• Әңгіме
  • 30 Қараша, 2023

Мизам түйнек

(Әңгіме)

 

– Әне-міне дегенше жаз да өте шығыпты! Енді, міне – алтын күз. Құстар да жылы жаққа кете бастады, – деді Манас көкке қарап. 
Күз келгелі бері өзі көңілді жүр. Биыл атасы еккен қауын-қарбыз да бітік шыққан. Алқапқа барса, әртүрлі қауынның дәмін татсын деп, атасы бәкісімен тіліп, дайындап отыр екен. 
– Дәмі тіл үйіреді шіркіннің, тойғаныңша жеп ал, – деді барлығын алдына сырып. – Осының бәрі – күздің сыйы, қала берді еңбегіміздің жемісі. 
Шетінен алып жей бастады. Алдында қауынның неше түрі: анау сарыала, одан кейінгі күлабы, одан арғы қара күлабы, көк дөнен, әміре, басыпалды, торлама, барлығы толып тұр. Шамалауынша бәрі әміре мен басыпалдыға жетпейтін секілді.
– Сонда, ата, осыншама мол байлықты адамдарға күз сыйлай ма? – деді Манас шынымен таңырқап.
– Күздің күні қол жеткізген соң, солай айтамыз ғой. Әйтпесе, адамға ырыздық-несібені Алла Тағала береді, – деді атасы сөз мәнісін түсіндіріп. – Е-е, Жаратқан ием, бергеніңе мың шүкір! – деп қойды соңынан. 
Атасы көп өтпей қауын қағын алуға кіріседі. Жылдағы әдеті. Алдымен үйдің төбесіне ши төсеп, үстіне таспаланған қауын тілімдерін самсатып жайып тастайды. Күннің ыстығында әлгілер шырыны тартылып әбден кебеді. Кешікпей мейіз боп қатады. Оны атасы қаудырлатып қапқа салып, төмен түсіреді. Сосын әжесі екеуі текеметтің үстіне қатар отырып алып, қамшы өргендей қауыншек етіп өреді. Бәрі қыстың дайындығы. Қақаған қыста қауыншек таптырмайтын ас. Құдды шекер сеуіп, бал жағып қойғандай, сілекейіңді шұбыртады. 
– Ата, биыл да қауыншек жасайтын шығарсыз? – деді Манас қалың ой құшағынан суырылып шығып. 
– Әрине. Онсыз болмайды, – деді атасы жымиып. 
Қауынға тойып алған соң Манас бау-бақша аралауға шықты. Жан-жақты шолып асықпай аралап келеді. Бір кезде көзі шөп арасында жатқан сары түйнекке түсті. Қызығып, жүгіріп барып үзіп алды. 
– Ата! – деді сосын дауысын көтеріп. 
Атасы қасында шөп жиып жүріпті. Қолындағы ашасын тастай салып, ілезде жетіп келді.
– Мынау қандай қауын? 
– Бұл «мизам түйнек қой». Бұл қайдан жүр мұнда? – деді қарт бағбан қолына алған қауынына таңдана қарап.
– «Мизам түйнек»? Ол қандай қауын? 
– Қалың шөптің арасында қалып, көзге шалынбай, елеусіз пісетін қауынды «Мизам түйнек» дейді, – деді атасы асықпай. – Иісіне дүниеде иіс жетпейді! Мынаның иісі де мұрын жарып тұр екен, жарықтық. Мизам түйнектің дәміндей дәм де болмайды әлемде.
– Енді білдім, ата! – деді Манас қуанып. – Дәмін көрейік пе?
– Жоқ, асықпа. Кешке үйге апарып, көрсет. Сосын үйдегілермен бірге отырып жейік. Олжаны көппен бөлісу керек емес пе!
Кешке Манас олжасын үйге апарғанда, жұпар иіс бөлмені  алып кетті. Бәрі иіскеп таң-тамаша қалды.

3233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы