• БАЛДЫРҒАН
  • 01 Желтоқсан, 2025

Белгілі балалар жазушысы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ 80 жаста

Бейбіт Қойшыбаев аталарың 1945 жылы  20 қарашада Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында өмірге келген. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің түлегі.
Кезінде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы, бас редакторы болды. 
Әр жылдары еліміздің белді басылымдарында, Қазақстан Жазушылар одағында, Экономика және сауда министрлігінде, өзге де мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарды. 
Өткен күндердің «ақтаңдақтарын» ашып, зерттеп-зерделеп жүрген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты.
Жас жеткіншектерге арналған «Өрімтал», «Ғарышқа жаяу саяхат», «Жақсы көрем», «Қара алтын қайдан шығады?», «Жас қалам», «Ғажайып шақ» сынды кітаптардың авторы.
Шығармалары орыс, белорус, болгар, қытай тілдеріне аударылды.
Жазушы аталарыңды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, өздеріңе арналған тамаша әңгімесін назарларыңа ұсынамыз.
 

Айнұр алты жаста,  әрдайым апасына көмектескенді ұнатады. Таң атқалы үй ішін жинастырып жүр. Бүгін демалыс, балабақшаға барған жоқ. Әкесі мен апасы қонақ күтіп отыр. Меймандар келгенше үйді тазалап, жинап қою керек. Қолына шүберек алып, кітап сөрелерінің шаңын сүртті. Сосын асүйде жүрген шешесіне келіп:
– Енді не істейін, апа? – деп сұрады.
– Аулаға барып ойнай ғой, – деді шешесі.
Айнұр үй шаруасына қажет емес екенін анықтап алды.
– Бәрін өзің дайындап үлгердің бе?
– Әрине, – деді апасы. – Сен ең қиын шаруаға жәрдемдестің. Қалғанын өзім-ақ бітірем.
– Онда мен сыртта жүріп, кісілер келе жатқанда хабарлайын.
– Сөйте ғой...
Айнұр киінді. Конькиінің бауын байлауға әкесі көмектесті. Содан соң тарс-тұрс басып далаға шықты. 
Бір-екі бала коньки теуіп жүр. Айнұр да сонда барып, сырғанай жөнелді.
Теледидардан мәнерлеп сырғанаушылардың өнерін талай тамашалаған Айнұр конькиді соларша тебуге құмар. Әсем қимылдар жасап көргісі келеді. Бір аяғын көтеріп, айнала беріп еді, құлап түсті. Ұшып тұрып, қайта сырғанай берді.
Сырғанақ тепкен қызық. Әртүрлі қимыл жасағысы келіп бір жығылады, бір тұрады. Әйтпесе Айнұр конькиді жап-жақсы тебеді. Мұзайдынды айнала сырғи жүгіргенде ешкімнен қалыспайды.
Тағы бір шеңбер жасай бергенде үйдін бір бұрышынан әке-шешесі тосып отырған меймандар шыға келді. Айнұр үйге беттеді. Мұзайдынның жиегіне жете бергені сол еді, қатарласа сырғанап келе жаткан Марат:
– Мәнерлеп сырғанауды стадионда үйретеді, – деді.
Айнұр тоқтай қалып:
– Ол қайда? – деп қызыға сұрады.
– Онда арнаулы жаттықтырушылар болады.
Айнұр айдынға қайта түсіп, қатарласа сырғанады.
– Ал жаттықтырушылар кімге үйретеді?
– Үйірмеге жазылғандардың бәріне, – деді Марат. – Менің әпкем жаттығып жүр. Оны әжем ертіп апарады...
– Мен де барам...
– Білесің бе, мені апамның қайда ертіп апарғанын? – деді бір кезде Марат.
– Қайда?
– Жазда шетелге, Қара теңізге апарды. Теңізге шомылдық.
Марат танауын көтере қарады. Айнұр сәл ойланып қалды. Сосын:
– Ал сен «Аққайыңға» бардың ба? – деп сұрады.
Марат ол жерді көрмеген еді. Алыстағы Қара теңізге барғанын мақтан етсе де, «Аққайың» одан да алыс болар деп ойлап, іркіліп қалды.
– Барғамын жоқ, – деді кібіртіктеп.
– Мен бардым, – деді Айнұр мақтана. – Мені онда апам мен әкем апарды. Бүлдірген тердік.
Марат мүлдем жеңілді. «Аққайың» деген жердің қаланың түбінде екенін, оған бару үшін ешқандай алып ұшаққа мінудің қажеті жоқтығын білсе, бәлкім, айтысар ма еді, қайтер еді?..
Білмегендіктен аузын ашпады.
– Міне, солай, – деді Айнұр шегелеп.
Кенет ол меймандардың үйге қарай өткенін есіне алды.
Конькиімен тас сатыны басына көтере тарс-тұрс жүгіріп, пәтеріне жетті.
– Апа! – деді, есіктен ентіге кірген беті. – Қонақтар келді! 
Апасы қатты күліп жіберді.
– Ой, алтыным! Қонақтар үйде отыр. Кел, шешін!
– Мен қонақтарды далада көргем, соны хабарлайын деп келдім. Онда сырғанаққа кеттім.
– Жарайсың, – деді әкесі. – Уәдеңде тұрдың. «Меймандардың келе жатқанын хабарлаймын» дедің, хабарладың. Солай ғой, апасы?
Апасы Айнұрдың қызарған бетінен мейірлене сүйіп, мойнындағы бөкебайын дұрыстап байлады.
– Әрине, уәдеге бекем болу әркімнің қолынан келе бермейді.
Әке-шеше сөзіне көтеріліп қалған Айнұр есікке беттеді. Тапыр-тұпыр басып, баспалдақпен түсіп барады.
 

 

2038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы