- БАЛДЫРҒАН
- 26 Қыркүйек, 2025
Сиқырлы дәптер
(Ертегі)
Жазғы каникул аяқталды. Әйгерім мен анасы оқу құралдарын алуға шықты. Дүкенде Әйгерімнің көзі бірден сөреде тұрған әдемі күнделікке түсті.
– Анашым, мына күнделік сондай әдемі екен, алайықшы? – деді өтініп.
– Ұнатсаң, ала ғой, – деді анасы күлімсіреп.
Әйгерім күнделіктің парақтарын ақтарды. Ол мұның шынымен-ақ ерекше екенін әлі білмейтін.
Көркем еңбек сабағы басталды. Мұғалім оқушыларға:
– Біз бүгін табиғатты бейнелейміз. Кез келген мезгілді таңдап, оған өз қиялдарыңды қосыңдар! – деді.
Әйгерім жаңа күнделігін ашты. «Қандай мезгілді салсам екен?» деп біраз ойланды. Ақыры қысты бейнелеуге кірісті. Аппақ қар жауып тұрған орманды салды. Ағаштар ақ ұлпаға оранған, аспаннан қар ұшқындары құлап жатыр.
Суретін салып біткен соң, сүйсіне қарап аз отырды. Бір кезде көзі терезеге түсіп кетті де, орнынан атып тұрды.
– Бұл мүмкін емес! – деді сыбырлап.
Сыртта қар жауып тұр. 1 қыркүйекте! Күздің орнына қыстың келіп қалғаны қалай? Іле басқа оқушылар да шулап, терезеге қарай жүгірді.
– Қар жауып тұр!
– Бұл қалай болғаны?!
Әйгерім қайта күнделігіне қарады. Кенет жүрегі тарсылдап кетті. Жай ғана сурет салған болатын... енді сыртта сол көрініс қайталанып тұр. «Сонда бұл күнделік... сиқырлы болды ғой?» деді ішінен. Сөйтті де, күнделігін жаба қойды. Өзіне-өзі сенбей, терезеге тағы қарады. Қар баяу жауып тұр. Сыныптастары мәз. Бір-біріне таңданыстарын айтып қояды.
– Жоқ. Бұл жәй ғана сәйкестік болуы мүмкін, – деп күбірледі Әйгерім. Бірақ жүрегі тыныштала алмады. «Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде күнделіктің бір құпиясы бар ма?».
Әйгерім сабағын жалғастыра берді. Сәлден соң бір жаңа ой келді. «Егер бұл күнделік сиқырлы болса, басқа да ғажайыптар жасай алуы мүмкін... Егер ұнатқан затымды сурет қып салсам, ол шындыққа айналады».
Осы қызығушылық жеңіп, тағы бір сурет салды. Кішкентай, түрлі-түсті көбелектерді бейнеледі. Олар көктем гүлдерінің арасында ұшып жүр... Әйгерім суретін салып болып, күнделігіне қарап біраз отырды.
Бір кезде сынып ішін ерекше бір сәуле шарпып өтті. Барлығы елең етіп, төбеге қарады. Терезе маңынан бірнеше көбелек ұшып кірді!
– Қараңдар! Көбелек! – деп шулап қоя берді балалар.
– Бұлар қайдан келген? Қазір күз ғой! – деп таңғалды мұғалім.
Әйгерім үндемеді. Бірақ көбелектерге таңдана қарады. Бірі – өзі салған алтын түсті көбелек. Ол иығына келіп қонып, бір сәт отырды да, ұшып кетті.
«Бұл менің күнделігімнің сиқыры» деді Әйгерім ішінен.
Сол күннен бастап ол дәптерін ерекше сезіммен ашатын болды. Салар суретін де мұқият ойланды.
Күндердің бір күнінде Әйгерім қатты қапаланды. Анар есімді құрбысы салған суретін мазақтап, көңіл-күйін түсірген болатын. Ашуға булыққан ол күнделігін ашып, қолына қарындашын алды. Сурет сыза бастады. Ақ параққа жаңбырлы күнді, үсті-басы су, қолшатырын жел ұшырып кеткен бір қызды салды. Біткен соң жауып қойды.
Арада бір сәт өтті. Кенет аспанды бұлт торлап, жаңбыр тамшылай бастады. Дәл өзі бейнелеген көрініс! Анар далада, жаңбыр астында жалғыз тұр... Салған суретінің шындыққа айналатынына көзі жеткен Әйгерімнің көңілі жай тапты.
Келесі күні ол күнделігін ашып, парақтарын санады. Беттері азайып қалыпты.
– Соңғы бетті ерекше етіп аяқтау керек! – деді ол өз-өзіне.
Түрлі-түсті қарындаштарын алып, қиялына ерік берді. Бұл жолғысы мезгіл де, табиғат та емес, түгелдей балалар арманына толы болды: әнебір жерде – үлкен балмұздақ! Дәмі тіл үйіретін таңқурай, құлпынай, шоколад. Қасында – кесіліп үлгермеген тәтті торт, сағыз және мармелад аюлар. Ар жағында қуыршақ, ойыншық мәшинелер самсап тұр. Тіпті, ортада тегін дүкен ашылған. Кім не қаласа, соны алуына болады. Балалар мәз болып топырлап жүр.
Әйгерім қуанып кетті. Бәрі сондай тәтті, сондай көңілді! Бір сәт бәрін ұмытып, мәз болып отырды. Кенет жүрегінде бір нәрсе қозғалып кетті. «Бұл соңғы парақ қой…» деп ойлады ол. Қаламын қоя салып, көзін жұмды. Есіне Анар түсті. Екеуінің ренжіскен сәті, одан бұрынғы екеуінің бірге күлгені, мектеп ауласында секіртпемен ойнағаны, құпия дәптер жазып, бөліскені түсті.
– Біз жақын дос едік қой… – деп сыбырлады Әйгерім. – Әшейін бір бет қағаз үшін ренжісіп қалдық.
Іле терең тыныс алды да, тәтті толы суреттің бетін бүктеп, күнделіктің соңғы парағын ашты. Қарындашын алып, ақырын сыза бастады.
Бұл жолғы сурет қарапайым еді. Бірақ жүректен шықты. Онда Әйгерім мен Анар күліп, құшақтасып, шеңбер аясында билеп жүрді. Айналасында күн күлімдеп, гүлдер жайнап тұр. Бұл шын достықтың көрінісі еді.
– Соңғы бетті өзіміздің ойнап-күліп, бірге жүрген сәтімізге арнаймын!
Сол сәт ол Анармен дос болып, жайлары жарасып ойнап кетті. Осы сырлы күнделікпен өткен күндерден кейін Әйгерім бір нәрсені түсінді: шын сиқыр – суретте емес, жүректе екен. Қол не салса да, оның артында шынайы ниет пен жүректегі ой тұратынын білді. Ол тағы достық, мейірім мен кешірімнің тәттілер мен ойыншықтардан әлдеқайда маңызды екенін ұқты. Содан былай Әйгерім «жақсы ойла», «жақсы сурет сал», «жақсы іс жаса» деген үш ережені есінде берік сақтап жүрді.
Інжу КҮБЕЙОВА,
Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің
6-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы
4525 рет
көрсетілді0
пікір