- БАЛДЫРҒАН
- 01 Тамыз, 2025
Марғау
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ
(Әңгіме)
Жаз айы болатын. Кешке қарай мысықтың кішкентай баласын көтерген Медғат үйге сөйлей кірді:
– Анашым! Маған ұрсасыз ба, ұрыспайсыз ба?
– Не боп қалды, ботам? Түсіндірші.
– Көзін енді ашқан әлсіз марғауды таспен атқылаған ұлдармен төбелестім... Мысықтың баласы жылап, мияулады. Мен оған араша түсіп, алып кеттім.
Анасы аң-таң. Медғат мысық баласын құшақтап алыпты. Көзінде жас.
– Қорғансызға жаны ашыған жылы жүрегіңнен айналдым сенің! Асыраймын десең, қарсы емеспін. Бірақ ертең тексертіп алуымыз керек. Ауру болып жүрмесін.
– Жақсы, анашым! Бірақ, ол ауру емес! Қараңызшы, қарны ашып, қатты тоңғаннан дір-дір етеді.
Медғатты әкесі де қолдады. Мектепте биология пәнінен сабақ беретін ол мысық туралы біраз дерек айтты.
– Білесің бе, Медғат? Мысық жер сілкінісін адамнан 15-20 минут бұрын сезеді екен. Алғашқы мысықтар 40 миллион жыл бұрын орман арасында өмір сүрген. Оларды үй жануары ретінде ежелгі Мысыр халқы ұстаған. Ғарышқа ұшқан алғашқы мысық жерге тірі оралған. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа да мысықты аса құрметтеген. Шапанының етегінде жатқан мысықты оятып алмас үшін сол жерін кесіп тастап, орнынан тұрған екен, – деп қайырды әңгімесін.
Медғаттың анасы ертеңінде кішкентай мысықты ветеринар дәрігерге апарып көрсетті. Вакцина салдырды.
Мысық үйдегілерге тез бауыр басып кетті. Әсіресе Медғатқа тым үйір. Жеті жастағы ұлдың қолы боста айналдыратыны – сол. Марғау деп атын өзі қойды. Ыдыстағы тамағын ішіп алған соң, бет-аузын «жуып», ұзақ тазаланады. Өте кірпияз. Содан соң диванның бұрышына барып, пырылдап ұйықтайды.
Медғаттың анасы үнемі тамақ берген соң ба, таңертең жатын бөлменің алдына барып тұрады. Құйрығын бұлаңдатып, аяғына оралады.
– Қарның ашқан екен ғой сенің! Қазір тамақ берем!
Марғау айтқан сөзді түсінгендей алдыға түсіп, жүгіре жөнеледі.
Бір күні кішкентай мысық көрінбей қалды. Үйдегілердің қарамаған жері жоқ. Медғат қатты уайымдады. Көрші балалардан сұрады. Маңайды тегіс сүзіп шықты. Сөйтсе, кіре беріс бөлменің есік артында, жууға тастаған кір киімдердің арасына кіріп, ұйқы соғып жатыпты.
– Марғау, бұның не? Мен сені көп іздедім ғой. Енді бұлай көзден таса жерге ұйықтама! Үйден саған орын жетеді ғой! – деді Медғат ұрсып.
Баланың айтқанын түсінді ме, көзін ашып, Марғау бағжия қарады.
Қыс өтіп, көктем келді. Бала мысық үлкейді.
– Маңайда тышқан пайда болған ба? Кіре берістен тықырлаған дыбыс естідім ғой. Марғауыңа айт! Зиянкестермен дұрыстан күрессін! – деді бір күні әкесі.
Марғау шұғыл іске кірісті. Аңдып отырып, көзіне шалына сала тұра қуды. Бір аптаның ішінде тышқан атаулының көзін құртты. Оған алдымен Медғат қуанды. Мысығын одан әрі жақсы көріп кетті.
Бір күні ол тағы жоғалды. Иесінің қарамаған жері қалмады. Күнде мектептен келе сала сұрайтыны – мысық.
– Сүйкімді неме еді! Біреу ұрлап кеткен болмасын! – деді отағасы.
– Үлкейді ғой, енді өз бетінше өмір сүрсін, – деді отанасы.
Медғат мысығынан күдер үзбей, әлі күтіп жүр. Ойлай бергеннен шығар, жуықта түсінде көрді. Мияулап, еркелеп, жүгіріп келе жатыпты дейді.
4077 рет
көрсетілді0
пікір