- Балаларға базарлық
- 23 Қыркүйек, 2020
Еріктілер
Биыл бесінші сыныпқа баратын Жанаттың үйлері Алматы маңындағы ауылда. Әкесі Нұр кәсіпкер. Анасы Тоты мұғалім. Қазір жазғы демалыста, үйде. Жанат та биыл карантин болып ешқайда шыққан жоқ. Жылда екі атасының да ауылына қыдырып баратын. Биыл әкесі жібермеді.
Бүгін түскі ас ішуге келген әкесі үйге сөйлей кірді.
– Ана Шора әжейді кешелі бері көрмедім. Бір уақ есігінің алдындағы сәкіде отыратын еді. Бір жаққа кетті ме екен? Әлде ауырып қалды ма?
– Үйге күніге бір келіп кетуші еді. Екі күн болды келмеді. Барып қайтуға менің де қолым тие қоймады. Ауырып қалды-ау! Жанат, сен дастарқан дайын болғанша әжейдің үйіне барып, біліп келші, – деді анасы.
Шора әжей жасы сексенге келген жалғызбасты кісі. Ұлты орыс. Қазақшаны, қазақы салт-дәстүрлерді өте жақсы біледі. Күйеуі Ваня атай үш жыл бұрын қайтыс болған. Әжейдің шын аты – Александра – Шура. Қазақтар «Шора әжей» деп атап кеткен. Екі баласы Ресейде тұрады. Алып кетеміз деп бір-екі рет келген. Әжей көнбепті. «Мен үшін Қазақстаннан артық жер жоқ. 60 жыл өмірім осында өтті. Қазақстан – екінші Отаным. Ешқайда бармаймын» – деп, балаларын қайтарып жіберіпті. Өзі өте еңбекқор жан. Екі ешкісі бар. Соны бағады. Сүтін сауады. Бау-бақша егеді. Бақшасында жеміс пен көкөністің неше түрі өседі.
Ол кісі Жанаттармен көрші. Аралары бес-алты үй. Екі үй жақсы араласып тұрады. Әжей Жанатты, оның әпкесі мен іні, қарындасын жақсы көреді. Күніне бір келіп, бұлардың бетінен сүйіп, ешкінің сүтін, піскен жеміс-жидегін әкеліп тұрады. Жанаттың әке-шешесі де әжейді қатты сыйлайды. Базарға, дүкенге барған сайын әжейдің керегін, азық-түлігін әкеліп береді...
Жанат әжейдің үйіне лезде жетті. Әжей төсегінде отыр екен. Мұны көріп қуанып кетті.
– Жанатик, айналайын, сен бе келген? Әжең ауырып қалды ғой. Кешелі бері екі аяғымнан жүре алмай қалдым. Екі тіземнің буындары бастырмай қалды. Таңертең ешкілердің шөбін әрең беріп келдім, – деді әже қинала сөйлеп.
– Әже, неге телефон шалмадыңыз? Мен келіп көмектесетін едім ғой. – Жанат әжейдің қасына отыра қалып, екі қолымен ол кісінің тізесін уқалай бастады.
– Рақмет, балам! Мына бір майларды жақсам тәуір боп қалатын. Енді әсер етпей жатыр. Әжең қартайды, Жанатик! – деді әжей мұның басынан сипап.
– Әжей, ешнәрсе уайымдамаңыз. Біраздан соң анам екеуміз келіп, сізді емдейміз. Ал қазірше жата тұрыңыз, – деп, әжейдің жастығын түзеп, төсегіне жатқызды да үйіне қарай асықты.
Үйге келе сала ата-анасына барлық жағдайды айтып берді.
– Е, бәсе, ол кісі ауырып қалған екен ғой. Бұрынғы аяқ ауруы ғой. Менің аздаған жұмысым бар. Сонан соң дәрігер досымды, керек дәрілерді алып әжейге келемін. Тоты, сен әжейге ыстық тамақ істеп апар. Жанат, сен қазір бар. Әжейдің бақшасындағы арам шөптерді жұла бер. Келген соң мен де көмектесермін, – деді әкесі көлігіне отырып жатып.
Жанат көшеге шыға бергені сол еді, телефоны шыр етті. Досы Асқар екен. Бүгін түстен кейін Абзал үшеуі балыққа барамыз деген. Оған мән-жайды түсіндірді. Асқар бірден: «Балыққа ертең-ақ барармыз. Мен де саған көмектесейін» – деді. Аздан соң көк белесебедін зулатып Асқар жетіп келді. Екеуі әжейдің үйіне жете бергенде алдарынан қолында қармағы бар Абзал шықты.
– Қайда барасыңдар? Қармақтарың қайда? Балыққа барамыз деп едік қой.
Жанат оған да жағдайды айтты. Абзал да бұлармен бірге болуға қуана келісті. Үш досты көріп Шора әжей де қатты қуанды. Жұмыс құралдарының, қолғаптардың қай жерде тұрғанын айтты. Үшеуі бірден іске кірісті. Картоптың, қызанақтың, қиярдың арам шөптерін отады. Таңқурайдың піскен жемісін жинады. Бақшаның бәрін суғарып шықты. Осы кезде әкесі де келді. Дәрігер әжейді мұқият қарап шықты. Қосымша дәрілер жазып берді. Қойдың етінен дайындалған ыстық сорпа мен дәрігер салған дәріден кейін әжейдің бетіне қан жүгіріп, көңілденіп қалды.
Әкесі Жанаттың істеген жұмысын көрмекке бақшаға келді. Баласының достарымен жүргенін көріп, қуанып кетті.
– Оһо, сендер бір команда екенсіңдер ғой. Жарайсыңдар! Бәрін жақсы істепсіңдер. Ертең әжей көріп, риза болатын болды. Міне, сендер нағыз волонтер, нағыз ерікті болдыңдар. Биылғы жыл елімізде Президенттің жарлығымен «Еріктілер жылы» деп жарияланғанын білесіңдер ғой. Соған сендер де үлес қосып жатырсыңдар. Рақмет, сендерге!
Үлкен кісілерден алғыс алған үш дос енді апта сайын Шора апайға көмектесіп тұруға уәделесіп тарасты...
Дүйсен МАҒЛҰМОВ
495 рет
көрсетілді0
пікір