• БАЛДЫРҒАН
  • 30 Қыркүйек, 2025

Белгілі балалар жазушысы Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 70 жаста

Толымбек Әбдірайым аталарың 1955 жылы 12 қыркүйекте Абай облысының Аягөз қаласында туған. Сол қаладағы Дулат Бабатайұлы атындағы орта мектепті бітірген. Алматыдағы  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі.
Толымбек аталарың – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. 
Балаларға арналған шығармалары мектеп оқулық-хрестоматияларына енген. 2015 жылы «Балауса» балалар әдеби туындылары бәйгесінің бірінші орын иегері атанды. 
Балаларға арналған бірнеше прозалық жинақтың авторы. Ол кісінің «Алабұға аулаған күн» жинағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында үздік деп танылған 30 кітаптың тізіміне енген.
«Толымбек әсілі аз жазса да, саз жазады. Ешуақытта асықпайды. Балаларға арналған әңгімелері оймақтай. Оюлы, сырлы, мағыналы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынсариннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты. Ал Алтынсариннің бір әңгімесі бір романның жүгін көтеріп тұрса, Толымбек те осы ұлы дәстүрді ары қарай жалғастырған...» деп жазады көрнекті ғалым-жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.
Біз бүгін журналымыздың редакция алқасының мүшесі әрі белсенді авторымыз Толымбек аталарыңды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, жаңа ертегісін назарларыңа ұсынамыз.

 

Құмырсқалар неге ашуланды?

 

(Ертегі-әңгіме)

 

Бақша суғарып жүрген Сұлтан құмырсқаларды көрді. Бос жүрген ешкімі жоқ, бәрі асығыс. Бірі – қиқым, енді бірі өзінен үлкен дән көтеріп, заулап барады. «Не деген еңбекқорлық! Күн болса шыжып тұр. Жанталасып, не істеп жүр бұлар?» деп таңғалды. 
Кенет бір құмырсқа тоқтап, сөйлеп қоя берді:
– Сен Сұлтансың ғой, ә?
Қалқанқұлақ баланың көзі атыздай болды. 
– Иә. Сен оны қайдан білесің?
– Білмегенде! Күнде әке-шешең «Сұлтан, Сұлтан!» деп шақырып жатады.
– Оның рас...
– Осы үйдің кішкентай қожайыны сенсің бе? 
– Иә.
– Жер үйлердің арасынан сендердің ауланы таңдадық. Бізге керегі – құнарлы топырақ және тыныштық. Тентек балалар бар, көз қырыңды сала жүр!  
– Алаңдама! Қолымнан келгенше көмектесем. 
– Рақмет! Есесіне, біз зиянкес, жебір жәндіктерден бау-бақшаларыңды қорғаймыз! 
– Сен кімсің?   
– Жұмысшы құмырсқамын. Қарауыл десең де болады. «Илеу» деп аталатын үлкен әулеттің қауіпсіздігіне жауап беремін. Байқасаң, менің басым өте үлкен. Сырттан келген қаскөйлерді ішке кіргізбеймін, басыммен есікті жаба қоям. Оған көнбей, бүлік шығарса, шайқасқа шығамын.
– Илеуде қанша құмырсқа тұрасыңдар?  
– Дүниедегі ең көп жәндік – құмырсқа! Егер жер бетінде 40 сәби туса, дәл сол уақытта 700 миллион құмырсқа дүниеге келеді.
– О, ғажап! Сонда илеуде қаншасыңдар?
– Миллионнан  астам. 
– Миллионнан астам?
– Иә, миллионнан астам! Соған қарамастан, біз өзара татумыз! Ұрыс-керіс, өкпе-реніш деген атымен жоқ! Бұл қатаң тәртіптің арқасында жүзеге асады.  
– Адамдар да сендер секілді болса ғой! Байқаймын, бір минут тыным таппай, зыр жүгіресіңдер... Не істейсіңдер? 
– Илеуде тігінші, фермер, бақташы және жұмысшы құмырсқалар бар. Әркім өз қызметіне жауапты. Тапсырманы бұлжытпай, ыждаһатпен орындайды. Бізде азық-түлік сақтайтын қойма, дәл ортада жиналыс өткізетін кең бөлме бар. Нағыз ханшайымдар жайлы айтсам... олардың тұрқы ірі әрі сымбатты. Міндеттері – дүниеге келген нәрестелерге, іні-қарындастарға қарап, аман-есен өсуіне қамқорлық жасау. Құмырсқалардың тағы бір тобы – әскерлер. Олар әулетімізді қорғайды әрі илеу болуға ылайық, қолайлы жаңа қоныс іздейді.
– Бір-біріңді қалай танисыңдар? 
– Мұрт-антенна арқылы иіскеп білеміз... Жақсы онда, мен кеттім.
– Сау бол!   
Қарауыл құмырсқа жалт бұрылды да, илеуге еніп кетті. 
Сұлтан ойға шомды. Не деген үйлесім! Не деген татулық! Атасының сөзімен айтқанда, бәрі де Алланың қалауы.
Қатты шыққан дауыс қара баланы селк еткізді.
– Әй, Қожанасыр, кіммен сөйлесіп тұрсың?  
«Осының-ақ жүрмейтін жері жоқ екен» деп кейіді Сұлтан. 
– Неге үнсіз қалдың, қиялшылым? – деп мысқылдады таяп келген Сүйіндік. 
– Құмырсқалардың тірлігін бақылап тұрмын...  
– Не дейді? Суқаным сүймейді соларды! Көрсем, мыжып тастағым келеді. 
– Неге? Обал емес пе? 
– Несі обал оның?  Керек болса, міне... – деп Сүйіндік құмырсқа илеуін бір тепті. 
– Жындысың ба? – деді Сұлтан Сүйіндікті ұстай алып. 
– Тоқтат!  
Сөз ұғатын Сүйіндік пе? Сұлтанды тыңдамай, илеудің әптер-тәптерін шығарды. Сол-ақ екен, ашуға мінген құмырсқалар аттандап, майдан ашты. Қаскөй баланың балағынан еніп, балтырынан өрлеп, арқасына шығып, аямай талады. 
Арқа-басын сабалаған Сүйіндік бажылдап қоя берді. Батырға да жан керек екен, ұзамай бүкшеңдеп тұра қашты. Осы оқиғадан кейін ол құмырсқа илеуіне мүлде жоламайтын болды.
 

4349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы