- Балаларға базарлық
- 23 Қыркүйек, 2020
Шылаушын
Елдос, Ермек және Тоқтар үшеуі ауыл сыртындағы үлкен тоспа суға келді. Ел «көл» атап кеткен бұл маң тыныш екен. Көгілдір айдын бұлтсыз аспан құсап мөлдіреп жатыр.
Таңертең Елдостың «көмейге барамыз» дегені де осы жер болатын. Көмей – бұл жердің екінші атауы. Үлкендер солай атағандықтан, балалар да солай дейтін. «Көмей» сөзінің мағынасын Елдос осы жолы білді.
– Көмей деген не сөз? – деп сұрады Ермек ағасы қасындағы Тоқтардан. Ол Ермектен бір-екі жас үлкен болатын.
– Көмей деген бе?.. – деді Тоқтар қолындағы қармақтың бауын реттеп жатып. – Көмей деген мынау... – деді тамағының астынан жаңа бұлтиып келе жатқан кеңірдек шеміршегін сұқ саусағымен түртіп. – Осының ішкі жағын көмей дейді.
– Жоқ, оны айтып тұрғам жоқ... оны өзім де білем. Мен мына жер неге көмей атанған, соны сұрап тұрмын, – деді Ермек.
Қушыкеш Тоқтар ыржиып күліп қойды.
– Білем, – деді сосын қайта байсалды қалыпқа көшіп. – Мен сені әдейі шатастырып жатырмын. Әкемнің айтуынша, «көмей» деген үлкен өзеннің, не көлдің жағасынан кішкене арыққа су бұрып алатын жер. Кейде судың деңгейін көтеру үшін дәу тоспа жасап, ағысты бөгейді. Оны «бөген» не «тоспа» деп атайды. Кейде «көмей» деп те атайды. Өйткені, тосылған су көбейіп, үлкен көл пайда болады да соның бір жерінен жаңа тоғанға су жырып алады.
Тоқтардың көп білетініне таңданған Ермек:
– Мұны сен әкеңнен сұрап білдің бе? – деді артынша.
– Иә, – деді Тоқтар басын изеп.
Жандарында тұрып екеуінің әңгімесін естіген Елдос «е, көмей деген сол екен ғой» деп, жаңа сөзді көңілінің бір жеріне бүгіп қойды. Сөйтіп тұрғанда Тоқтар:
– Жүріңдер, – деді қармағын иығына салып. – Бұл жерде балық жоқ. Жоғары таман барайық.
Ағайынды екеуі ере жөнелді. Үшеуі өрлеп келіп қалың талдың ішіне кірді. Тау суы сол арада арнасы тарылып, кілкіп ағады екен. Кей жері тіпті иірім. Ұршықтай иірілген су асты-үстіне түсіп, дөңгелене үйіріліп жатыр.
– Осы жерге саламыз, – деді Тоқтар тағы біраз жүрген соң.
Жағадан өзіне бір қолайлы жер тапқан қармағының жібін тарқатып, суға лақтырмақ болып еді, Тоқтар тоқтатты.
– Тоқта, – деді күліп. – Қармақты олай бос лақтырмайды. Жемі жоқ ілмегіңді жүз күн отырсаң да балық қаппайды.
– Енді не істеу керек? – деді Ермек досына қарап.
– Қармаққа балық жейтін жем ілу керек, – деді Тоқтар.
– Қандай жем? – деді Ермек түсінбей.
– Шылаушын, – деді Тоқтар сәлден соң. – Бері кел. Су бойында өте көп. Тез табылады.
Ермек пен Елдос Тоқтардың артына түсті. Тоқтар жағада салбырап тұрған шымды аяғымен теуіп құлатты да:
– Міне, – деді шымның астын нұсқап. – Кел де, ала бер.
Елдос жетіп барып қарап еді, айтқандай-ақ, беті әлгінде ғана ашылған дымқыл жерде қып-қызыл құрттар шұбатылып жатыр.
– Шылаушын! – деді мұнша көп таныс құрт көргеніне таңданған Елдос дауысы шығып.
Жетіп келіп Ермек те қарады.
– Бұл болмаса, балық ұстау мүмкін емес, – деді Тоқтар біреуін алып, жыбырлаған тірі күйінде қармағының ілмегіне шаншып жатып. – Балықтың жеңсік асы. Балық осыны жеймін деп ілмекке ілінеді. Кітаптарда «Жауынқұрты» деп жазылады. Неге қарап тұрсың, Ермек? Қармағыңды жемдемейсің бе?..
Елдос аң-таң. Бір жағынан іштей шұбатылған қызыл құртты аяп тұр.
Серік Нұғыман
563 рет
көрсетілді0
пікір