- БАЛДЫРҒАН
- 01 Желтоқсан, 2025
Сабақтастық
Дәуіржан ТӨЛЕБАЙ
Күз келіп, жапырақтар сарғая бастады. Дала соншалықты бір әдемі түске енді. Енді аздаған аптадан кейін, қыс айы да келіп жетеді. Атам қазақ бұл кезді «қоңыр күз» деп атайды екен. Ерханның атасы солай деді.
– Қоңыр күз келгенде, әкем екеуміз көк атты шанаға жегіп, орманға отын алуға баратынбыз, – деп бастап еді қария бір жолы әңгімесін. – Ол кездің адамдары үлкен демей, кіші демей ауыр еңбектің ортасында жүретін. Қазіргідей емес, бәрін өз қолдарымен дайындайтын. Шөп шабатын, отын бұтайтын, көмір түсіретін, су таситын. Ауылдық жерлерде мұндай жұмыс әлі де сақталған. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда бүгінгінің адамдары ауыр бейнеттен құтылған. Өркениет жетістіктерінің келуімен тұрмыс-тіршілік әлдеқайда жеңілдеді. Жұмыс күшінің көбін техника атқарады.
Ерхан атасы айтқан сол заманда өмір сүрсем ғой деп армандады. Өйткені, ол қазір ауылда емес, шаһарда тұратын еді. Қалада туып, қалада өсті. Үйде істейтін жұмыс жоқ. Мұнда бәрі дайын. Ыстық, суық су үйге, асүйге дейін келіп тұр. Жылу да солай. От жағып әуіре болмайсың.
Ерхан өткен жылдары жазда ауылға барғанда, атасының жанында жүріп, көп жұмыс істеп көрді. Әсіресе, қол еңбегі оған көбірек ұнады.
Ал қазір атасы жоқ. Біраз жыл болды, ауылға әжесін көруге барады.
Бірде ол бұрын көргенін істеп, атасының ескі шалғысын алып шығып, ауыл сыртынан шөп шапты. Атасы қайтқалы тот басып, шошалада жатқан екен, орауын ашып, қайрақпен қайрап еді, жалтырап шыға келді. Өткірлігі де сол қалпына енді. Оның бұл ісіне риза болған әжесі:
– Ой, айналайын құлыным, бұл шалғы атаңның көзі еді ғой. Соны қайрап, жарқыратып қойғаның қандай жақсы болды. Әне бір жерде атаңнан қалған ер-тоқым бар. Ол да ерттелмей қалды, – деді мұңайып.
Ерхан атасының ер-тоқымын алып шығып, шаңын сүртіп, көлікке ерттеуге дайын ғып қойды. Сөйтіп, ақылды немере атасының ісін қайта қолға алып, жаңғыртып жатыр.
«Дәстүр сабақтастығы» дегеніміз, сірә, осы болар.
2011 рет
көрсетілді0
пікір