• Әңгіме
  • 04 Мамыр, 2021

Көктемнің бір күні

Қыс суық болғанмен, соңы жайлы болды. Көк­тем ерте шықты. Шатырдағы сіреу қар, суағар­дағы сүңгі мұз наурыздың ортасында жоқ болды.  
Біздің үйдің бағбаны – атам екеуміз. Ауламыз кең болғандықтан, аз жылдың алдында жеміс-жидектің неше түрін әкеп еккенбіз. Былтыр күзде жеміс бере бастады. Піскен кезде өзімізден артылғанын саттық. Сол табыстан биыл да үміттіміз.
Қар кетіп, айнала толық ашылды. Атам жылдағы әдетімен ауланы түгел аралап, бар-жоқты түгендеп шықты. Әр түп жеміс ағашының жанына тоқтап, еріндерін жыбырлатып сөйлескендей болды.
–  Ата, олар ағаш қой, сіздің сұрағыңызға жауап бере ме? – дедім мен білгішсініп.
– Ә, балам, бұлар менің ескі таныстарым ғой. Талайдан бері көріспеген соң, жандарына тоқтап, қал-жайларын біліп жатырмын, –  деді атам жымиып. 
–  Ал, онда айтыңызшы, олар не деді?
–  Не десін... «қыстан үсіп қалмай, аман шықтық» дейді. «Ол да болса Серік екеуіңіздің арқаларыңыз» дейді.
–  Біз не жақсылық жасаппыз оларға? 
– Былтыр суық түспей түбін көңмен көмдік қой. Соны айтады. «Сіздерге рақмет» дейді. «Еңбектеріңді ақтап, күзде төгіп тұрып жеміс береміз» дейді.
Атам рахаттана күліп алды.
–  Көмулі жатқан жүзімдермен де сөйлесе аласыз ба?
– Сөйлеспегенде! Әуелі үстілеріне жапқан қалың сабанды алайық. Қалғанын сосын көреміз.


«Барлық сөздерін атама ғана айтқанша, маған неге айтпайды екен деп өкпелеп қалдым. Іле «олардың да бір біл­гені бар шығар» деп, өзімді ептеп жұбаттым.
Сабанмен көмілген жүзім сабақтарын шығарып алған атам екеуміз оларды қатар-қатар орнатылған ағаш бағаналарға байланған көлденең сырықтарға сүйедік.
– Тоң кетіп, жер толық жібіпті. Енді тездетіп жеміс ағаштарының түбін тазалап, діңдерін әктеп, жұмысқа кірісуіміз керек. Бұдан кешігуге болмайды. Алма ағашының бүршігі жапырақ жаюға аз-ақ қалыпты, – деді атам бір кезде.
– Кәне, ата, мен де көрейінші, –  дедім мен қызығып. 
Атам мені алма ағашының қасына алып барды. Жарылар алдында тырсиған бүршіктің өңі жұқарады екен. Мен оны бұрын білмейтінмін. Сол күні көрдім. 
Кешікпей атам екеуміз «иә, сәт» деп жылдағы шаруамызға кірісіп кеттік. 

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

Қызылорда облысы

54 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы