- БАЛДЫРҒАН
- 30 Қыркүйек, 2025
Белгілі балалар жазушысы Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН 60 жаста
Бауыржан Ғұбайдуллин 1965 жылы 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Қызылжар деген ауылда дүниеге келген.
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Мамандығы – журналист.
Әр жылдары «Ақ желкен», «Зерде», «Алтын Орда», «Айқын» сынды республикалық басылымдарда қызметтер атқарды. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетін басқарады.
Бауыржан ағаларың – балаларға арналған «Күн бала», «ЖиҺангез Ақкербез» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, балаларға арналған шығармалары «Ақ желкен», «Балбөбекке бәсіре» сынды жинақтарға енген.
Танымал журналист әрі талантты жазушы Бауыржан ағаларыңды асқаралы алпыс жасымен құттықтай отырып, «Балдырған» журналы ұйымдастырған «Біз бақытты баламыз» бәйгесінде жүлде алған тамаша әңгімесін назарларыңа ұсынамыз.
Жақсылық жасау қиын емес
(Әңгіме)
Асылхан ата-әжесіне еріп саяжайға барды. Жете сала жұмысқа кірісті. Әуелі арықтарды арамшөптен арылтты. Бау-бақшаны, сірә, содан кейін суармақ. Асылхан болса, су толы шелекке түсіп кетіп, тырбаңдап шыға алмай жатқан араны қызықтаумен болды. Қос қанаты ылғалданған араның ұшарға дәрмені жоқ. Жіп-жіңішке аяқтарымен жан ұшыра тырбаңдайды. Арада сәл-пәл дамылдап алып, жаңағы өнбес тірлігіне қайта кіріседі. Малмандай су болған денесі төмен тартады. Сонда да жанталасын тоқтатар емес. Өмір үшін күрес, тірлік үшін арпалыс жүріп жатыр. Сөйтіп тұрғанда, арқа тұсынан атасы таяп келгенін аңдамай қалды. Немересінің неге кідіргенін енді түсінген қарт:
– Араны судан шығарып жібер! – деді бұйрық райда. – Сауап аласың.
– Сауап деген не, ата?
– Сауап деген жасаған жақсылықтың өтеуі.
– Араны судан шығарсам, жақсылық бола ма?
Атасы жауап бермес бұрын жерден бір жіңішке шыбық алды. Сосын:
– Мә, мынаны алдына тоссаң, жабысып өзі-ақ шығады, – деді.
Алты жастан асқан Асылхан атасының айтқанын істеді. Шынында да, ара шыбыққа жабысып сыртқа шықты. Ұшарға күш-қуаты жоқ, іркіліп тұрып қалды.
– Осы қалпында анау томардың үстіне апарып қой. Күннің кешкі шуағында үсті-басы кепкесін, өзі-ақ ұшып кетеді.
Балақай бұл жолы да атасының айтқанын екі етпеді. Сосын қайтып келді де, жаңағы бір шелек суды тұрған жеріне төге салды.
– Оның не, балам? «Cудың да сұрауы бар» деген, ысырапқа жол беруге болмайды.
– Аралар тағы түсіп кетпесін деп төктім.
Атасы үн-түнсіз барып, құбыршекті шүмекке жалғады. Сосын шүмекті ашып, шелекті қайта суға толтырды.
– Егер біз шелекке су толтырып қоймасақ, мына аптап ыстықта төңіректегі торғайлар суды қайдан ішеді? Біздің бау-бақшаны тозаңдандырып жүрген жәндіктер де шөлдейді. Бұл маңда өзен-көл, ашық су жоқ.
Бала атасынан «Тозаңдандыру деген не?» деп сұрайын деп еді, алайда аузынан басқа сауал шықты:
– Торғайлар мен жәндіктерге су құйып қою да сауап па, ата?
– Иә, сауап. Сол сияқты қояндарға уақтылы жем-шөп беру де сауап.
Осы кезде Асылханның ойына атасының үнемі: «Саяжайға барысымен қояндарға азық салуды ұмыттырма», – дейтіні түсті. «Қап, атама соны айтуды ұмытып кетіппін. Қояндардың қарны ашып қалды-ау...» деді ішінен.
– Ата-әжеге көмектесу де сауап па, ата?
– Әрине! Сауаптың ең үлкені – қарияларға көмектесу. Айналасына қолынан келгенше жақсылық жасау – үлкен-кішіге бірдей парыз. Жалпы, жақсылық жасау қиын емес, балам. Тек ниет болса болғаны.
Сол күні немересі қос қарияға біраз қолғабыс етті. Әуелі әжесіне тосап қайнату үшін қарақат терісті. Іле-шала атасына арамшөп жұлысты. Қояндарға қырыққабаттың қабықтарын берді. Сосын кішкене сусебермен гүлдерді суарды. Содан кейін атасы шоқ самаурынға шай қайнату үшін шапқан шөмшектерді бір жерге жиды. Кешкі шай алдында әжесі дүкенге бір жұмсап алды.
Аспан ашық болса, түнде саяжайдағы сәкі үстінде ұйықтаған керім екен! Тамылжыған тамыз түнінде уылжып піскен алма иісі сүйкімді балақайдың мұрнын қытықтады. Ай сүттей жарық, түн сондай тыныш еді. Күні бойы тыным таппаған атасы басы жастыққа тие ұйықтап қалды. Ал әжесі бір-екі ертегі айтып берді. Қос қамқорының ортасында түнгі аспандағы жұлдыздарға қарап жатып: «Өскенде ғарышкер болып, аспанға ұшсам, ол да сауап па екен, ә?» деді ішінен.
Кірпіктері іліне бере атасының күндіз: «Жақсылық жасау қиын емес, балам. Тек ниет болса болғаны», – деген сөзі санасында және бір жаңғырды.
4316 рет
көрсетілді0
пікір