп өмір деген!
ҚУАНЫШЫҢМЕН!
Нұрын төккен маған
Шуағымсың сен!
Айналайын панам,
Қуанышыңмен!
Шаттандырған мені
Жұбанышым сен.
Құттықтаймын сені
Қуанышыңмен!
Аялаған мені
Ән қанатымен,
Құттықтаймын сені
Салтанатыңмен!
Бақытты ғой заман,
Қандай көңілді!
Мен тілеймін саған
Ұзақ өмірді!
ШЕКАРАДА АҒАЙ ЖҮР
Отанның қиыр шетінде,
Аптапта, желдің өтінде,
Көз ілмей ағай сақ тұрып,
Еліне қызмет етуде.
Отанның асқар тауында,
Аязда, нөсер жауында
Мүлгімей ағай тік тұрар,
Тыныштық сыйлап ауылға,
Бірге өскен біздей бауырға.
8744 рет
көрсетілді3
пікір