- БАЛДЫРҒАН
- 01 Желтоқсан, 2025
Белгілі жазушы Қуандық ТҮМЕНБАЙ 70 жаста
Жазушы аталарың Қуандық Түменбай 1955 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «Қызылту» елді мекенінде (қазіргі Ыбырай Жақаев ауылы) дүниеге келген.
Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеу Әдебиет институтын бітірген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде – тілші, «Жұлдыз» журналында – проза бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Алматы ақшамы» газетінде – бас редактордың орынбасары, Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде – бас редактор, «Қазақстан» баспасында – бас редактор, «Үркер» журналында бас редактор болып қызметтер атқарған.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, проза кеңесінің төрағасы.
Отыздан астам кітаптың авторы.
Шығармалары ағылшын, араб, орыс, қытай, түрік, неміс, кәріс, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Түркі дүниесіне қызметі үшін» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Қазақстанның Құрметті жазушысы.
Балаларға арнап та қалам тербеп, мөлтек әңгімелерін «Балдырғанға» үзбей жолдап тұратын жазушы аталарыңды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, жаңа туындыларын назарларыңа ұсынамыз.
Екінші сыныпта оқитын немерем мектепте өткен Наурыз тойында «Нағыз қазақ кім?» деген сайысқа қатысты.
– Нағыз қазақ кім? – деп сауал тастады ұлттық киім киген жас жүргізуші.
– Қазы жеген қазақ – нағыз қазақ! – деп жауап берді бірінші бала.
– Ат мініп, тазы ерткен қазақ – нағыз қазақ! – деді екінші бала.
– Наурызда қазақша киініп, көже ішкен қазақ – нағыз қазақ, – деді үстіндегі ою-өрнегі мол шапанының өңірін сипап қойған үшінші бала.
– Қазақша сөйлей алған қазақ – нағыз қазақ, – деді менің немерем осы кезде төртінші бала болып.
Көпшілікке қабағын түйе қарап қойды.
Жарыс аяқталды. Бас бәйге Қобыланды батыр боп киініп, қолына қылыш ұстаған үшінші балаға бұйырды. Әкесі осы тойды қаржыландырған кәсіпкер екен. Жүргізуші ол кісінің есімін де аса құрметпен атап өтті. Ұлтжанды кісі болғандықтан, жарысқа қол ұшын беріпті.
Соңында жүлдегер бала ортаға шығып, сыйлығын алды. Жүзінде күлкі. «Спасибо!» деді сахнадан түсуге бұрыла бергенде.
– Оу, нағыз қазақ, неге «рақмет» деп айтпайсың? – деп қалды қатарда тұрған немерем.
«Нағыз қазақ кім?» бәйгесі осылай аяқталды.
Айтыс
Ханифа балабақшаның ересектер тобында жүріп айтысқа қатысты. «Е-е-е-ей!» деп бастап, кішкентай Айнұр болып, әуенге салды. Тәуелсіздік мерекесінің мән-жайын төрт шумақпен тәптіштеп айтып берді. Қарсыласы – Ермек. Ол да осы топтың баласы. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, тәуелсіздікке әрең жеткенімізді айтты. «Хайлайлым, хайлым, хайлайлым» деп Балғынбекше жауап берді. Бір қыз бен бір ұл төрт шумақты төгіп-төгіп тастады.
Сәукеле киіп, үкі таққан Ханифа анда-санда ағаш тостағандағы қымызды ұрттап қояды. Қасындағы ұл дәм татпады.
Нәтижеде екеуі бірдей ұпай алып, тең түсті. Екеуі де «Құрмет қағазымен» марапатталды. Отырған үлкен-кіші қазанға бидай қуырғандай қол шапалақтап, залды бастарына көтерді. Мұғалімдер айтыстың сәтті өткеніне мәз.
Бойын мақтаныш кернеген Ханифа айтыстың бейнежазбасын атасының қалта телефонына салып жіберді.
– Қалай айтысқаныңды көрдім. Қарсыласыңды сөзбен тұқыртып тастадың, – деп маңдайынан иіскеді ертесі атасы амандаса барғанда.
– Жоқ, ата, біз тең түстік. «Екеуің тең түсесіңдер» деп апай алдын-ала айтқан, – деді Ханифа бала көңілмен ағынан жарылып.
– А, солай ма? – деді атасы немересінің аңқаулығына мәз болып. – Қымыз тәтті ме екен? Қайта-қайта ұрттап отырдың, ал ана бала бір рет те ернін тигізбеді.
– Ой, ата, ол әншейін бос ыдыс қой. Апай солай ұрттап отырыңдар деген.
– Е-е, сендерді жан-жақтылы баулыған екен ғой...
Ертесі белінің құяңы ұстап қалса да, кібіртіктей басқан атасы тәрбиешімен тілдесуге балабақшаға қарай кетіп бара жатты.
2020 рет
көрсетілді0
пікір