- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қыркүйек, 2025
Жас натуралистер
Серік САТЫБАЛДИН
Күз күндерінің бірі.
Бір топ бала қала сыртындағы тоғайға қарай беттеді. Олар – жас натуралистер үйірмесінің мүшелері еді. Жол бойы табиғат туралы жарыса айтып, өздерінің өзгеден артық білетіндерін көрсетуге тырысып бақты.
Олар шөбі сарғайған алаңқайдан өтіп, иір-иір бұтақтары жан-жаққа кең жайылған алып шыршаның астына келіп тоқтады.
– Құрма ағашы туралы не білесіңдер? – деп бастады көк көйлек киген бала сөзін.
Жағалата қарап, жауап беруге ыңғайланған ешкімді көрмеген соң, сөзін ары жалғады.
– Оның қолдан өсірілетін тұқымы да бар екен. Жемісі ірі, шырынды, түсі – қызыл-сары. Ірі ағаштары жылына жарты тоннаға дейін жеміс береді дейді. Ғажап емес пе? Бір ағаштан осыншама өнім алу деген, шынында да, кісі таңғаларлық нәрсе!
Келесі кезекте басына сұр кепка киген бала тропиктік аймақтағы ауа райы туралы әңгіме бастады. Бәрінің назары сонда.
Осы кезде оқыс ұйтқыған жел шыршаның ұзын бұтақтарын ырғап-ырғап қойды. Биіктен құлаған бармақ басындай бүр бір баланың басына кеп топ ете қалды да, андай жерге домалап кетті.
– Мынау еменнің жаңғағы, – деді бір бала жерде жатқан жаңағы бүрді көрсетіп.
– Жоқ, бұл қара өрік қой. Соны да білмейсіңдер ме? – деді тағы бір бала шет жақтан.
– Әй, сендерге не болған? Тынышталыңдар! – деді үйірме бастығы сөзге араласып. – Мынау деген кәдімгі талшынның жемісі. Ол осындай күз мезгілінде піседі.
Осы кезде оқыс соққан желден алып шыршаның тарам-тарам, иір бұтақтары дірілдеп, суылдай қоя берді. Бір-бірімен дауласып, таласып тұрған балалар бір сәт үнсіз қалды. «Не болды» дегендей барлығы таңырқап жоғары қарады. Бірақ, ешқайсысы ештеңе түсінбеді.
Өзі туралы балалардың ештеңе ұқпайтынын аңдаған шырша ашуға мініп: «Сендерді ме, бәлем! Инедей үшкір қылқанымды денелеріңе сұғып-сұғып алсам, білер едіңдер менің шырша екенімді. Және ана ұшып түскен бүртіктің менің бүрім екенін» дегенді үнсіз ымдаған еді.
Павлодар қаласы
4327 рет
көрсетілді0
пікір