• Балаларға базарлық
  • 22 Ақпан, 2023

ЖІптен секіру

Маркиза БАЗАРБАЙҚЫЗЫ

Сәуле биыл бесте. Ол өте ақылды қыз. Апасы «ақылды қызым» дейді үнемі. Қоңыр шашын екі өрім етіп өріп, ұшына бантик байлап, айқастыра түйіп қойған. Аппақ бантигі ұшуға әзірленген көбелек сияқты.

Сәуленің өзі де көбелек тәрізді. Аяқ-қолы жеңіл, алып-ұшып жүреді. Алқызыл көйлегі өзіне сондай жарасқан. Оны да апасы қалаға барғанда базарлыққа әкеп берген. Соны киіп алып, табаны жерге тимей ұшады.   

Бірде қызық жағдай болды. Тегіс жерге бормен сызып, мәк тепкен қыздардан жырылып шығып, көбелек қуған Сәуле, оны ұстай алмай, артынан қарап қалды. Сол сәт биікте керіліп тұрған аппақ жіпті көзі шалды. Кір жаятын кәдімгі жуан жіп. Бір қарағанда, көкке көтеріліп, аспандағы бұлттар арасында тұрғандай көрінеді екен. Әдетте апасы кір жайғанда астына орындық қойып, қолын зорға жеткізетін. Әр жолы көрген сайын сол жіптен секіруді армандайтын. Бүгін де армандады. Анада теледидардан көрген әпкей құсап секірсе ғой, шіркін! Құстай қалқып жіптен секіргенде елдің бәрі шаттанып қол соғып еді-ау! Артынан еліміздің көк туы желбіреп, әпкенің мойнына алтын алқа тағылған.

Сол арманының орындалуының сәті енді түскендей. Атасы қысқа дайындаған отынды жіптің бір ұшы байланған ағаштың түбіне жинапты. Сол жиналған ағашқа шығып барып, жіптен секіруге болады емес пе?

Отынға өрмелей жөнелді. Міне, басына шықты. Жіпке таяп барып тоқтады. Енді «әуп» деп секірсе болды, өткендегі әпке құсап жіптің аржағына барып топ ете қалады. Бірақ...

Қайдан келгені белгісіз, осы кезде көрші үйдің қызы Күләштің сап ете қалғаны.

– Тоқта, Сәуле! Не істеп жатырсың? – дейді шыр-пыр болып. – Түс бері, андағы жер өте қауіпті...

– Қауіпті емес. Мен қорықпаймын, – деді Сәуле алаңсыз. – Не істейтінімді қазір көресің...

– Тоқта, Сәуле, секірме! Әйтпесе, апаңа айтамын, – деді Күләш одан ары безектеп.

– Айтсаң, айта бер. Қорықпаймын.

Солай деп үлгірмеді, анадай жерде келе жатқан әкесін көрді. Қолын бұлғап бірдеңе дегендей болды. «Ағашқа неге шығасың» деп ұрсып келе жатса керек. Іркіліп қалды. Соның арасы болған жоқ, ағаштардың бірі қозғалып кетті ғой деймін,  аяғының асты ақырын сырғи жөнелді.

Зәресі ұшқанда көзін жұма қойды. Екінші жағынан қатты өкінді. Отын бұлай аласара берсе, шыққан биігі төмендеп, жіптен секіре алмай қалады ғой! Арманы орындалмайды деген сөз.

Екі қолын ербеңдетіп, секіріп кетті. Жерге түсіп, көзін ашқанда көрді, әкесі мен Күләш өзіне қарап, ауыздары ашылып тұр екен. Артынша қос алақандарын ұрғылап, шапалақ соқты. Соған қарағанда, жіптен секіріп үлгерген болу керек. Қандай бақыт!

320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы