• БАЛДЫРҒАН
  • 01 Желтоқсан, 2025

Биіктегі батпырауық

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Президент саябағында әкесі мен қызы серуендеп жүр. Алыстан мұнартып көрінген Алатау көз тартады. Биігіндегі асқар шыңдар ақ қалпақты атадай күн сала қарап, «кел, кел» деп шақырып тұрғандай.
Бұл саябаққа көбінде батпырауық ұшыру үшін келетін. Кең алаңқай, серуендеуші халық та көп. Көк аспанда сан алуан пішіндегі батпырауықтар қалықтап жүрер еді. Бірі – көбелек, бірі – торғай, бірі айдаһар бейнесінде. Кейбірі, тіпті, көк жүзінде жарысып, биікке самғайды.
– Біздің батпырауық алысқа ұшпай жатыр. Анау батпырауықтарды қараңызшы, әке, қандай биікте, – деді қызы қынжылып.
Әкесі батпырауықтың жібін ақырын тартып қойды.
– Басқаларды қайтесің, қызым! Өзіңде барды ешкіммен салыстырушы болма. Өзіңмен ғана жарыс! Нағыз жетістік деген, міне – сол, – деді әкесі көзін сұңқар бейнеленген батпырауығынан айырмай. 
– Біздің батпырауық сұңқар болса да, алысқа ұша алмады! Ал басқалардікінде – көбелек, тіпті, торғай бейнеленген, сонда да еркін ұшады. 
– Асықпа, қызым! Қазір біз де ұшырамыз! – деді әкесі саспай. 
Бір жүгіріп барып келіп еді, батпырауық әжептәуір көтерілді. 
– Мә, қызым, жібінен сен де ұста! Жүгіріп жүріп, маған көмектес.
Іңкәрім әкесінің айтқанын екі етпей орындады. Аздан кейін батпырауықтары зау көкте еркін самғап жүрді. Енді жүгіріп әуре болудың қажеті жоқ. Әкесі мен қызы жіпті тартып, жай ғана бақылап тұрса болғаны. 
– Қараңызшы, әке! Биіктеген сайын еркін ұшып барады! – деді қыз қуанып.
– Сен де өскен сайын биіктеп, арманыңа жақындай түсесің, қызым.    
Кенет батпырауық қанатын қағып, шын сұңқарға айналып кетті. Енді оған жел де қажет емес еді. Өз бетімен ұша алады!
– Мәссаған, әке! Біздің батпырауығымыз, шынымен-ақ, құсқа айналды! – деді қыз шаттанып.
Әкесі сәл таңдана қарады. Сұңқарды ұстап тұрған жіп қана еді. Іле оны үзіп жіберді. Сұңқар биіктеп, Алатау жаққа қарай самғай жөнелді.
– Өз биігін еркін шарласын, арманына жетсін! – деді әке көзін көкке тігіп.
– Ол неге бізді тастап, кетіп қалды? – деді қыз бұртиып.
– Балалар да ержеткен соң сұңқардай самғап, армандарын іздейді. Бірақ шын достар алыста жүрсе де, әрқашан бірге болады.
Қызы басын изеді. 
Сәлден соң екеуі үйге қарай бет алды. Ал әлгі сұңқар-батпырауық қайта айналып келіп, төбелерінде қалықтап жүрді. Қанатын қағып, сәлем бергендей.
– Сәлем, Сұңқар досым! – деді Іңкәрім де қол бұлғап.

2069 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы