• Мерейтой
  • 11 Ақпан, 2021

Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген Қасым Аманжолов әдебиетке ерте араласты. Бірақ оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен 1938 жылы ғана жарық көрді. Ақын 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, әуелі Қиыр Шығыста әскери қызметін өтеді.1943 жылы батыстағы неміс басқыншыларына қарсы майданға аттанды. 
Соғыс аяқталған соң оның «Дауыл» атты жыр жинағы жарық көреді. Бұл ақынның қазақ өлеңіне үлкен өзгеріс ала келген туындысы еді. 
Қасым аталарың балаларға да арнап көптеген өлеңдер жазды. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарды. 
1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көрді. Ол бірқатар ұлы ақындарды қазақ тілінде сөйлетіп, А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден, А.Твардовскийден шебер аудармалар жасады.

ҰШҚЫШ БОЛҒЫМ КЕЛЕДI

Мөлдiр тұнық көк аспан,
Сол аспанға жарасқан
Самолеттей сұңқармен,
Ұшқан құспен таласқан
Ұшқыш болғым келедi!

Көңiлi – дария, ойы – аспан,
Асқар шыңнан бойы асқан,
Ай, Күнiмен аспанның
Әзiлдескен, сырласқан
Ұшқыш болғым келедi!

Күнге күлiп, күй тартқан,
Айға әнiн тыңдатқан.
Бақыт жырын жырласа,
Таң Шолпанын қуантқан
Ұшқыш болғым келедi!

Тыңда туып түлеген
Тас түлектей көреген,
Көк қойнында тояттап,
Шың басында түнеген
Ұшқыш болғым келедi!
Жат жерлерге қонбаған,
Жатқа көңілі толмаған,
Асыл затты сұңқардай
Өз ұясын қорғаған
Ұшқыш болғым келеді! 

Мұздай болат киiнген,
Батпан қару үйiрген,
Қорғап бақыт ұясын,
Тас түлектей түйiлген
Ұшқыш болғым келедi!

Ар, намысын ақтаған,
Жүректе сыр жаттаған,
Туған елiн – ұясын
Жан-тәнiмен сақтаған
Ұшқыш болғым келедi!

Ұшқыш болмай немене?!
Қуат бiттi денеме!
Қанатым бар қайыспас,
Жастарға ісім өнеге.
Ұшқыш болғым келедi!

ДАРИҒАҒА ХАТ

Құралай көзi мөлдiреп,
Кекiл шашы желбiреп,
«Папалап» кеп әрдайым,
Сүйдiретiн маңдайын
Қозым менiң, құлыным,
Әрi қызым, әрi ұлым.
Құсым менiң құлшынған,
Гүлiм менiң құлпырған,
Қызығына үй толған,
Көкiрегiме күй болған,
Жалықтырмас жәрмеңкем,
Жайдары жаз, ақ еркем.
Көп түсiрген ой маған,
Алтын оттай ойнаған,
Қуанышым арнасы –
Өмiрiмнiң жалғасы.
Қағаз алып тартпадан,
Жазыпты ғой хат маған,
«Папа, сенi сағындым...» –
Деп жазыпты дарындым.
Толған жоқсың алтыға,
Сенiң тұңғыш хатыңа
Қараймын да мәз болам,
Жаз осылай, жаз, балам!

ЖАННА

Артқа тастап алтыны,
Жанна жеттi жетiге.
Жазды бастап «А», «Б»-ны,
Бiрдi қосып екiге.

Нажағайдай жалт берiп,
Жарқылдайды жанары,
Санасына тап келiп
Әрбiр ойдың хабары.

Саусағымен сырғытып,
Қайырады кекiлiн,
Жанна бiздiң жүр күтiп
Келер күнiн жетiнiң.

Талпынады асығып,
Жетiге тез жетпекке,
«Жақсы сөмке асынып,
Барамын, – деп, – мектепке».

«Қай мектепке барады,
Кiм болғысы келедi?»
Сәл түйiлiп қабағы,
Соны ойлай бередi.
– Әртіс болам, ән салам,
Апа, папа, кел! – дейдi,
– Өзiм шығып қарсы алам,
Билетсiз-ақ ен!– дейдi.

– Дәрiгер болам, дәрiмдi
Көп-көп етiп қойдырам.
Апа, мама, бәрiңдi
Аспиринге тойдырам.

Аралаймын көп қала,
Ұшқыш болам мен! – дейдi.
Бәрi болам, тек қана
Ақын болғым келмейдi.

Кiм болсаң да бой жетшi,
Шықшы өмiр төрiне,
Қызығыңды көрсетшi
Ата-анаңа, елiңе.

 

61 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы