• БАЛДЫРҒАН
  • 01 Желтоқсан, 2025

Қоңыр қонжық

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ
 

Қоңыр Қонжық – енесінің еркесі. Бал жегісі келсе, жылайды, енесі барып, салып береді. Осы әдіспен ол достарын да айтқанына көндіріп алған. 
Бір күні Қонжықтар Коалалармен футбол ойнады. Ерке Қонжық қанша тырысса да, жақсы тебе алмады. Дұрыс машықтанбаған еді. Ызаланған ол тағы да отыра қап жылады. Бірақ жұбатуға ешкімнің мұршасы болмады. Оған айланса, Коалалардан жеңіліп қалар еді.
Жылай-жылай тамағы қарлыққан Қонжық бір кезде орнынан тұрып:
– Мен футбол ойнайтын басқа достар іздеймін! – деді бұртиып.
Апанына кеп, ағаш бұтағынан екі қолына екі қанат және доп салатын сөмке дайындады. Сөйтті де, әуеге көтеріліп, жаңа достар іздеп, сапарға шықты.
Ұша-ұша еш қарайған көрінбейтін аппақ әлемге тап болды. Жер жүзін қар тұмшалап тастағандай еді. Бір кезде қардан бөлініп шыққандай бір ақ Қонжық кездесті. Тек екі көзі мен мұрны ғана қараяды. 
– Сен қалай аппақ болып кеткенсің? – деп сұрады таңданған Қонжық.
– Мен – Ақ аюдың Қонжығымын. Біз Арктикада өмір сүреміз. Сондықтан аппақпыз, – деп жауап берді жаңа танысы.
– Мен бірге футбол ойнайтын дос іздеп жүрмін.
– О, онда екеуміз дос болайық. Мен одан да қызық ойын көрсетемін. 
Ақ Қонжық қолынан ұстап, суға қарай сүйрей жөнелді. Екеуі барып суға гүмп ете түсті. Су мұздай екен. Ақ Қонжық Итбалықтан кем сүңгімейтін еді, бір батып, бір шығып, жаңа досын ойната бастады. Суға тұншығып, тісі-тісіне тимей сақылдаған ерке Қонжық бір кезде сыртқа әрең шықты.
– Досым, мені енді суға батырма! Мен жүзе алмаймын, – деді дірілдеп.
Ішек-сілесі қатқан ақ Қонжық досын тағы да суға сүңгітті. Бір сәт су беті тынышталып, тынып қалды. Қорыққан ақ Қонжық қойып кетіп, батып бара жатқан досын алып шықты. Оның Арктикада өмір сүре алмайтынын түсінген соң, қанатын кигізіп, шығарып салды.
Ұзамай аппақ әлемнің шеті көрінді. Бойы жылынған ерке Қонжық дем алу үшін көл жағасына кеп қонды. Сол маңнан бір қайық көрді. Үстінде капитан секілді біреу қарап тұр екен. Жақындай келе «қайық» дегені – Бегемот, «капитан» дегені Бегемоттың бұзауы екенін білді.
– Қоңыр Қонжық, бұл жерде қайдан жүрсің? – деді Бегемот бұзауы.
– Мен футбол ойнайтын дос іздеп жүрмін.
– Мен де футбол ойнауды үйренсем деп едім. Кел, екеуміз ойнайық.
Бірақ ол ерке Қонжықтан бетер икемсіз екен. Алдында тұрған допқа аяқтарын тигізе алмады. Қалай тебуді үйретем деп күйіп-піскен Қонжық:
– Ештеңеге икемі жоқ олақ екенсің, – деді ашуланып.
– Икемім болмаса да, мен сенің мына сөзіңе шыдай алмаймын! – деп айқайлаған Бегемот бұзауы оны тұмсығымен бір сүзді. Қонжық есінен танып қалды. Есін жиғанда, Бегемот баласын көріп, алды-артына қарамай зытты.
Міне, ұшып келеді. Алдынан тал-терегі жайқалған әдемі жер кездесті. Еш ойланбастан сонда қонды. Алқаптың табиғатына қуанғаннан қанатын шешіп, лақтырып жіберіп еді, ол сол маңда жусап жатқан Мүйізтұмсықтың басына тиіпті. Ашуланған Мүйізтұмсық Қонжыққа қарай тұра ұмтылды. Қашам деп шегіне берген Қонжық талдың тамырына шалынып, құлап түсті. Алып хайуан тура жанынан заулап өте шықты.
Бір қатерден аман қалған оның енді дос іздеуге зауқы соқпады. Ескі достарын сағынды. Еркелікті қойып, солармен бірге болуды ойлады. Кенет құлағына бір нәзік әуен келді. Еріксіз елітіп, солай қарай жүрді. Дауыс бірте-бірте жақыннан естілді. Ағаш басынан шығып тұрған секілді. Өрмелеп сонда шықты. Жапырақ жасырып тұрғандай боп, қол соза беріп еді, күтпеген жағдай болды. Әлгі дауыс мысықша баж етті. Шошыған Қонжық құлап түсті.
– Сен кімсің? – деді орнынан тұра салып.
– Мен Мысықторғаймын, – деді біреу жапырақ арасынан.
– Жаңағы әдемі үн сенікі ме?
– Иә.
– Ал, соңғы ащы дауыс ше?
– Ол да менікі. 
Қонжықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Тұрып-тұрып, қанатына қарай жүрді. «Ескі достарыма барам! Олардан артық дос жоқ екен дүниеде!» деп қойды ішінен.
 

2031 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы