• Балаларға базарлық
  • 11 Ақпан, 2021

Үш тал гүл

Бойы аласа, денесі нәзік болған соң былайғы жұрт Ақеркені балабақшаға баратын қыз деп ойлайды. Шынында олай емес. Ол – қаланың нақ ортасындағы, былтыр ғана пайдалануға берілген судай жаңа мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы.     
Бірде анасының қолы тимей жатты да:
– Ақерке, құлыным менің әмиянымнан бір мың теңге ал да, жүгіріп «Береке» дүкеніне барып келе қойшы? – деді.
– Не әкелейін, апа?
– Бір нан мен екі сүт керек. 
– Қазір, анашым,  – деді елгезек қыз елп етіп. Сөйтті де оқып отырған сабағын қоя тұрып, әмияннан керек ақшаны алды да, киініп шығып кетті.
Дала күндегідей емес, күн ерекше шуақты. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Қыс бойғы қар ери бастапты. Асфальт пен аяқ жолдар кеуіп қалыпты. 
«Ертеңнен бастап бір мезгіл аулаға шығып ойнауға болады екен» деп ойлады Ақерке маңайға көңілдене көз тастап.
– Оу, біздің Ақерке де далаға шығыпты ғой? – деді қарама-қарсы үйде тұратын Алдаберген ата бұған қарап.
– Амансыз ба, ата? Қалыңыз қалай? 
– Қалым жақсы, көрмейсің бе, күн шуақтауға шықтым. Жыл басы – Наурыз да жақындады. Әлгі қазақ бабамыздың: «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деген мезгілі келіп қалды.
– Ата, жаңа сіз «мүйіз, киіз» деп айттыңыз. Неге олай дедіңіз?
– Бәрекелді-і!.. Дұрыс аңғарғансың! Қазақтың сөзі бай әрі шұрайлы ғой, шіркін! Ата-бабаларымыз қалай-қалай шешен сөйлеген?! Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір ардақты өнердің бірі – шешендік өнер. Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, Әйтеке бидің таспадай өріліп, кестедей төгілген айшықты да асыл ойлары көнермейді. Ғасырдан ғасырға кете береді, зердеге  жете береді...
Ой-бу, балам-ай!.. Кешір атаңды!.. Сен сұраған мақалдың мәні былай. Мүйіз дегеніміз қатқан қасат қар болса, киіз дегеніміз сол қардың түс ауа күн шуағымен жібіп, еруі деген мағына білдіреді. Түсіндің бе?
– Мақалдың мән-жайын енді білдім, ата?    
– Жол болсын? Қайда кетіп барасың?
– Дүкенге бара жатырмын.
Азық-түлік сататын «Береке» мини-маркетінде әдеттегідей кісі ығы-жығы. Ақерке анасының өтінішімен қажет заттарын алып, үйге қайтты.
Көрші Алдаберген атаның әңгімесінен соң Ақерке ұзақ ойланды. Айтпақшы, наурызда ең бірінші келетін үлкен мереке бар ғой. Енді бір аптадан соң 8 наурыз – Аналар мерекесі келеді. Ақерке тағы ойланып кетті. Шешесіне қандай сыйлық жасаса екен. Ә, тапты-тапты, өткенде әкесі керек болар деп екі мың теңге берген. Соны ешқайда жұмсамай, стол тартпасына сақтап қойып еді.
Ертең 8 наурыз деген күні Ақерке жақын жердегі гүл сататын дүңгіршектен үш тал гүл сатып алды да, үйдің кіреберісіндегі дәлізге жасырып қойды.
Әдеттегідей сағат сегізде ұйқыдан тұрған Ақерке ас үй жақтан піскен бауырсақтың иісін бірден сезді. Ақырын тұрып ас үйге келсе, дастарқан үсті жайнап тұр. Әдемі торт, ваза толы жеміс-жидектер, неше түрлі кәмпиттер.
Үй ішіндегілер столға отыра қоймапты. Ақерке кешегі қойған жерінен үш тал гүлді алды да, орауын жазып ас үйге беттеді.
– Асыл анашым, мерекеңіз құтты болсын! – деді хош иісті, ашық түсті алқызыл раушан гүлдерін ұсынып жатып.
– Ақылыңнан айналдым! Рақмет, алтыным!
Әкесі, бауырлары Ақеркенің тапқырлығына таңғалды. Анасы кішкентай қызы мен әдемі раушан гүлдерін  құшағына қысып, бәріне мейірлене қарады.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

682 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы